302
Қазақстан елшісі Рим папасына сенім грамотасын табыстады
Қазақстан елшісі Рим папасына сенім грамотасын табыстады
Қазақстанның Швейцариядағы елшісі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женева қаласындағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Ватиканда Рим папасы Францискке сенім грамотасын табыстады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Әңгіме барысында Ж.Айтжанова Қазақстан және Ватикан мемлекеттері әлемдегі даму және тұрақтылық бойынша ортақ күш біріктіріп келе жатқандығын атап өтіп, Қазақстанның ішкі саяси бастамалары жайлы баяндады. Өз кезегінде Рим Папасы Франциск адамзат өміріндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Ол бүгінгі күнгі экономикалық және қаржылық жүйе қазіргі заманғы қоғамның қауіпсіздігіне толық жауап бермейтіндігін айтты. Қақтығыстардың орын алуына дінді дұрыс түсіндірмеу және теріс пайдалану, сондай-ақ жеке мақсаттарын жүзеге асыру жолында Алланың атын пайдалану сынды факторлардың ықпал ететіндігін тілге тиек етті.
Понтификтің пікірінше, жоғарыда аталған қауіп-қатерлерге әлеуметтік жауапкершілігі бар экономикалық және әлемдік қаржылық жүйелер, сонымен қатар, диалог пен дипломатия, бейбітшілік және тұрақтылық – негізгі тойтарыс беру құралдары. Осыған орай, Қазақстан елшісі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы Астана қаласында өткізілетін «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлемді қолдайды» тақырыбындағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуі жайлы бастамасын атап өтті. Кездесу соңында понтифик Президент Н.Ә.Назарбаев пен Қазақстан халқына жылы лебіздерін білдіріп, дипломаттың қызметіне сәттілік тіледі.