204
Түркітілдес елдер журналистері Түркістанда бас қосты
Түркітілдес елдер журналистері Түркістанда бас қосты
Түркістанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты халықаралық журналистер форумы өтті.
Түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған форумға Қазақстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Бельгия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Түркия мемлекеттерінің бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистері қатысты.
Түркі тілдес елдердің журналистері бас қосқан жиынның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі форум «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында өткізілетін іс-шаралардың ішіндегі маңызды жиынның бірі екендігін атап өтті. Сонымен қатар түркі елдеріне ортақ телеарна құру мен ақпарат алмасу мәселесін көтерді.
«Ақпараттық кеңістік құрудағы басты мақсатымыз – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сияқты түркі елдерімен қатар Жер шарындағы түркі қауымдастықтарымен ақпарат саласында ынтымақтастық орната отырып, жедел ақпарат алмасу, баспасөзде серікестік құру, түбі бір түркіге ортақ тарих, мәдениет, білім, өнер, рухани құндылықтарды бірге насихаттау болмақ. Яғни, ол біздің бірлігімізге, рухани, саяси және экономикалық байланыстарымыздың нығаюына жұмыс істейтін үлкен дүние болады деген сенімдемін. Ортақ тарихты зерттеп, ұғынуға, бір-бірімізді танып, мәдениетіміздің жақындасуына ортақ телеарнаның ашылуы үлкен үлес қосады»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар, форумда сөз алған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі халықтарының мәдени, рухани интеграциясындағы ақпарат құралдарының маңызына тоқталды.
Бұдан бөлек, «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты халықаралық журналистер форумы жиынға қатысушыларға түркі жұртының қарымды журналистерінің басын қосқан Медиа форумға үлкен қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың арнайы Құттықтау хатын оқып берді.
Форум жұмысына қатысқан түркі тілдес журналистер мемлекеттер арасында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру жайын сөз етіп, алдағы уақытта тығыз қарым-қатыныста жұмыс жасасу туралы келісімге келді.