Әбігерге  түскен  түркімендер

Әбігерге  түскен  түркімендер

Әбігерге  түскен  түркімендер
ашық дереккөзі
Қыркүйекте Түркіменстан астанасы – Ашхабадта жабық ғимаратта өтетін V Азиада ойындарының жалауы желбірейді. Халықаралық жарыстың бұл түрі Орталық Азиядағы бұрын-соңды өткізілмегендіктен, 2010 жылы үміткерлердің арасынан Ашхабад оқ бойы озық шығып,  ауқымды доданы ұйымдастыру мүмкіндігін жеңіп алғанда, түркімендер бөріктерін аспанға атқан. Қонақжай халық шетелден жүз мыңдаған қонақ  келеді деп қуанды. Алайда бұл қуаныш көпке созылған жоқ. Қазір түркіменстандықтар «Азиада» деген сөзді естігісі келмейді. Өйткені ел билігі халықаралық додаға дайындықты желеу етіп, халықтың табысын азайтты, тәртіптік шектеулерді көбейтті. Таусылмайтын тыйымдардан зәрезап болған жұртшылық көшеде емін-еркін  жүруден қалған. Спорттық доданың басталуына небары 4 ай қалғандықтан, Ашхабад қызу дайындық үстінде. Алайда елдегі қаржылық дағдарысқа байланысты тоқтап тұрған шаруа көп. Бүгінге дейін Азиада ойындарының дайындығына Түркіменстан 8 млн АҚШ долларын жұмсады, оның 5 млн доллары спорттық додалар өтетін олимпиадалық кешеннің құрылысына жұмсалса, 2 млн доллардан астам қаражатқа халықаралық әуежай салынған. Ұйымдастыру жұмыстарына қажетті өзге қаражатты жинау үшін ел билігі қарапайым халықтың табысына ауыз салуға кірісті. «Азаттық радиосының» түркімен қызметінің хабарлауынша, мемлекеттегі мұнай-газ саласының қызметкерлері жалақысының 15-20 пайызын Азиада ойындарының қорына аударып отыруға міндеттелген. Балқан облысындағы «Түркіменнебит» концерні инженерлерінің айтуынша, елдегі мұнай-газ саласында қызмет ететін барлық кәсіпорындардың жұмысшылары сәуірден қыркүйекке дейін айлық табыстарының бестен бір бөлігінен қағылмақ.  Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, «Азия ойындарына өз еркімен көмектесу» деп айдар тағылған бұл акцияға мемлекеттік қызметкерлер мен жеке кәсіпкерлер де «өз еркімен» атсалысуға ниетті көрінеді. Атсалыспаса – жаза ауыр: елде жарна төлеуден бас тартқан бірнеше кәсіпкер қамауға алынған, бірқатары Түркіменстаннан кетуге мәжбүр болған. Тіпті, Азиада ойындарына қажетті қаржының жинай алмағаны үшін шенеуніктер де қызметінен қуылуда. Мәселен, өткен аптада Гурбангулы Бердімұхамедов Түркіменстанның бұрынғы Бас прокуроры Аманмырат Халлыев пен оның қарамағындағы біраз шендіні жұмыстан босатты. Ал ІІМ басшысына қатаң сөгіс жариялады. Өйткені құқық қорғау қызметкерлерінің үйлерін тінту кезінде қомақты ақша табылған. Әлгі миллиондар елдің жинап берген жылуы екеніне күмән келтірмеген президент ашуға мініп, қарамағындағыларды бір сілкіп алды. Енді Бердімұхамедов Азиадаға көмек қорына аударылатын әрбір манаттың есебін алып отырмақ.

Ашхабад көшесінде қыз-жігіт жүрсе...

