Нәзия Жоямергенқызының Түркі Кеңесінде сөйлеген сөзі

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Қазақстандағы Әйел журналистер клубының жетекшісі Нәзия Жоямергенқызының Стамбұл қаласындағы IV Дүниежүзілік Түркі Кеңесінде сөйлеген сөзі

Нәзия Жоямергенқызының Түркі Кеңесінде сөйлеген сөзі
ашық дереккөзі

 

Құрметті Форум қонақтары!

Ең алдымен бүгін дәл осы жерде сіздермен бірге түркі әлемінің аса маңызды мәселелерін талқылау мен үшін үлкен мәртебе екенін айтқым келеді. Дүниежүзілік Түркі Форумда қабылданған құжаттар түбі мен тарихы, діні мен ділі, дәстүрі мен рухани құндылықтары ортақ түркітілдес халықтардың ынтымақтастығын арттыра түсетініне сенімдімін. Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы мен серіктестігін нығайту мақсатында түрлі ұйымдар құрылды. Оған «Түркі әлемінің ақсақалы» атанған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Мәселен, Түркі кеңесі, Түркі ақсақалдар кеңесі, Түркі елдерінің парламенттік ассамблеясы, ТҮРКСОЙ, Түркі Академиясы. Соңғы жылдары әсіресе, ТҮРКСОЙ түркіге ортақ мәдениет пен рухани құндылықтарды халықаралық деңгейде насихаттайтын шараларды жиі өткізіп жүр. Бұл да түбі бір түркінің бірігуіне игі әсер етері сөзсіз.

Былтыр Бодрумда өткен Түркі кеңесінің IV саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев түркіге ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастырып, әлемдік деңгейдегі телеарна ашуға ұсыныс айтты. Кез келген мемлекеттің территориялық тұтастығы, ұлттық идеологиясы, саяси және экономикалық тұрақтылығы ақпараттық қауіпсіздікке тікелей қатысты. Жуырда Түркі кеңесі Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан мен Қырғызстанға ортақ телеарнаның тұжырымдамасын жасауға кірісті. Лайым, еңбегі жемісті болғай!

Түркі журналистерінің бірлігін нығайту, жедел ақпарат алмасу, ынтымақтастығын күшейту мақсатында біз Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қорын құрдық. Қазір түркі мемлекеттері мен диаспораларының журналистерімен тығыз байланыс орнатуға кірістік. Бүгінгі «Қоғамдық дипломатия, Медиа, Ақпарат; Түркі әлемі үшін жаңа мүмкіндіктер» («Kamu Diplomasisi, Medya, Enformasyon; Turk Dunyasi icin Yeni Perspektifler») тақырыбындағы отырыста түркі мемлекеттері мен диаспоралары арасындағы қарым-қатынасты, ынтымақтастық пен серіктестікті нығайтуда мадианың ықпалы қандай деген мәселеге тоқталсақ. Түркі журналистері ең алдымен жедел ақпарат алмасуды қолға алуы тиіс. Яғни, көршілес түркі елдерінде болып жатқан маңызды оқиғаларды сол елдің ақпарат көздерінен алу керек. Мәселен, екі жыл бұрынғы Таксим оқиғасына қатысты деректерді қазақ журналистерінің көпшілігі Ресей, АҚШ пен Еуропадағы ақпарат көздерінен алды. Неге? Өйкенті түрікше білмейді, Түркиядағы журналистермен байланыс орнатпаған. Сондай-ақ бір кездері КСРО құрамында болған Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан медиасы арасында тығыз байланыс жоқ. Тіпті, өз елінде ең танымал деген журналистерді танымайды да. Осының салдарынан, ұлттық идеология, территориялық тұтастық, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық негізі саналатын ақпараттық қауіпсіздікке өзгелер иелік етеді. Түркі елдерінің медиасы осы олқылықтардың орнын толтыру үшін бірге жұмыс жасауы тиіс. Мәселен, экономикалық байланыстарды нығайту үшін түркі елдерінің арасындағы сауда айналымы арттыруға үлес қосу. Бүгінде 3 миллиард долларға тең Қазақстан мен Түркия арасындаңы сауда айналымын жуық арада 15 миллиард долларға жеткізу көзделуде. Оған медианың да ықпалы зор. Түркі елдерінде өндірілетін тауарларды сатып алуға үндеу, түркі инвесторларын түркі елдеріне қаржы құюға шақыру, кәсіпкерлердің ортақ кәсіпорындар құруы, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты артта қалған салаларды дамытуда шаруалардың тәжірибе алмасуы т.б. медиада жиі жариялануы керек. Сонымен қатар медиа түркі елдері арасыдандағы туризм саласының дамуына үлес қосқаны дұрыс. Мәселен, Түркияда туризм өте жақсы дамыған. Түрки экономикасы туризмнен мол пайда тауып отыр. Керісінше, Орталық Азиядағы мемлекеттер сыртқы туризмді дамытуға қауқарсыз. Мемлекет тарапынан көп шаралар атқарылып жатса да, нәтижесі аз. Исі түркінің Атажұрты саналатын Қазақстанда шекара сыртыан келетін туристер үшін қызықтайтын жер көп: киелі Түркістан қаласы, Ахмет Йассауи кесенесі, Арыстан Баб кесенесі, Қызылордадағы Қорқыт ата кесенесі, Көкшетаудағы Бурабай, Алматы облысындағы Тамғалы тас, Көлсай... Айта берсеңіз, өте көп. Дәл осындай киелі де керемет жерлер басқа түркі елдері мен диаспоралары тұратын жерлерде көп екені анық. Сондай мекендерге түркі халықтарын тарту үшін түркі журналистері насихат жұмыстарын жүргізіп, түркі туризмін насихаттайтын саяхат пен танымдық ортақ бағдарламалар жасауы керек. Соңғы кездері кішкентай балаларға арналған мультфильмдерді Қазақстандағы арналар Америка, Қытай, Еуропа дайындайтындықтан, түркі елдерінің менталитетіне, салт-дәстүріне, тіпті, балаларды ұғымына қайшы келетін үрдістер насихатталып жүр. Мәселен, демократия мен сөз бостандығын сылтауратып, әке-шешеге қарсы шығу, үлкенді сыйламау, кішілерге қамқор болмау сияқты нәрселер көрсетіледі. Бұл бала санасын улайтыны анық. Сондықтан түркі медиасы балаларға арналған бағдарламалар, мультфильмдер мен көркем фильмдерді бірігіп түсіруі керек. Бұлардың бәрі түбі бір түркінің рухани құндылықтарын келешек ұрпаққа жеткізуге сеп болады. Тыңдағандарыңызға рахмет! Форум жұмысына сәттілік тілеймін!