Марат Омаров: Ән ұрлау – қазақ өнеріне төнген қатер

Марат Омаров: Ән ұрлау – қазақ өнеріне төнген қатер

Марат Омаров:  Ән ұрлау – қазақ өнеріне төнген қатер
ашық дереккөзі
1749
  Жүз әнге бергісіз ән болады. Талай буынның жүрегіне жол тауып, тыңдармандарымен бірге жасап келе жатқан сондай туындылардың бірі – Марат Омаровтың «Анашым» әні. «Шет жүрсем сағынарым...» деп басталатын бұл әнді білмейтін қазақ кемде-кем болар. Халқының қалауын дөп баса білген композитордың «Әке арманы», «Алғашқы махаббат», «Арман қала – Астана», «Сыңарым» секілді әндері де әлі күнге дейін ел аузынан түспей, өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Қазаққа осындай ғажап туындыларды сыйлаған белгілі әнші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «FІDOF» Халықаралық композиторлар ассоциациясының мүшесі Марат Омаров жуырда шығармашылығының 30 жылдығын атап өтті. Алматыда мерейтойлық кешін дүркіретіп өткізіп, тыңдармандарына есеп беріп болғаннан кейін өнер иесімен емін-еркін әңгімелесудің сәті түсті. – Марат Әбдіұлы, сахнада жүргеніңізге, еліңізге әсем әндеріңізді тарту етіп келе жатқаныңызға 30 жылдың жүзі болыпты. Республика сарайында өткен мерейтойлық кешіңіз жұрт көңілінен шыққан сияқты. Барғандар жоғары бағасын беріп жатыр. Концертке өз көңіліңіз толды ма? – Алматыда шығармашылық кешімді өткізбегеніме біраз жыл болған еді. Мен тыңдарманымды, тыңдарман менің әндерімді қатты сағыныпты. Концерт төрт сағатқа созылды. Еліміздің басқа қалаларынан, елордамыз – Астанадан арнайы келген көрермендер көп болды. Барлығы да алғыстарын айтып, кешке жоғары бағасын беріп кетті. «Астанада қашан концерт бересіз?» деп қоңырау шалып жатқандар да бар. Тыңдаушың іздеп тұрса, өнер адамы үшін одан биік мәртебе бар ма? Төрт сағат болсын, мейлі бес сағат болсын, бір концертке бүкіл әндерімді сыйдыру мүмкін емес. Шырқалмай қалған әндер, бағдарламаға енбей қалған әншілер үшін алдағы уақытта тағы бір бөлек концерт ұйымдастыруға болады. Ал бұл жолы халықтың сұранысы бойынша негізінен 90-жылдары «хит» болған әндерім орындалды. 30 жылдық кештің басқа концерттерімнен ерекшелігі көп-ақ. Соның бірі – жас әншілерге Түркиядағы өнер фестивальдарына қатысуға әрі демалып қайтуға мүмкіндік беретін сертификаттар бердік. Өзім 2,5 жыл Түркияда, Анталья қаласында тұрып келгендіктен, ондағы әріптестермен тығыз байланыс орнаттым. Онда баруыма себепкер болған – 11 жасар қызым Бибімәриям. Ол 6 жасында Голливудта өткен ән байқауында Қазақстанның туын желбіретіп, бас жүлдені жеңіп алған болатын. Шетелдік мамандар Бибімәриямның өнеріне тәнті болып, Гарвард колледжінің грантын ұсынды. Ол жақта негізінен еуропалық жастар көп болғандықтан, ұйымдастырушылар Азия елдерінің өнерпаздарын қабылдағысы келіпті. «Қызыңызды осында қалдырыңыз. Білім алады, халықаралық сахналарда ән айтады, киноға түседі», – деп олар мені әбден үгіттеді. Ұсыныстарынан бас тарттым. Кезінде өзімді де Түркияға, Египетке келісімшартпен жұмыс істеуге шақырғанда келісім бермеген едім. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді ғой қазақ. Қандай қызметте жүрсем де, өз Отаныма қызмет еткім келді. Балаларымды да осындай ұстаныммен тәрбиелеп келемін. Бибімәриям қызымды АҚШ-та қалдырған жоқпын, есесіне сол жылы Антальяда Гарвард колледжінің филиалы ашылғанын естіп, сонда оқытқанды құп көрдім. Қызымды жалғыз жібергіміз келмей, отбасымызбен бірге барып, үш жылдай тұрып келдік. Антальяға қоныстанғанымды естіп, сондағы елшілікте қызмет ететін Бауыржан Әбдірахманов деген бауырымыз бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасады. «Марат аға, сізді ел таниды. Осында шашырап жүрген қазақтардың басын қосып, ынтымақтастық қоғамын ашсаңыз», – деп қолқа салды. Ұсынысын қабыл алып, достық қоғамын құрдық. Екі жылдай жұмыс істеп, Түркиядағы қандастарды біріктіретін мәдени орталықтың ісін дөңгелеттік. Сондағы мерекелер, маңызды жиындардың бәріне қатысып, Қазақстанды дәріптеу бағытында түрлі шаралар ұйымдастырдық. Жұмасына екі рет жергілікті арнаның эфиріне шығып тұратынбыз. Қазір сондағы іні-қарындастарым жұмысымызды жалғастыруда. – Сіз шалғайда жүргенде әндеріңізді Алматы жұртшылығы ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі тыңдармандарыңыз сағынып қалғаны анық. Мерейтойлық кеш Қазақстанның басқа аймақтарында жалғасын таба ма? – Мерейтойлық концертті Алматыдан бастап жатқаным тегін емес. Алматы – өнер ордасы. Қазақ өнерінің бастауында тұрған қасиетті шаңырақтың бәрі осында. Оның үстінде, өзімнің ел жүрегінен орын алған танымал әндерімнің көпшілігі осы қалада дүниеге келді. Әсіресе, Мейрамбек Беспаев орындаған «Алғашқы махаббат» атты әнім осы шаһармен біте қайнасып жатыр. Кешегі кеште Мейрамбек сол әнді тамылжыта шырқап, елдің жадындағы өткен күндердің әдемі естеліктерін қайта жаңғыртты. Бүкіл зал қосылып шырқап, әлі күнге дейін ұмытпағандарын көрсетті. Концертте елге бергеніміз ғана емес, алғанымыз да көп болды. Халықтың қабылдауын, әнге деген сағынышын көріп, әсерлендім. Шығармашылық адамы шабытты қайдан алады? Көпшіліктің ықылас-пейілінен, жазған дүниеңе деген қызығушылығынан шабыттанады. Егер әнінің тыңдарманы көп, ғұмыры ұзақ болса – композитор үшін одан асқан бақыт жоқ. Мерейтойлық концертті еліміздің басқа қалаларында да өткізу жоспарда бар. Бірақ енді негізгі уақытымды басқа маңызды жұмыстарға арнамақшымын. Алматыға келгендегі негізгі мақсатым – Елбасы тапсырмасы бойынша Қытай мен Еуропаның ортасында алтын көпір болатын «Жібек жолы» атты ауқымды жобаның мәдени бағдарламасын ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болу. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Бізге шетелдік қонақтардың алдында өнер көрсететін жас жеткіншектерді іріктеу міндеті жүктелген. Еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды балаларды жинап, халықаралық көрме және Астана күні қарсаңында өтетін концерттік бағдармалаларға дайындаймыз. Сол шараларды атқарып болған соң қыркүйек-қазан айларында әуелі Астана қаласында, одан кейін Қазақстанның басқа да қалаларында шығармашылық кешімді өткізсем деймін. – Осыдан бірнеше жыл бұрын «Талант» өнер орталығын ашып, жас таланттардың өнерін өрістету ісін бастадыңыз. Алғашқы қарлығаштарыңыз Қазақстанның ғана емес, халықаралық сахналарды да бағындырғанын білеміз. Орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? – Өнерлі жастарды