Елбасының "Белдеу және жол" форумындағы бес ұсынысы қандай?

Елбасының "Белдеу және жол" форумындағы бес ұсынысы қандай?

Елбасының "Белдеу және жол" форумындағы бес ұсынысы қандай?
ашық дереккөзі
Қытайда халықаралық форумға қатысып жатқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Белдеу және жол» жобасын іске асыру бойынша бес ұсыныс енгізді. «Бірінші, жолдың күннен күнге өсіп келе жатқан транзиттік потенциалын тиімді пайдалану үшін тауар ағымын жеңілдету керек. Ол үшін қызмет сапасын арттыру, әкімшілік кедергілерді алып тастау сияқты жұмыстар жасау қажет. Бұл бағытта Қазақстан нақты шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен, аталған жұмысты іске асыру тиісті қаржыны талап етеді. Сондықтан Азия банкі осындай бағдарламаларды белсендірек қаржыландырғаны жөн деп санаймын, өйткені ол болашаққа салынатын инвестиция болмақ» деді Елбасы. Екінші мәселе ретінде Қазақстан басшысы Жібек жолы бойында азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында ауыл шаруашылық кооперацияларын дамытудың маңызын айтты. Ал үшінші пункт ғылым мен техникаға байланысты. «Үшінші – біз инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы байланыстарды тереңдетуіміз керек. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталықтарының жобасын бірлесе қаржыландыру мәселесін қарауға болады. Дөңгелек үстелге қатысушы құрметті әріптестердің назарын аударғым келетін нәрсе, Қазақстан ғалымдары Жібек жолы Халықаралық ғылым академиясын құруды ұсынып отыр. Бұл идеяны Қытайдағы әріптестер және 16 елдің ғылыми орталықтары қолдады. Ұсыныс жан-жақты қолдау табады деп үміттенеміз» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент төртінші мәселе ретінде қоршаған ортаны қорғау мәселесіне тоқталды. Ол құрлықтағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын рационалды басқарудың өзектілігін айтты. «Бесінші – «Белдеу және жол» идеясын дамытудың негізгі шарттарының бірі қатысушы елдер арасындағы өзара сенім және олардың тең дәрежеде жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы. Бұған форумды алдағы уақытта тұрақты өткізіп отыру үлес қосар еді. Бұл процесте Азиядағы өзім сенім шаралы жөніндегі кеңес жақсы көмекші бола алады» деді Қазақстан басшысы.   Нұрсұлтан Назарбаев «Белдеу және жол» бастамасын көтеру арқылы Қытайдың әлемге аймақтық кооперацияның жаңа үлгісін көрсеткенін айтты. «Жыл сайын Тынық мұхиты мен Атлантика аралығында жаңа әрі жылдам маршруттар ашылуда. Олардың арқасында тек Еуразиядағы сауда көлемі 2020 жылға қарай 1,2 триллион доллардан асады деген болжам жасалып отыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Еске сала кетейік, 14-15 мамыр күндері Пекинде «Белдеу және жол» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Оған 20-дан аса елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысуда.