Ел шөгеншілері Германияға жарысқа барады

Ел шөгеншілері Германияға жарысқа барады

Ел шөгеншілері Германияға жарысқа барады
ашық дереккөзі
253
 Қазақстан құрамасының шөгеншілері мамыр айының 25-28 аралығында Германияның Мюнхен қаласында аренадағы шөген (поло) спортынан өтетін «Munich Gold Cup 2017» халықаралық турнирінде бақ сынамақ. Әлемнің түкпірінен келген ең азулы шөген шеберлері бас қосатын бәсекеде «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» сынды маңдайалды командаларымыз еліміздің намысын қорғайтын болады. Құрылғанына небәрі 3-4 жылдың айналасы болса да, Қазақстан шөген федерациясы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Оған дәлел, «Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирден I орынмен оралды. Сондай-ақ, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» халықаралық турнирлерінде біздің командалар шетелдік шөгеншілерден оқ бойы озып, алғашқы орынды еншіледі. Биыл ғана елімізде жалауын көтерген «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додасында бас жүлде өз қанжығамызда қалды. Шөген ойыны әлем бойынша ерекше танымалдылыққа ие екендігін ескерсек, қазақстандық спортшаларымыз да ел абыройын арттырып жүргені анық.  «Поло спортының тарихы біздің болмысымызбен астасып жатыр. Сондықтан, бұл тек бай-бағландар ойнайтын бізге таңсық спорт деп қарамағанымыз абзал. Поло – ата-бабамыздан мұра болып қалған, көне замандарда шөген (шоған, човган) деген атпен танымал болған ат ойыны. Бабаларымыздың шөген ойынын ойнағандығы туралы деректер Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты түркі жазба ескерткіштерінде айтылған. Бұл туралы өз еңбектерінде осы ескерткіштерді түркі тілінен заманауи қазақ тіліне транскрипциялаған этногроф-ғалым Асқар Егеубаев жазып кеткен. Айта берсек бұл ойын түрінің бізге жат емес екендігін дәлелдейтін тарихи деректер жетіп артылады. 2014 жылдың желтоқсан айында Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Бас Ассамблеяда Қазақстан шөген федерациясы Халықаралық поло федерациясының толыққанды мүшесі мәртебесіне ие болды. Қазіргі уақытта Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өңірлік федерациялар ашылып, шөген клубтары жұмыс істеуде. Бұл ойын біздің қоғам үшін әлеуметтік лифт ретінде болатынына көзіміз жетіп отыр. Командалардың құрамында ауылдан шыққан қазақтың қарапайым қара балалары ойнап жүр. Олар әлемдік өркениетке осы арқылы қосылып, танысады. Кешегі ержүрек ерлердің ұлы көшін жалғап, аттан түспеген қайсар елдің ұландары екенін әлемге әйгілейді. Алдымызда тұрған үлкен жарыстан табысты ораламыз деген ойдамыз», – дейді Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек.  Аталған жарысқа еліміздің намысын қорғайтын спортшыларды «Astana Polo Club» ЖМ атқарушы директоры Айдын Жәкежанов пен «Almaty Polo Club» клубының директоры Валерий Цаликов бастап бармақ.

Серіктес жаңалықтары