Мүгедек балалардың тәрбиешісі мен күтушілеріне небары 35 мың теңге жалақы төленеді

Мүгедек балалардың тәрбиешісі мен күтушілеріне небары 35 мың теңге жалақы төленеді

Мүгедек балалардың тәрбиешісі мен күтушілеріне небары 35 мың теңге жалақы төленеді
ашық дереккөзі

Олар – өмірді сүйетін жандар. Олар дені сау адамдар қатарына қосылуды армандайды. Олар әрбір таңның арайлап атқанын көргендері үшін бақытты. Олар жақын жандарының жанында болғанын қалайды. Олар мейірім мен махаббатқа мұқтаж. Олар үшін есіктен кірген әрбір жан бауырындай. Олармен жүздескен бірнеше сағат ішінде біздің ұққанымыз осы болды. Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған интернат-үйінің тәрбиеленушілері туралы айту үшін де жүйкеңіз берік болуы тиіс.

Он саусағынан өнер тамған балақайлар

Психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған интернат-үйі 160 балаға арналған. Осы интернатта бүгінде БЦС, эпилепсия, шизофрения, идиотия, Даун секілді ауру түрлерімен ауыратын 156 бала тәрбиеленуде. Мұндағы балалардың психикасы мен жүйке жүйесінде, дене бітімінде кемшіліктер болғанымен, көбінің қолынан келмейтіні жоқ. Интернат-үйіндегі тәрбиеленушілердің бөлмесін аралап, балалармен жақынырақ танысқанымызда олардың еңбектенуге, адамдармен қарым-қатынас орнатуға деген ынта-ниеттерінің мол екенін аңғардық. Бөлме ішінде түрлі-түсті қағаздармен жұмыс істеп отырған Борис Америкадан жақында ғана келіпті. Ол қазан айынан бастап кәрі құрлықта ем қабылдаған екен. Бұрын екі қолы мүлдем қозғалмайтын Борис қазір өз қолымен түрлі бейнелер жасауға мүмкіндігі бар. Аталмыш интернатта Борис секілді қолдан түрлі туындылар жасайтын таланттылар көп. Мұның дәлелі – интернат-үйіндегі балалардың қолынан шыққан туындылар топтастырылған арнайы бөлме. Бөлме ішіне кіргеннен-ақ нағыз қолөнер бұйымдарының көрмесіне енгендей болдық. Моншақтан, қағаздан, ермексаздан, өзге де түрлі заттардан жасалған қызылды-жасылды бұйымдар көздің жауын алады. Балалардың қолынан шыққан қолөнер туындылары кім-кімді болса да таң қалдырмай қоймайтыны анық. Сондықтан да, бізді балалардың туындыларымен таныстырған Күләш Назарова ханымнан бұл туындыларды жасау жолдарын кім үйрететінін сұрадық.

– Мына тұрған бұйымдардың барлығы балалардың еңбегі. Біз оларға жасау жолдарын үйретуші, қолдаушы, демеуші ғанамыз. Қалғанының барлығын балалар өздері жасайды. Қолөнер жұмыстарымен қабілеті бар 12 мен 15 жастағы балалар айналысады. Қолөнер бөлмесіне балалар топ-тобымен келіп, арнайы сабақ алып, бұйымдарды қалай дайындау қажеттігімен танысады. Қарап тұрсаңыз, ешқайсысы аса қымбат заттардан жасалмаған. Бәрі қолжетімді дүниелерден жасалған туындылар. Бірақ олар мұның барлығын үлкен күшпен, еңбекпен, махаббатпен жасайды, – деді Күләш Назарова.

Аталмыш интернат жуырда ғана Наурыз мерекесін тойлады. Бұл күннің балаларға да ерекше көңіл күй сыйлағаны көрініп-ақ тұр. Мекеменің барлық қызметкерлері мен балалардың бірлесіп дайындаған ән-билері мен сахналық көріністері мерекелік думанның ажарын кіргізе түскендей. Еркін қозғалып, сөйлей алмаса да, балалар осы ұлы мерекеде өздерінің бар күш-жігерлерін салып, өнерлерін көрсетті. Мекеме басшылығы да балалардың жанына қуаныш сыйлайтын мұндай мерекелерді көптеп өткізуге қарсы емес.

«Біз үшін балалардың амандығы маңызды»

Мұндағы балалардың көпшілігі туғаннан кемтар боп дүниеге келген. Балалардың барлығы арнайы топтарға бөлінген. Қазір интернатта 16-17 баладан құралған 10 топ бар. Әр топтағы 16-17 баламен бір тәрбиеші, бір бала күтуші ғана жұмыс істейді. Ондағы әрбір балада 5-6 түрлі диагноз болуы мүмкін. Өздері тамақтана алмайтын 30-40-қа жуық бала бар. Ал тәрбиешілер мен күтушілер балаларға қанша уақыт болса да, тамақтандырып, төсектерін тазалап, олардың күнделікті жағдайын жасап отырады. Бұл – өте қиын әрі жауапкершілігі мол шаруа.