көрсем, бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткім келіп тұрады. «Талант» өнер орталығын ашудағы мақсатым да сол еді – өнерлі өрендердің дарынын жан-жақты ұштау. Орталыққа келген жастардың әуелі өнердің қай саласына икемі көбірек екенін зерттейміз. Суретші болам деп келген жастардың арасында қылқаламнан гөрі микрофон ұстауға қабілеті барлар кездеседі. Вокалдан сабақ алуға келген балалардың кейбірінен әнші емес, мықты актер шығуы мүмкін. Солардың қарым-қабілетін әбден бақылап, дұрыс жолға бағыттауға тырысамыз. «Талант» өнер орталығының ашылуына қазақ вальсінің королі, даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың тікелей ықпалы бар. 2-сыныпта оқып жүргенімде біздің ауылға (Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы – ред.) Шәмші ағамыз келген болатын. Сол кезде композитордың алдында «Ана туралы жыр» атты әнін орындап, батасын алған едім. Қаршадай ғана бала болсам да, сол жолы Шәмші ағамыздың: «Ауылдан шыққан қазақтың қара домалақ талантты балалары көбейіп жатыр. Соларды оқытатын мектеп ашсам арманым жоқ» дегені есімде қалып қойыпты. Сол кісінің көрсеткен жолы ма, батасының арқасы ма, кім білген, Елбасының шақыртуымен Астанаға барғаннан кейін, елорданың қақ төрінде бес қабатты үлкен орталық аштым. Қаншама жылдан бері өнерлі өрендерді ән, күй, домбыра, фортепиано, ұлттық аспаптар, қобыз, скрипка, актер шеберлігі және бидің әр түрлі жанрлары бойынша дайындап келеміз. Рүстем Жүгінісов, Еркеш Хасен бастаған алғашқы түлектеріміз халықаралық сахналарда еліміздің намысын абыроймен қорғап келсе, олардан кейінгі шәкірттеріміз де болашағынан үлкен үміт күттіретін, кез келген әлемдік жобаға ұялмай қосатын жүйріктер. Өткен жылы Америкаға барып, Хьюстон, Техас, Нью-Йорк, Майами қалаларында Наурыз мерекесіне орай турне жасап қайтқан болатынбыз. Сол кезде HTC колледжімен әріптестік қарым-қатынас орнатып, меморандумға қол қойдық. Келешекте талантты жастардан кәсіби маман дайындап шығаратын колледж ашсам деген ойым бар. Кәсіби білім алып шықса, ертең олар тек Қазақстан көлемінде емес, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. «Жақсыны – көрмекке» демекші, олар шетелдің озық тәжірибелерін үйреніп келіп, біздің қолданысқа енгізсе, өнеріміздің деңгейі жоғарылай түсер еді. – Халықаралық деңгей дегеннен кейін еске түсіп отыр, жуырда еліміздің талантты әншісі Димаш Құдайберген Қытайда өткен байқауда Қазақстанның атын аспандатып келді. Сол конкурстан кейін қазақ эстарадасы Димашқа дейінгі және Димаштан кейінгі деп көзге көрінбес екі жікке бөлінгендей. Әншілерге қойылар талап та, олар ұмтылар биіктік те жоғарылағандай... Өзін мықты әншімін деп санайтын кез келген өнерпаздың ұмтылар биігі – халықаралық байқау. Өзім өнерін жоғары бағалайтын әншілерге халықаралық сахналарға шығуға талпыныңдар деп үнемі айтамын. Көбісі құлықсыз. «Баратын тойым бар еді», «жақында үйленгелі жүр едім, ақша табуым керек» деген сылтауларын алға тартып шыға келеді. Әрине, қазіргі кезде жан бағу оңай шаруа емес. Біреудің несиесі бар, біреу кәрі ата-анасын бағып отыр, енді бірі пәтер жағалап жүр. Бәрін де түсінем. Бірақ майда дүниені айналшықтап жүрген өнерпаз