Ұзақ өмір сүргің келсе... 

Ұзақ өмір сүргің келсе... 

Ұзақ өмір сүргің келсе... 
ашық дереккөзі
833
БҰҰ бағдарламасы негізінде жүргізілген рейтинг бойынша өмір  сүру ұзақтығы жөнінен жиырма мемлекет алда келеді. Олардың ішінде Жапония, Италия, Сингапур, Швейцария, Гонконг, Исландия, Испания, Франция, Оңтүстік Корея, Швеция, Германия бар. Мұндағы өмір сүру ұзақтығы 80-84 жасты құрайды. Ал Қазақстанда өмір сүрудің ұзақтығы 72 жастан енді асты. Бұл – еліміз үшін зор жетістік. Дегенмен ұлттың денінің сау болуы неге байланысты? Осы мәселе төңірегінде бірнеше факторды жіктеп, жіліктеп көрген едік. Бұл көрсеткіштер адам денсаулығының мықты болуына, аурулардың алдын алуға кепіл бола алады.

Таза ауа – жанға дәру

Ауырмаудың жолын іздеп, сабылудың қажеті жоқ. Бар болғаны бірнеше факторды назарда ұстап, салауатты өмір салтын қалыптастыру қажет. Атап айтсақ, қоршаған орта, дұрыс тамақтанбау мен қозғалыссыз жұмыстың адам денсаулығына зияны көп. Сонымен бірге жергілікті жұрттың өмір сүретін жерін ауыстыруы көп жағдайда қиынға соғады. Дегенмен Алматы қаласының экологиялық жағдайы көңіл көншітпейді. Жуырда профессор Гүлжан Қисамедин «Алматы қаласының тұрақты дамуының концепциясы және табиғат, қоғам, ғылыми-техникалық прогресс» атты мақаласында Алматы қаласындағы түтіннің қалай пайда болатынын зерттеп көрсеткен еді. Зерттеу нәтижесіне сенсек, тау баурайында орналасқан қалада белгілі бір уақытта түтіннің мөлшері тым көп болады. Ал қала тұрғыны Павел Александров өзі орнатқан құрылғылар бойынша қала ауасының тазалығының деңгейі төмен екенін дәлелдеп жүр. Құрылғылар берген мәліметті Facebook парақшасында бірнеше ай бұрын жариялай бастаған. Ол кейбір уақытта ауаның ластығы Қазақстанда белгіленген мөлшерден он есеге жоғары болатындығын айтуда. Яғни, қала әкімдігінің қабылдаған шараларына қарамастан қала ауасының ластану деңгейі өте жоғары. Түтінге оранған қала қаншама адамды ауру етіп, ең сорақысы, қала тұрғындарында аллергия жиі кездесе бастаған. Сонымен қатар жүкті әйелдердің демі тарылып, қан қысымы төмендеп, туылған нәрестенің ауруға шалдығуы да аз емес. Дәрігерлер мұндай ауыртпалықтарды экологияның әсерінен деп түсіндіреді. Адам денсаулығына зиянын тигізетін бірінші фактор осы.

Атаң ішпеген асты аузыңа алма

Қала тұрғындарының дұрыс тамақтанбайтыны өз алдына үлкен мәселе. Жұмысбасты азаматтардың көшеден тамақ ішіп, ауыр тағамдарды тұтынатыны айтпаса да түсінікті. Қазақ Тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шармановтың айтуынша, дұрыс тамақтанбау денсаулықты қолдан бұзумен тең. «Ұзақ өмір сүруге және денсаулықты нығайтуға өмір бойы ұмтылу керек. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін, оның денсаулығын, анасының құрсағында жатқан кезден бастап қамқорлыққа алу керек. Қазіргі таңда, майлы тамақты аз пайдаланып, көкөніс пен бидайдың төменгі сұрыптарын пайдаланған маңызды. Яғни, талшықты өнімдер пайдалы деген сөз. Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нанды, қантты өте аз пайдалану қажет», – деп кеңес береді. Сонымен қатар қанттың көмірсулары мен құрамында қанты бар сұйықтықтарды аз пайдалану керек. Мысалы, кока-кола, пепси-кола, фаст-фуд, хот-догтар өте қауіпті. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Сондықтан, күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет. Ал бізде бұл көрсеткіш әзірге жан басына шаққанда 150-200 грамнан аспайды.