Президенттің Азиада ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыру туралы жарлығын бас ал десе шаш алатын кейбір шенділер асыра орындап жатқанға ұқсайды. Олай дейтініміз, соңғы айларда Ашхабадта тәртіптік шектеулер көбейген. Олардың арасында ақылға қонбайтын тыйымдар да бар. Мәселен, жергілікті полицейлер көшеде бірге  жүрген қыз-жігіттерді жаппай тексере бастады. Егер олардың бір-біріне туыс емес екені анықталса, полиция бөліміне апарады. Түркіменстан астанасындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын Мақсат есімді студенттің «Азаттық радиосына» хабарлауынша, көшеде жұптасып жүрген қыз-жігіттердің құжаттарын тексеріп, өзара туыс-жақындығына дәлел жоқ болса, ұстап әкете бастағанына бір айдан асқан. «Студенттер әдетте сабақтан шыққаннан кейін немесе көпшілік жиындардан соң жатақханаға автобус немесе таксимен бірге қайтады, спектакль, концерт тәрізді мәдени шараларға да бірге барады. Саябақтарда жиі серуендейді. Алайда кейінгі уақытта жастарға салынатын тыйымдар көбейгендіктен, біз оқу орнына түзу барып, түзу қайтамыз. Егер құрбы қыздардың бірімен кетіп бара жатқан уақытта ұсталсақ, «екінші рет ұсталсаңдар, оқудан шығарамыз» деп ескерту жасайды», –  дейді Мақсат. Өз әрекеттерінің себебін түсіндірмейтін тәртіп сақшылары қол ұстасқан жастарды ғана емес, жұпыны, ұқыпсыз киінген азаматтарды да тексеріске алған. Егер тексеру кезінде ұсталғандардың Ашхабадта тіркеуде жоғы анықталса, оларға айыппұл салып, тұрғылықты жері бойынша аймақтарға жібереді. Құқыққорғау органының қызметкерлері астанадағы көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен шатырларын да тексеріп жүр. Ондай жерлерді паналайтын баспанасыздарды, маскүнемдер мен нашақорларды Дашоғыздағы наркологиялық диспансерге жөнелтуде. Олар бұл мекемеде 1-2 ай болады. Тіпті жаман әдеттен арылмағандарды Азиада-2017 аяқталғанша, яғни қыркүйектің аяғына дейін диспансерден шығармауы мүмкін.  width= «Хроника Туркменистана» ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, полиция өкілдері жеңіл жүрісті бикештердің де соңына түскен. Шетелдік қонақтардың алдында ел абыройын түсірмес үшін оларды тезге салудың жолдарын қарастыруда. Түркіменстанда студенттердің тәртібіне қойылар талап бұрыннан күшті. Азиада қарсаңында жаңа ережелер тіпті көбейді. Атап айтқанда,  Түркіменстан жоғарғы оқу орны студенттерінің көлік жүргізуіне және демалыс күндері жатақханадан рұқсатсыз шығуына тыйым салынды. Студенттер ғана емес, көлік тізгіндеген өзге жүргізушілердің де ел астанасында жүріп-тұруы шектелген. Жуырда аймақтардан келетін көліктерді Ашхабадқа кіргізбеу жөнінде бұйрық шығуы мүмкін. Шаһар билігі қалаға кіреберісте өңірлерден  келетін көліктерге арналған автотұрақ салып жатыр. Автотұрақ Ашхабадтан 15 шақырым жердегі Гаверс ауданында бой көтермек. Құрылыс жұмыстары маусым айында аяқталуы тиіс. Яғни, бір айдан соң қала сыртынан қатынап істейтіндердің келіп-қайтуы қиындайды деген сөз. Тәртіп сақшылары мемлекет астанасын ескі көліктердің санын азайту міндетін де мінсіз орындауда. Ашхабад полициясының Жол қауіпсіздігі қызметінің айыппұл тұрағында ескі көліктер өте көп, олардың басым бөлігі – кеңес заманында шығарылған «Жигули» автомобилі. Олардың барлығын полиция қызметкерлері көшеде тоқтатып, еш түсіндірместен осында жөнелткен. «Хроника Туркменистана» ақпараттық агенттігінің мәліметінше, Ашхабад полициясы жазасын өтеп шыққандарды да жіті қадағалауға алған.  Бұрын істі болғандарды бөлімшеге шақыра бастаған құқық қорғаушылар оларға  Азиада-2017 ойындары өтетін көшелерге және атлеттер қалашығына жақындауға тыйым салыпты. Ақпараттық агенттігінің тілшісімен тілдескен Ашхабад қаласының 52 жастағы тұрғынының айтуынша, полиция сотты болғандардың үйлеріне барып, олардың қазір немен шұғылданып жүргенін тексереді. Тергеуден соң, олардың жарыс өтетін нысандарға бармауын ескерткен. «Маған жарыстар өтіп жатқа орындарға баруға тыйым салды. Атлеттер қалашығында қылмыс жасалатын болса, сұрау бізден болатынын ескертті», –  дейді бұрын істі болған азамат. Полицияның алаңдауы бекер емес. Халық­аралық ұйымдардың зерттеулеріне сәйкес, Түркіменстан жан басына шаққанда істі болған тұрғындары көп елдердің қатарына жатады. Америкалық «Prison Policy Initiative» үкіметтік емес ұйымының есебі бойынша, Түркіменстан түрмеде отырып келген тұрғындар үлесі жөнінен әлемде екінші орын алды. Бүгінде республикада 100 мың тұрғынның 583-і түрмеде болған.