Сондай-ақ, балалар педиатр, невропотолог, психиатрдің қадағалауында. Дәрігерлер балалардың диагнозы бойынша арнайы емдеу шараларын бекітеді. Сол бойынша медбикелер балаларға күн сайынғы дәрі-дәрмектерін беріп, егу жұмыстарын жасап отырады екен. Ал балалар қатты ауырып қалған жағдайда, оларды жедел жәрдем арқылы ауруханаға жөнелтеді. Бірақ жалғыз емес. Балалармен бірге интернаттың бір қызметкері де ауруханаға баруы тиіс. «Олай етпеске амал жоқ, – дейді интернаттың аға медбикесі Әлима Иманбаева. – Біздің балаларымызға ешкім дұрыс қарай алмайды. Тіпті, аурухана қызметкерлері де. Оларға үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Күтімі жақсы болуы тиіс. Біздің балалардың иммунитеті өте әлсіз. Тез ауырып қалады. Сондықтан, біз оларды үнемі назарымыздан тыс қалдырмаймыз».

Психоневрологиялық ауытқулары бар балаларды аталмыш интернат-үйіне орналастыру үшін ата-аналар Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан арнайы жолдама алуы қажет. Жолдамасыз мұнда балаларды қабылдамайды. Әуелі үш жасқа дейін балалар арнайы сәбилер үйінде болады. Одан кейін психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған интернат-үйіне жолдама беріледі. Мұнда балаларды 18 жасқа дейін ғана қабылдайды. 18 жастан асқан балалар ересектерге арналған психоневрологиялық ауруханаға жөнелтілуі тиіс. Қазір аталмыш мекемеде 18 жастан асқан балалар да бар. Өйткені оларға психоневрологиялық ауруханада әзірге орын болмай тұр. Ал бос орын пайда болысымен, 18 жастан асқандардың барлық анализдері әзірленіп, ауруханаға жіберіледі.

Интернат-үйіне арнайы жолдамамен келген балаларға ең алдымен бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін диагностика өткізеді. Осы жұмыстардың барлығы аяқталғанда балалардың қандай топта оқитыны белгілі болады. Яғни, балаларды оқыту олардың қабілеті мен диагнозына қарай анықталады. Интернаттың тәрбиеленушілерімен педагогтар жұмыс істейді. Қазір интернатта 38 педагог жұмыс жасауда. Оның ішінде тәрбиеші, дефектолог, педагог бар. Қабілеті бар балалар ән салуды меңгеріп, би билеуді үйренсе, тағы бір топ қолөнерге бейім болып келеді екен. «Біздің тәрбиеленушілеріміз білім алып, мектепке баратын балалар емес. Сондықтан оларға қолдан келгенін үйретеміз. Стандарт бойынша жұмыс жасаймыз. Балалардың көпшілігі қолөнермен айналысады», – дейді интернат-үйі директорының орынбасары Үміт Дүйсенбайқызы.

Мүгедек балаларға арналған интернат-үйінде орнынан тұра алмайтын, сөйлей алмайтын, өздігінен тамақтана алмайтын да балалар бар. Мұндай ауыр жағдайдағы балалар 2 топқа топтастырылған. Үшінші және оныншы топтағы балалардың диагноздары әр түрлі. Олардың көпшілігі мойындарын да көтере алмайды. Сөйлемейді, өз аяқтарына тұра алмайды. Оларды тек күтушілер тамақтандырады, тазалығына да қарайды. Мекеме қызметкерлері мұндай балалармен жұмыс істеудің тіптен қиын екендігін айтады.

– Бұл топқа өте ауыр жағдайдағы балалар топтастырылған. Олар өз-өздеріне қызмет көрсете алмайды. Орындарынан тұра алмағандықтан, оларды өз қолымызбен тамақтандырамыз. Тіпті, кейбір балалар арнайы шөлмектен тамақтанады. Әрқайсысын 15 минуттан мүгедектер арбасына отырғызып қоямыз. Өйткені жата берсе, олардың бауырына зақым келуі ықтимал, – дейді тәрбиеші Майя Қыдырбаева.

Біздің бір байқағанымыз, интернат қызметкерлерінің барлығы мұндағы тәрбиеленушілерді өз балаларындай көреді. Тіпті, балалар мекемедегі ер азаматтардың барлығын «әке», әйел адамдарды «ана» деп атайды екен. Бірақ... Олардың арасында өздерінің туған аналарын әлі күнге дейін күтіп жүргендер де бар. Кейбір балалардың бас­ты армандарының бірі – аналарымен қауышу. Интернатқа орналастырылған балалардың барлығы бірдей тастанды балалар емес. Ата-аналары арнайы осы нитернатқа өткізген балалар да бар. Мұндай балаларға үйде қараудың мүмкіндігі аз болғандықтан, оларды осы мекемеге орналастырған ата-аналарды кінәлай да алмайды екенсің. Бұл ойымызды аға медбике Әлима Құсетқызы да қолдады.

