Ташкент төрағалықты Астанаға табыстады

Ташкент төрағалықты Астанаға табыстады

Ташкент төрағалықты  Астанаға табыстады
ашық дереккөзі
Ташкент қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) форумының ХІІ отырысы өз мәресіне жетті. ШЫҰ хатшылығының мәліметінше, форумға шамамен 100 делегат, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 20-дан астам ұлттық зерттеу орталығы өкілдері, сондай-ақ бақылау жөніндегі әріптес-мемлекеттен сарапшы мамандар қатысты.  Ал форум аясында беделді ұйымға төрағалық ету мәртебесі Астанаға табыс етілді. Форум қатысушылары шешуге тырысқан мәселенің бірі – Ауғанстанда ұзақ жылға созылған ахуалды саяси және өзара келісімге келу арқылы оңтайландыру. Сондай-ақ, мұнда терроризм мен сепаратизмге, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті нығайту жайы талқыға салынды. Бұдан өзге ШЫҰ мүше мемлекеттері арасында экономикалық әріптестікті кеңейту, инвестиция тарту алаңына қолайлы жағдай туғызу, транспорт және инфрақұрылымды дамыту, ауылшаруашылығы, туризм саласына байланысты арттыру түйткілі назардан тыс қалмады. Бір айта кетерлігі, форум барысында 2015 жылы Уфа қаласында қабылданған ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі стратегиялық дамуы ұйымның саяси сахнадағы рөлін берік ете түскені бірауыздан қолдау тапты. Сонымен, алдағы 8-9 маусым күндері Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының кезекті Саммиті жалауын желбіретеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің басшылары кеңесінің мәжілісі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтпек. Бұл алқалы басқосуда Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға мүшелікке қабылданбақшы. Нәтижесінде ұйым бүкіл әлем тұрғындарының 40 пайызын қамтитын болады. Айта кету керек, бұл жиынға жаһан мемлекеттері тарапынан қызығушылықтың  зор екені сонша, оған қатысуға БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш те ықылас білдірген. Бұл шешімді Гутерриш мырзаның өзі мәлімдеген. Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы 9 маусымда өтетін Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына да қатысатынын хабарлады. Ал Сыртқы істер министрлігі ШЫҰ cаммитіне қатысып, оның жұмысы мен жаңалықтарын жариялауға ниетті барлық шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тіркеуді мамыр айының соңында бастап кетпек. Қазақстан 2016 жылдың маусым айынан бері ШЫҰ төрағасы. Еліміздің осы ұйымдағы төрағалығының негізгі басымдықтарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ мемлекет басшылары Кеңесінің алдыңғы отырысында атап көрсеткен болатын. Бұл басымдықтарға – өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету жатады. Бұлардың барлығы ШЫҰ-ны дамытудың 2025 жылға дейінгі cтратегиясын жүзеге асырумен тығыз байланысты. Ал ШЫҰ 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары «Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім» (Шанхай қаласы, 1996 жыл) мен «Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге» (Мәскеу қаласы, 1997 жыл) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» негізінде құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты – өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру, энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау. Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған әрі құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым. Оған қазір Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мүше. Сондай-ақ, «ШЫҰ сұхбат бойынша әріптес» мәртебесіне ие мемлекеттер қатарына Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Беларусь, Шри-Ланка, Түркия кіреді. Егер байқаушы және осы әріптес елдердің бәрі ұйымға мүшелікке қабылданса, ШЫҰ ғаламшардың 3 миллиардтан астам тұрғынын, яғни әлем халқының 50 пайызын қамтымақ. 2017 жылғы 21 сәуірде Астанада ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырысы ұйымдастырылған болатын. Оған осы ұйымның бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінің директоры да қатысты. Бұл кездесу бас қаламыздағы маусымдағы саммит отырысы қарсаңындағы қорытынды дайындық кезеңіне айналды. Дәл сол отырыста Шанхай ынтымақтастығы ұйымының құрамы да, географиялық ауқымы да бұрын-соңды болмаған көлемде ұлғаятыны мәлім болды. Өйткені ШЫҰ-ға жаңа мүше ретінде Үндістан мен Пәкістанның қосылу процесі аяқталуға таяу. Ұйымға мүше 6 мемлекет өзара ортақ ұстаным түзген, оған сәйкес, бұған дейін ШЫҰ-ға бақылаушы болып келген Үндістан мен Пәкістанның енді толыққанды мүше ретінде қабылдануы «даму мен көпжақты ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа кезеңін ашып, ұйымның халықаралық ықпалы мен беделін нығайта түседі». Бұл екі мемлекеттің сыртында ШЫҰ-на Беларусь, Ауғанстан, Иран, Моңғолия да бақылаушы. Бұл ретте Ресей келесі кезекте Иран Ислам республикасын да «ұйымға толыққанды мүше» ретінде қабылдауды ұсынған-ды. Себебі бұл елден БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі өз санкцияларын алып тастағаны мәлім. Ал ресми Астана Иранның мүше болу өтінімін оң тұрғыдан қарауға дайын екендігін жеткізді. ШЫҰ-ның келешектегі жоспарларын айқындайтын «Астана декларациясының» жобасы да келісілді. Сондай- ақ, ұйым саммитінің қорытындылары бойынша қол қоюға енгізілетін «Құжаттар тізбесінің» жобасы туралы шешімге және басқа да құжаттарға қол қойылды. Қазақстан әлемдегі ең алып ұйымдардың бірі саналатын ШЫҰ аясында «экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты күшейту» мақсатында саммит күндері ЭКСПО-2017 шеңберінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырмақ. Оған ұйымға мүше-мемлекеттердің делегациялары шақырылды. Жалпы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының кеңеюі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық бастамасына сәйкес келеді. Қазақстан Президенті бұл идея тек посткеңестік кеңістікпен шектеліп қалмайтынын, болашақта бүкіл Еуропа мен Азияның алып континентін тұтас қамтуы қажеттігін білдірген болатын. Дәл қазір қазақстандық еуразиялық идея нақты геоэкономикалық және геосаяси сұлбаға ие болып келеді.