ешуақытта өспейді. Мәселен, Ресейдің «Минута славы» байқауына барарда көп әншіге мүмкіндік бердім. «Қатысыңдар, бақтарыңды сынап көріңдер» дедім. Миллиондаған адамның алдына шығып, өзіне қаншама жыл қызмет ететін пиар жасау мүмкіндігі туып тұрса да, олар жүз доллар беретін тойға шығуды дұрыс көрді. Көрсеткен бағытыммен жүріп, «Первый канал» ұйымдастырған «Минута славы» телевизиялық байқауына қатысқан Еркеш Хасен олардың бәрінен озды. Аты беймәлім қазақ баласының өнері талайды тәнті етті. Бақ сынап көрейік деп барып, үшінші орынға қол жеткіздік. Бұл – үлкен жетістік. Өйткені өнер де саясат болғандықтан, бірінші орын алмайтынымызды әу бастан біліп бардық. Үздік бестікке ілінсек те жаман емес деп ойладық. Бірақ әуелі жартылай финалға, одан кейін ақтық сайысқа шақырту алғанда ғана өз мүмкіндігімізді дұрыс бағаламағанымызды түсіндік. Сол секілді Қытайдағы байқауда өз талантын дәлелдегенше Димаш та елімізде лайықты бағаланған жоқ. Халықаралық додада жарқ етті де – миллиондардың аузына ілікті. Димаш әлемді мойындатқаннан кейін, қазақ эстарадасында сең қозғалып, шын дарындар іріктеле бастағаны рас. Біздің орталық та Димаш Құдайберген секілді дарынды бес шәкіртті тәрбиелеуде. Бесеуі де дәл сол жанрда ән салады. Өнерлерін әбден шыңдап, болашақта әлемдік байқауларға қатыстырсам, қай-қайсысы да елдің абыройын асқақтатарына күмәнім жоқ. Шәкірттер, ізімді жалғайтын жас өнерпаздар туралы айтқанда өмірдегі үлкен бір өкінішім еске түседі. Рүстем Жүгінісов, Еркеш Хасенді тәрбиелеп жүрген кезімде Алматыда өткен ән байқауларының бірінде жастардың өнеріне төрелік еттім. Сол байқауға Оңтүстік Қазақстан облысынан Қазыбек Құрайышов деген талантты бала қатысты. Дауысы керемет, ұлттық бояуы қанық. Мені ғана емес, қазылар алқасының құрамында болған италиялық маманды да тәнті етті. «Марат, мына баладан кейін даланың итальяндығы шығады ғой», – деп қатты таңданды. Ұлттық нақышта киініп алып, кең дауысымен «Ақ сисаны» әуелеткен өренге бәріміз бір ауыздан бас жүлдені бердік. Әлгі итальяндық маман кетерінде: «Мына баланы бізге жіберіңдер, тәрбиелейік», – деп қолқа салды. Ата-анасына байланысып, рұқсат сұрамақшы болдық. Сөйтсек, ол Шардара ауданының шалғайдағы бір фермасында қоңырқай тұрмыс кешіп отырған отбасының жалғыз баласы екен. Бәрі ресми болсын, ата-анасы бөтен ойдан аулақ болсын деп министрлік арқылы хат жолдап, шақырту жібердік. Италиядан келген әріптесіміз екі апта бойы хабар-ошар күтіп, Қазақстанда қалып қойды. Екі апта өткенде Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасындағы жігіттер хабарласып, баланың ата-анасы әнші болуына қарсы екенін жеткізді. Өз көмекшімді жіберіп те көндіріп көруге тырыстым. Көнбеді. «Қазыбек жалғыз баламыз, мектеп бітіргенше қолғанатымыз болады, мал бағатын адам керек. 11-сыныпты бітірген соң басқа бір кәсіпті игеріп шығады», – деп үзілді-кесілді бас тартыпты. Содан кейін жылдар өтіп, бұл оқиға ұмытылған. Қайсыбір жылы Рүстем Жүгінісовті Астанада өтетін байқауға дайындап жүргенмін. Бір күні Рүстем аптығып келіп: «Марат аға, байқауға Қазыбек те келетін көрінеді» деді. Көрдіңіз бе, олар да бір-бірінің деңгейін біледі. Қазыбек қатысса, өзінің бас жүлде ала алмайтынын біліп тұр. Сол Қазыбекті арада қаншама уақыт өткен соң Астанада жолықтырдым. Концерт өткізіп болып, даярлық бөлмесінде тынығып отырған болатынмын. Сахна сыртына көмекшілерімнің бірі жүгіріп келіп: «Марат аға, сізбен бір жігіт жолықсам дейді», – деді. «Жолыққысы келсе, кірсін», – дедім. «Кіре алмайтын секілді. Көңіл-күйі жоқ. Өзіңіз шыға салсаңыз жақсы болар еді», – деді жалынғандай боп. Шықсам, алдымда баяғы Қазыбек тұр. Өзгеріп кеткен, әуелде танымай қалдым. Еуразия университетінің екінші курс студенті екен. Ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша оқып жүргенін айтты. «Неге адасып жүрсің? Доғар енді, өз ортаңа кел, әніңді айт!» – деп ұрыстым. Сөйтсем, баяғы байқаудан кейін әке-шешесі мүлдем ән айтқызбай қойыпты. «Марат аға, қанша ән айтқым келсе де, ата-анам өнерге жібермеді», – деді көңілі босап. Жүрегі жылап тұрды. Менің де сай-сүйегім сырқырап, концерттен кейінгі шат-шадыман көңіл-күйім бір-ақ сәтте быт-шыт болды. Енді қайта ән салмайтынын түсіндім. Өйткені бүр жарып, жайқалар шағында өнері тұншығып қалды. Ондай тума таланттар кемде-кем. Дер кезінде қолдау көрсете алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Сондай жағдай қайталанбаса екен деп көзіме түскен талантты жастарға көмектесуге тырысам. Дауыстың өзгеріске ұшырайтын өтпелі кезеңдері болады. Сол кезде дұрыс баптау үшін білікті маманның қолына түскені жөн. Қанша жерден дарынды болып тұрса да, дұрыс бағыт-бағдар алмаған жас өнерін өрістете алмайды. – Үлкен қызыңыз Зарина кішкентай күнінен бастап сахнада, қазір кіші қызыңыз Бибімәриямды өнерге баулып жүрсіз. Сахна адамдары әдетте өнердің жолы ауыр деп өз балаларының ата-ана жолын қуғанын құптамай жатады. Сіздің тарапыңыздан қыздарыңыздың таңдауына қарсылық болған жоқ па? Зарина қаршадайынан бері киелі сахнада ән салып келеді. Үнемі өзіммен бірге алып жүріп, өнердің қыр-сырына әбден баулыдым. Алла берген дарынының арқасында талай белестерді бағындырды. Ал кішкентай қызым Бибімәриямның ән айтуын бастапқыда құптай қойған жоқпын. Тілі былдырлап жүргенде болашақта кім болғысы келетінін сұрағанымызда «Доғыдыр болам!» деп саңқ ете қалған. Содан біздің әулеттен де бір дәрігер шығатын болды деп қуанып жүрдік. Бірақ 6 жасқа келгенде ойы өзгерді. Кіл өнерпаздар отбасында дүниеге келгендіктен, оның үстіне үйге келетін қонақтардың бәрі өнер адамдары болғандықтан, Бибімәриямның да өнерге деген аңсары ауса керек. Бір күні «Әке, әнші болғым келеді, байқауларға қатысайыншы», деді. Бала арманының бірі шығар деп қалалық, аудандық ән байқауларына қатыстырып көрейін дедім. Сөйтсем, шынашақтай қыздың көздеген биігі басқа екен. Кабинетімде дүние жүзінің картасы ілініп тұратын. Соған қарап тұрып: «Жоқ, әке, мен Голливудқа барамын!» дегенде аузым ашылып қалды. Ақыры, періштенің айтқаны келді. Өнер орталығының ашылуына АҚШ-тан Марк Дакаскос арнайы келген болатын. Қызымның таспаға жазылған әнін тыңдатып едім, бірден ұнатты. Голливуд сахнасына өнер көрсетуді армандап жүргенін айттым. Сөйтсем, Майамиде жыл сайын «Бақытты балалық шақ» атты халықаралық балалар байқауы өтеді екен. Сол байқауға қатыстырып көр деп ұсыныс жасады. АҚШ-қа