– Мұндай балалармен жұмыс істеу қиын, әрине. Бізде ол балаларға арнайы мамандар қарайды. Ал үйде олар ауырып қалса, тағы бір жағдай болса ата-аналардың көбі не істеу керектігін білмейді. Ауытқуы бар баланың ата-анасы күні-түні баласының жанында болуы тиіс. Сол себепті олар балаларын осында әкеп тастайды. Бірақ олар балаларын мүлдем ұмытып кетеді деген сөз емес. Демалыс күндері келіп, балаларын алып кетіп жатады. Жасыратыны жоқ, балаларын әкеп тастағаннан кейін, мүлдем ат ізін салмай кеткен ата-аналар да бар. Сондықтан балалардың осы жердегі ата-анасы – бізбіз, – дейді аталмыш интернатта 20 жылдай уақыт қызмет еткен Әлима Иманбаева.

Тағы бір көзбен көргенімізді айта кеткеніміз жөн болар. Интернаттағы тәрбиеленушілердің арасында қазақтың қарагөздерінің қатары көп. Қызметкерлердің сөзіне сенсек, бұрындары мұнда қазақ балаларының саны аз болған көрінеді. Қазір бәрі керісінше. Есесіне, қызметкерлердің басым көпшілігі қазақтар. Бірақ тәрбиешілер де, басшылар да балаларды ұлтқа бөліп, оларды алаламайды. Барлығына бірдей күтім көрсетіліп, барлығына бірдей жағдай жасалады. Қатарынан қалып қойған, тағдырдың сынағымен ақыл-есінде ауытқу байқалған балалардың көңіліне қуаныш ұялатып, солардың жанарын мұң торламасыншы деген тілекпен еңбек ететін ұжым үстінен бүгінге дейін шағым түскен емес.

 Қайырымды басшы – қамқор «әке»

Мекеме мемлекеттің толық қадаға­лауында. Барлық шығындар мемлекет қазынасынан өтеледі. Десек те, интернатқа ол қаражат жеткіліксіз. Интернатқа демеушілердің қолдауы да ауадай қажет. 1963 жылдан бері жұмыс үстеп келе жатқан үш қабатты ғимараттың ескіргені бесенеден белгілі. Аталмыш мекемеге қолы ашық жандар қол ұшын созып, жанары жәудіреген бүлдіршіндерге аз да болса демеу көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді деп ойладық. Бірақ қол қусырып қарап отырған мекеме басшылығы да жоқ. Шама-шарқының келгенінше балалардың жағдайын жасауға, ғимараттың талапқа сай болуына атсалысып жүрген интернат-үйінің директоры Қанат Қуандықұлына әріптестері де риза.

Әлима Иманбаева, аға медбике:

– Қанат Қуандықұлының келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бізге біраз жағдай жасады. Бір таң қалатыным, таңертең ерте келіп, кешке өте кеш қайтады. Қызметкерлерге де, балаларға да өте қамқор. Балалар жататын жоғарғы қабаттарға күніне 7-8 рет көтеріледі. Олардың тамақтанғанын да, кешке төсекке жатқанын да өзі қадағалап жүреді. Балалар ұйықтағаннан кейін ғана үйіне қайтады. Мұны кез келген қызметкер растайды.

Үміт Кенжебекова, директордың орынбасары:

– Менің осы интернатта жұмыс жасап жатқаныма 29 жыл болады биыл. Осыған дейін басшылық бірнеше рет ауысты. Желтоқсан айының соңынан бастап Қанат Қуандықұлы директор болып тағайындалды. Біраз жұмыс атқарып жатыр. Мемлекеттің қарамағында болғандықтан, бізге үнемі тексеру келіп жатады. Сондай тексерулер кезінде болатын ескертпелердің барлығымен қазір күресуде. Интернаттағы жағдайдың барлығын ретке келтіріп, жөндеу жұмыстарын қолға алды.

Расымен де, барлығы басшыға байланысты. Аталмыш интернаттың барлық қыр-сырын айтып беретін де басшы. Сондықтан, біз де интернатқа бас сұққаннан-ақ, мекеме басшысының есігін қаққан болатынбыз. Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған интернат-үйінің директоры Қанат Сабыров еш кідірместен, мекеменің бұрыш-бұрышын түгел көрсетіп шықты. Ешбірін жасырмай, ғимараттың ауласы мен ішкі 3 қабатын толық аралатып шыққан басшыны біздің де алғаш көруіміз. «Басшылық ауысқалы бері мекемеге жан кіргендей» деген қызметкерлердің ыстық ықыласын біз де енді түсінгендей болдық. «52 жыл бойы қызмет істеп келе жатқан ғимараттың ескісін жаңартуға тырысып жатырмыз, – деп бастады сөзін интернат директоры Қанат Сабыров. – Бұрын мұнда қарапайым ғана қоқыс тастайтын орын да ашық-шашық болатын. Бала болған соң, олар сол қоқыстағы заттарды қолымен ұстайды. Өздері иммунитеті өте әлсіз балалар одан кейін сырқаттанып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан алғашқы жұмысты осы қоқыс төгетін жәшіктерді оқшаулап, қоршаудан бастадық. Содан кейін балалар сыртқа шығып, серуендеуі үшін арнайы ауланы әрледік». Иә, балаларға арналған ауланың жаңа сипат алғанына көп уақыт бола қоймағаны көрініп-ақ тұр. Қабырғаларға салынған түрлі-түсті суреттер кез келген адамның көңіл-күйін көтереді. Балалар үшін жасалған арнайы ойын алаңдары мен отырғыштар да ерекше.

Интернат-үйінің директоры балалар тамақтанатын орынмен, тіпті, оларға тамақ әзірлейтін асхананың ішкі тұрымысымен де таныстырды. Асхананың қызметі де, жағдайы да талапқа сай. Қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс жасайды екен. Балалар күнделікті бес мезгіл тамақтанады. Дастарқандарынан ет, май, жеміс-жидек секілді құнарлы тағамдар үзілген емес. Асхана жұмысымен танысқаннан кейін жоғарғы қабаттағы балалардың бөлмелерін де көріп шықтық. Бөлмеге кіргеннен жаныңыз жайлылықты сезінеді. Әдемі үйлесімділікпен жасалған бөлмелердің іші мұнтаздай таза. Ұлдар мен қыздарға арналған бөлмелер бөлек орналастырылған. Бөлменің іштері әдемі өрнектермен, әсем көріністермен әрленген. Терезе перделері де әр бөлмеге сай әдемі бейнелермен өрнектелген. «Бәрі бірден бола бермейді. Барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Қазір қолдан келгенін жасап жатырмыз. Бізге демеушілердің де көмегі қажет. Рүстем және Әлия деген ерлі-зайыптылар бізге демеушілік көмек көрсетіп тұрады. Демеушілер біздің бөлмелерге алып келген заттарын орналастырамыз. Бірақ балалар кейбір дүниелерді ұрып, сындырып тас­тайды. Қайта жөндесек те, олар қайта сындырады», – дейді Қанат Қуандықұлы.

Интернат-үйінің директоры қызметкерлер жалақысының төмендігін де жасырмады. Тәрбиешілерге 35 мың теңге көлемінде ғана жалақы беріледі екен. Бұл да үкіметтің белгілеп берген тарифі. Жұмысы ауыр, ал жалақысы аз. Сондықтан, мұнда мамандар жұмысқа орналасудан қашады. Қазір интернатта бала күтушілер жетіспейді екен.

Ендігі алда тұрған бір міндет – интернатқа лифт орнату. Өйткені балалардың баспалдақтан ары-бері жүруі қиындау. Балаларды баспалдақпен төменге түсіру – тәрбиешілер үшін де қиын жұмыс. Осыны ескерген Қанат Қуандықұлы лифт орнатудың жоспарын әзірлеп қойыпты. Директордың айтуынша, лифт орнату үшін мамандар қазір Ресейден шығыпты. Олар келгеннен соң, лифтті орнату жұмыстары бірден бас­талып кетпек.

P.S. Мүгедек балаларға арналған интернаттың тәрбиеленушілері үшін әрбір аман-есен оянған күндерінің өзі бір бақыт. Интернаттағы қызметкерлердің барлығын «әке, ана» деп атайтын балалар шынайы қамқорлыққа бөленгенімен, олардың нағыз отбасын аңсайтыны көздерінен көрінгендей. Сырттан келген әрбір жанға үлкен үмітпен қарайтын бүлдіршіндер ертеңгі күнге сенім білдіреді. Интернат дәлізіндегі орыс қыздың «добрый папа» деген атауы Қанат Қуандықұлына берілген ең әділ баға секілді. Есіктен шыға бере алдымнан кездескен арбадағы балдырғанның «Сәлеметсіз бе?» деп саңқ еткен дауысы елең еткізді. Көзінде үміт оты бар бүлдіршінге тек «Қалың қалай?» деген сауал ғана қоя алдым. Жанары күлімдеп тұрған балақайдың «нәрмәлні» деген жауабы бүгінге дейін құлағымда тұр.