241
«Алаш жолымен...» экспедициясы Жымпитыдан Семейге аттанды
«Алаш жолымен...» экспедициясы Жымпитыдан Семейге аттанды
Алашорданың 100 жылдығына орай «Алаш жолымен...» тарихи-танымдық экспедициясы Сырым ауданының орталығы Жымпитыдан Семей қаласына аттанды. Бұл туралы бүгін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының өңірлік филиалдары арасында ұйымдастырылған «Азаттықты аңсаған Алашорда» атты телекөпір аясында мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
1918-1920 жылдары Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі жұмыс жасағаны мәлім. Сондықтан Жымпиты мен Семейді байланыстырған телекөпір барысында БҚО әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, тарихшы-ғалымдар Самат Құрманалин, Бақтылы Боранбаева, Альфия Байболсынова, Есқайрат Хайдаров және басқалар Абай еліндегі әріптестерімен Алашорда үкіметінің қазақ тарихындағы орны, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметін әлі де тереңірек зерттеу, құнды деректерді ғылыми айналымға қосу туралы пікір алысты. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың айтуынша, «Алаш жолымен...» экспедициясы құрамында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, Сырым ауданынан зиялы қауым өкілдері, мектеп мұғалімдері бар.
Олар пойызбен Ақтөбе, Астана арқылы Семей қаласына барады. Сол қалалардағы музейлерде, Алашордаға қатысты тарихи жерлерде болып, кездесулер өткізіп, деректер жинақтайды. Экспедиция 24 мамырда кері оралады. «Алашорда үкіметінің 100, Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдығына арналған шаралар бұдан кейін де жалғасады. Мысалы, маусым айында Мәскеудегі Жаһанша жерленген зиратқа барып, қабірінен бір уыс топырақ әкелу жоспарлануда. Содан кейін шілдеде республикалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, Жаһаншаға мүсін орнатылмақшы», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Сарқұлов.