Азиада әнұраны – Президенттің әні

Ашхабадта жабық ғимаратта өтетін V Азиада ойындары 17 қыркүйекте басталып, 27 қыркүйекте аяқталады. Он күнге созылатын ауқымды спорт бәсекесі – елдің абыройы сыналар жауапты шара. Сондықтан түркімендердің жанталасуы жөн-ақ. Дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде болуын  жеке қадағалауына алған Гурбангулы Бердімұхамедов Азиада гимні мен бойтұмарын да өзі таңдады. Әлемнің алпыстан астам елінен келген спортшылар мен жанкүйерлер спорттық жарыстың ашылу және жабылу салтанатында  Азиада-2017 ойындарының ресми әнұраны – Түркіменстан президентінің  «Алға, алға, тек қана алға, туған өлкем Түркіменстан!» әнін тыңдайтын болады. Бұл ән бірінші рет 2015 жылдың қараша айында Мары қаласында киіз үй іспетті салынған концерт залының ашылу салтанатында орындалған. Сол кезде төрт мыңнан астам өнерпаз мемлекет басшысына қосыла шырқап, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Биылғы жылдың 7 сәуірінде Аваз демалыс орнында өткен түркімен және шетелдік эстрада жұлдыздарының концертінде Бердімұхамедов тырнақалды туындысын тағы орындады әрі халықаралық жарыстың әнұраны ретінде ұсынды. Түркіменстан халқы президенттің орындауына түрегеп тұрып қол соқты, ұсынысын бірауыздан мақұлдасты. Осылайша Президенттің әні Азиада гимніне айналып шыға келді. Бердімұхамедов Азиада-2017 халықаралық жарысының бойтұмарын да өзі бекітті. Бойтұмардың алғашқы нұсқасы президенттің көңілінен шықпаған соң авторлар оны өзгерутге мәжбүр болды. Алғашқы нұсқа биыл қаңтар айында бекітілген еді. Сол кезде Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары Азиада ойындарының бойтұмарын «көңілді әрі достыққұмар алабай» деп сипаттағаны есте. «Құлағы мен құйрығы кесілген күшік спортшылардың сүйіктісіне айналады» деп тілшілер жарыса жазды. Алайда мемлекет басшысы бойтұмар авторларының жұмысын жарата қойған жоқ, қайта жасауды тапсырды. Бойтұмардың жаңа нұсқасында да түркімен иті бейнеленген, бірақ күшіктің үстіндегі жасыл түсті жейдесін шешіп, ұлттық шапан мен қалпақ кигізген. Ал аты  өзгеріссіз қалды – Вепалы, түркімен тілінен аударғанда «сенімді» деген сөз.  width= Сенім демекші, түркімендер Азиаданың жоғары деңгейде өтетініне кәміл сенгенімен, өз болашақтарының жарқын боларына сеніңкіремейді. Қысқартудан көз ашпай келе жатқан мемлекетте екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендердің қатары ұлғаюда. Түркіменстандағы жұмыссыздар саны елдегі еңбекке жарамды азаматтардың 50 пайызына тең. Мемлекеттің ІЖӨ көлемі 2012 жылы 14,7 пайыз болса, 2016 жылы 6,2 пайызға құлдыраған. Қазір түркімендер Түркіменбашы тұсында енгізілген жеңілдіктер – жарық, газ, су мен тұзды тегін пайдалану құқығынан және жанармайды жеңілдікпен алу мүмкіндігінен қағылған. Онсыз да қамкөңіл халықты Азиада қарсаңындағы қинау одан бетер қалтыратып жібермесе игі.