оралған соң конкурсқа қатысу шарттары жайлы толық біліп, Бибімәриямның мүмкіндіктері сай келіп жатса, шақырту алуға көмектесетінін айтты. Сөзінде тұрып, бір айдан кейін АҚШ-тағы байқауға шақырту салып жіберді. Мұхит асып барған сапарымыз сәтті болып, Бибімәриям байқаудың бас жүлдесін алды. Білім грантына қол жеткізді. Қызымның арқасында алдымыздан АҚШ-қа, Түркияға даңғыл жол ашылды. Елге оралған соң да Бибімәриям дайындығын босаңсытпай, өнерін жетілдіріп жүр. Жаңа әндер жазылды. Жуырда Бибімәриям екеуміз орындайтын «Әкетай-көкетай» әніне бейнебаян түсірілді. Ата-ананың балаға, баланың ата-анаға деген махабаты туралы осындай әндер кемде-кем. Композиторлар балаларға арнап ән жаза бермейді. Мазмұнды да мәнді, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелейтін патриоттық әндердің көбеюі өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды. Себебі шетелдік әндердің ықпалы көбейіп, әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа бағыт-бағдар, жанр, пішіндер мен өлшемдер келіп құйылып жатқан уақытта ұлттық құндылықты жоғалту қаупі күшейді. Ұлттық ырғақты, ұлттық бояуды сақтамасақ, он жылдан кейін қайсы қазақтың өз әні, қайсысы корейлерден немесе қырғыздардан ұрланған ән екенінен ажырата алмай қаламыз. Жақында басылымдардың бірінде жарық көрген «Өнерлі өмір» атты мақаламда осы мәселені кеңінен қаузап, әнге жиендік жасаудың ұлттық өнерге келтірер залалы жайлы жаздым. Шетелден ән ұрлау – қазақ өнеріне төнген қатер. Қазір бұрынғыдай көркемдік кеңес жоқ. Композиторлардың жазғанын, әншілердің айтатын әнін талдап-таразылап, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сынды саңлақтарымыз орындаған оперетталар, Біржан-Сара, Қозы Көрпеш-Баян сұлу секілді туындылар әлі күнге дейін ұлттық бояуын, төл нақышын жоғалтпай, отандық, халықаралық сахналарда шырқалып келеді. Кезінде Затаевич еліміздің бұрыш-бұрышын шарлап жүріп жинаған жауһарларымыз да өміршеңдігін дәлелдеді. Ал қазір эстарада үстемдік құрған уақытта не әуенінің, не сөзінің дәмі жоқ тұшымсыз әндер, әр түрлі елдің нақыштары араласқан қойыртпақ туындылар жаулап алды. Қазақтың даласы қандай кең болса, әуеніміз де, әуезіміз де, ырғағымыз да сондай мол. Өзгеден ұрламай-ақ, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететін дүниеміз жетерлік. Бірақ жаңалықтың көкесі осы екен деп, шетелдің ырғағына, биі мен күйіне еліктегіш боп алдық. Бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясының мүшесі болғандықтан, шетелдік ән байқауларына қонақ ретінде, қазылар алқасының мүшесі ретінде жиі барамын. Сонда басқа елдегі әріптестерім: «Марат, сен Қазақстаннан емессің бе? Бауырларыңа айтсаңшы, біздің әндерімізді рұқсатсыз орындауды қойсын!» деп бетіме басады. Жерге кіріп кете жаздаймын. Олар заң жүзінде әрекет етіп, біздің әншілерді сотқа берер болса, бүкіл еліміздің атына қара күйе жағылмай ма? Осындай ұятты істерге тосқауыл қоятын кез келді. – Сіздің атыңыз аталса, елдің есіне ең әуелі «Анашым» атты әніңіз түседі. Кезінде аналарға арналған гимн ретінде қабылданған ән әлі күнге дейін елдің аузынан түспей келеді. «Әке арманы», «Алғашқы махаббат», «Қыз сыны» секілді туындыларыңыз да