Ақтөбелік кәсіпкер су тасқыны кезінде баспанасыз қалған мүгедекке пәтер сыйлады

Ақтөбелік кәсіпкер су тасқыны кезінде баспанасыз қалған мүгедекке пәтер сыйлады

Ақтөбелік кәсіпкер су тасқыны кезінде баспанасыз қалған мүгедекке пәтер сыйлады
ашық дереккөзі
275
Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде баспанасы жарамсыз күйге түскен ақтөбелік Ерболат Жәмиев пәтерлі болды. І топ мүгедегіне баспананы жергілікті кәсіпкер Бақытжан Ержанов сыйға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде І топ мүгедегі Ерболат Жәмиев пен оның зайыбы Жансұлу Садирова екі баласымен бірге №15 орта мектепке уақытша орналастырылған болатын. Кейін мүгедектігі ескеріліп, Е.Жәмиев пәтерге ауыстырылды. Бүгінгі күнге дейін олар жалдамалы пәтерді  паналап келген.    «Мектептен 22 сәуірде шығып кеттік. Жергілікті әкімдік пәтер жалдап беріп, күні кешеге дейін сол жерде тұрдық. Мүлкіміз, киім-кешегіміз, заттарымыздың бәрі су ортасында қалды. Бұрыңғы үйіміз тұруға жарамсыз болып, пеш құлап қалған. Онда 12 жыл тұрсақ та газ кіргізуге мүмкіндігіміз болмады. От жағып, су тасыдым. Үйіміз екінші рет су  ортасында қалды. 2007 жылы суға кетіп, үйім құлап еді. Арада он жыл өткенде тағы судан келген апаттан, қиын жағдайға тап болдық» , - деді Жансұлу Садирова. Отбасында ешкім жұмыс істемейтін, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы пәтерлі болатынын кеше естіген. Жәмиевтер отбасына Ақтөбе қаласы 12 ықшам ауданынан 2 бөлмелі пәтер сыйға берілді. Пәтер бірінші қабатта. Мүмкіндігі шектеулі жан үшін далаға шығу, кіру ыңғайлы.  «Телефон арқылы хабарды естіп, алғашынды сенген жоқпыз. Пәтер жалдау уақыты аяқталуға жақындап, мазамыз болмай жүрген. Естіп, қуанып қалдық. Қайырымды жандарға алғысымыз шексіз» , - деді Ж.Садирова. «Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Мұғалжар ауданының әкімдігі көмек көрсетуге ниетті қайырымды жандарды іздеді. Алғашқылардың бірі болып облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Бақытжан Ержанов мүмкіндігі шектеулі жанға пәтер алып беріп отыр»,- деді Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов. Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 867 үй су ортасында қалып, 86 үй тұруға жарамсыз болды. Соңғы дерек бойынша, 65 үйге жер беріліп, 362 азаматқа «Қолғанат Ақтөбе» қорынан қаржы бөлінді.    

Серіктес жаңалықтары