Қозғалыс – келешек кепілі

Дұрыс тамақтанбау мен қоршаған ортаның адам денсаулығына зияны туралы сан мәрте айтылды, жазылды. Аталған факторлардың әсіресе, жүкті әйелдерге зияны көп. Сондықтан өмірге ұрпақ әкелуде аналардың барынша сақ болып, асты мұқият таңдап, өз денсаулығына бей-жай қарамағаны абзал. Мұнымен қоса қозғалыссыз өмір салты адамның сүйек құрылысын қисайтумен қатар, ішкі ағзасына, жүрек қан тамырлары мен жүйке жүйесіне әсері мол. Статистикаға сенсек, жұмыс істейтін адамдардың 40 пайызының жұмыс салты осындай. Бұл туралы академик Төрегелді Шарманов былай дейді: «Ата-бабамыздың табағы еттен, мұрты майдан ажырамаған дерсіз. Олар тамақ ішу заңдылығын қатаң сақтаған.  Ішкен асың өмір сүру салтыңа сай болу керек дегеннің мәнісі осыда, ата-бабамыз мал бағып, үнемі ат үстінде жүргендіктен күш-қуатты көп жұмсаған.  Жұмсалған күштің орнын толтыру үшін құнарлы аспен тамақтануға тура келген. Жаугершілік пен  аңшылықта ішетін астың жөні тіпті бөлек. Үнемі  қозғалыста жүрген адамның ағзасы кез келген асты тез қорытады. Ал қазіргі заманда жастардың көбі кеңседе жұмыс істейді. Техника мен технологияны басқарумен шұғылданады.  Сондықтан бүгінгі таңда аса құнарлы тамақты тұтынудың қажеті жоқ. Адамның тұтынатын тамағы, яғни, ішетін асы оның  жұмсаған энергиясына сай болуы тиіс. Сондықтан тамақ ішіп алып, қозғалмай отырып алу ағзаның жұмысына күш түсіреді. Содан жүректі май басады. Семіздік – көптеген дерттің бастауы», – дейді ол. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сәйкес, қозғалыссыз жұмыс істейтін адамдар ерте ажал құшады. Халықаралық сарапшылар тобының зерттеуіне бір миллион адам қатысқан. Зерттеудің басы-қасында жүрген Кэмбридж университетінің профессоры Ульф Экелунд отырып жұмыс істейтін адамдарға мынадай кеңес береді: «Қозғалыссыз жұмыс істейтіндер бес минутқа болса да орнынан тұрып, қимылдауы тиіс. Ол үшін жаттығу залына, фитнеске барудың қажеті жоқ. Небәрі жаяу жүріп, баспалдақпен көтерілсе жеткілікті». Осы орайда тағы бір зерттеуге назар аударған жөн. The Lancet басылымында жарияланған зерттеуге сенсек, қимыл-қозғалыстың жоқтығынан әлемдік экономикаға жылына 67,5 миллиард доллар көлемінде шығын келеді екен. Тарқатып айтсақ, медициналық көмек көрсету мен еңбекке жарамсыз боп қалу осыншама шығынға батырады. P.S. Негізінде, денсаулық әркімнің өзіне керек десек те, «ұлттың денсаулығы – біздің жетістікті болашағымыздың кепілі. Тек салауатты өмір  салты – ұлттың денсаулығының негізі», – деген еді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Демек, ұлт денсаулығы бейжай қарайтын нәрсе емес. «Ауырып, ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде»!  

Серіктес жаңалықтары