Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы Ресейден екі есе қымбат

Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы Ресейден екі есе қымбат

Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы Ресейден екі есе қымбат
ашық дереккөзі
Қазақстанда дәрi-дәрмек бағасы Ресеймен салыстырғанда екi есе қымбат. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаев Мәжiлiсте өтiп жатқан халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша парламенттік тыңдау барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz. «Ақтөбе облысында 300-ге жуық дәрiхана жұмыс жасайды. Олар халықты 4 мыңға жуық дәрi түрiмен қамтамасыз етедi. Қолданыстағы заңдарға сәйкес, жергiлiктi билiктiң қолында фармацевтика саласында ешқандай билiк, ешқандай басқару тетiгi жоқ. Бiрақ, бiз Денсаулық сақтау министрлiгiмен, өңiрдегi дәрi-дәрмекпен айналысатын қауымдастықпен бiрiгiп, үш жақты келiсiмге қол қойдық. Оған сәйкес, ең қажет деген 106 дәрi-дәрмек түрiнiң бағасы реттеледi. Сондай- ақ, өңiрде жұмыс тобы құрылған, олар дәрiханаларға рейд жасап тұрады», - дедi Сапарбаев. Ақтөбе облысының басшысы дәрi-дәрмек бағасын салыстырып, бiрнеше мысал келтiрдi. Оның айтуынша, көршiлес Орынбор облысында (Ресей) диабетке арналған дәрi 8,5 мың теңге тұрса, Ақтөбе облысында 17 мың теңге тұрады. Ал «Урсосан» препараты 7 мың теңге болса, Ақтөбе өңiрiнде 14 мың теңге тұрады екен. «Бiзде бiр елдi мекеннiң өзiнде дәрi-дәрмек бағасы әртүрлi болып келедi. Ара қашықтығы 500 метрдi ғана құрайтын дәрiханалардағы дәрi бағасының айырмашылығы 30-50 пайызға дейiн жетедi. Бұл алыпсатарлар, дистрибьюторлар, қоймалар мен тағы сол сияқтылардың жасап отырғаны. Дәрiлiк заттар өндiрушiден пациентке жетпес бұрын бiрнеше қолдан өтедi. Әрқайсысы өз пайдасын көргiсi келедi. Осылайша, препараттардың бағасы кем дегенде 2-3 есеге қымбаттап кетедi», - дедi Б.Сапарбаев. Еске сала кетсек, Бердiбек Сапарбаев өңiрдегi дәрi-дәрмек бағасын тексеру мақсатында дәрiханаларды өзi аралап шыққан болатын.