өміршеңдігін дәлелдеді. Кейінгі жылдары сол әндермен деңгейлес ән жазбадыңыз ба, әлде жаңа шығармаларыңыз халыққа жетпей жатыр ма? – Түркияда жүргенде уақытымның басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға арналғандықтан, соңғы жылдары жазылған әндерімнің барлығын күйсандыққа жинай беріппін. Санасам, күні бүгінге дейін шығарған туындыларымның жалпы саны 400-ге жуықтапты. Оның бәрі халыққа кең танымал дей алмаймын. Бір рет орындалып, ұмытылып кеткен әндер бар. Мәселен, Сәкен Майғазиев бауырым «Түнгі серенада», «Лала гүлдер» деген әндерімді еске түсірді. «Алыстағы ағайындар», «Алтын теңге», «Үш алып» сияқты туындыларымды да арагідік біреу-міреудің аузынан естіп қаламын. Оларды қайта жаңғыртқым-ақ келеді, бір-ақ аранжировкасын жасап бермесең, ешкім орындағысы келмейді. Әншілердің бәрі дайын дүниені айтқысы келеді, артық шығындануды қаламайды. 90-жылдары жазылса да, әлі күнге ұмытылмай келе жатқан әндерімнің көпшілігі халық әніне айналып кетті десем, артық айтпаспын. Әсіресе, ата-анаға деген сағыныштан шыққан «Анашым», «Әке арманы» атты әндерім, «Қыз сыны», «Алғашқы махаббат» секілді кіршіксіз сезімнен, махаббаттан туған туындыларымның шығармашылығымдағы орны ерек. Меккеге барғанда «Сұлтан Бейбарыс», патриоттық бағыттағы «Шарықта Қазақстан», «Болашақ Қазақстан» атты әндерім дүниеге келді. Францияға барғанда «О, Париж» деген ән шықты. Астана ауысқанда «Арман қала – Астана» атты әнім туып, ол менің өмірімдегі де, өнерімдегі де үлкен құбылыс болды. Бұл әндерді еңкейген қарттың да, еңбектеген баланың да аузынан естігенде елге талай буынды байланыстырар өміршең дүние сыйлай алғаныңа қуанасың. – Тапсырыспен жазатын композиторлардың қатарында барсыз ба? Тапсырыспен жазбаймын демеймін, бәріміз де жазамыз. Бірақ ақынмен келіспей жататын кездер көп болады. Әннің сөзі кейде ырғаққа келмей, музыканың берекесін кетіреді. Музыканың композициялық құрылымы – кіріспесі, шарықтау шегі, қорытындысы болатынын, мәтін де сол құрылымға сай келуі керек екенін ақындарға түсіндіре алмай қиналатын сәттер болады. Ал кей ақынның өлеңі өзі-ақ әнге сұранып тұрады. Мәселен, Ербол Шәймерденов ағамыздың «Арман қала – Ақмола» деген өлеңі қолыма тигенде, сол жерде әндеткім келіп кетті. Өлеңді оқып отырып, музыка өзінен-өзі құйыла берді. Алғашында «Арман қала – Ақмола» деп шырқалған сол ән кейіннен «Арман қала – Астана» деп өзгертіліп, елордамыздың гимніне айналып кетті. Сөз бен әуен жымдасып, біртұтас дүниеге айналғанда ғана өміршең ән туады. Өкінішке қарай, қазіргі әндердің көбі бүгін бар да ертең жоқ. Көпе-көрінеу ұрлық жасайтындар көбейді. Концерттің алдында ән жазу үшін бірнеше студияға бардым. Сонда байқағаным, жастардың көпшілігі өзбектің, түріктің әндерін қазақшаға аударып алып, таспаға жаздырып жатыр. Масқара ғой бұл. Композиторлар ертең он, жиырма жылдан кейін ұрпаққа қазақтың әні деп ұялмай көрсететін шығарма жазуға ұмтылса екен дейсің. Тойдың көрігін қыздыратын ән жазып, қалтаны қампайтуды ғана ойлай берсек, ұлттық өнердің асығын кім түгендейді? Қазақы қалып, ұлттық тамырдан алшақтамасақ екен. – Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА

   

Серіктес жаңалықтары