Қарызы жоқ қазаққа таңданатын кез келді

Қарызы жоқ қазаққа таңданатын кез келді

Қарызы жоқ қазаққа таңданатын кез келді
ашық дереккөзі
Қарыздың салмағы ауыр, қайтарымы қиын. Қазақта қарыз алысу, берісу бұрыннан болған әдет. Бірақ алыс-берістің барлығын қарыз деуге келмес. Әйтеуір ауылы аралас, қойы қоралас адамдар мал берісіп, алысуды бір-біріне қарыз санамаған. Ал нарық заманында бұл бейбіт өмір ұмыт қалды. Көпшіліктің мойнында қарызы, банкте несиесі, мемлекетке салығы тағысын тағы, әйтеуір берешегі көп. Қазақстан халқының 8,5 миллионы еңбекке жарамды азаматтар. Қазақстанда 1 миллион 200 мың адам банкке қарызын мүлдем қайтармай жүр. Қазіргі таңда 5 миллион адамның банкке берешегі бар. Бұл –Қазақстан тұрғындарының төрттен бірі. Демек, несие алушылардың қарасы көп деген сөз. Бұрынырақ несиенің үстеме пайызы жоғары болатын, сәйкесінше несие алушылардың да қатары сирек еді. Өкінішке не бағымызға орай, банктердің қазіргі несиелік жүйесі біршама жеңілдеп, түрлі бағыт бойынша халықтың қызығушылығын тудырып отыр. Сондықтан болар, жыл сайын несие алушылар көбейіп келеді. Қарызға бел буғандардың әлеуметтік топтары да әр түрлі. Жұмысы бар сегіз жарым миллион жанның жартысынан көбі несие алады десек, соның басым бөлігі ерлі-зайыптылар екен. Жуырда несие алушылардың әлеуметтік жасы мен тобын анықтау үшін «Робот Займер» сараптамалық орталығы зерттеу жүргізген болатын. Бір жылдың ішінде 37 мың 383 қарыз алушы сауалнамаға қатысқан. Зерттеуге сәйкес, отбасылы адамдар үйленбегендерге қарағанда несиені жиі алатын көрінеді. Нақтырақ айтсақ, ерлі-зайыптылар 7,7 пайызға жиі рәсімдейді, яғни клиенттердің 51,4 пайызы ресми некедегі тұлғалар. Ал былтыр дәл осы көрсеткіш сәл аздау – 48,5 пайыз ғана болған. Әрине, несие амалсыздан алынады. Асылы, бұл жылдан жылға отбасы шығындарының көбейгенін білдірсе керек. Несие алушы бойдақтардың үлесі – 39,8 пайыз. Бұл бойдақтардың қор жинап, қажет дүниесін қолма қол ақшаға алуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Бұл тізімде ажырасқан тұлғалар да бар. Клиенттер базасының 6,6 пайызы – бұрын некеде болған тұлғалар. Бұл топ қарызды бойдақтардан да азырақ алады. Негізі, бұл көрсеткіш ел тұрғындарының несие тарихын толық сипаттап бере алмайды. Осыған қарап несиені әлеуметтік топ бойынша емес, жас шамасына қарай жүргізу керек шығар. Осы арада несие қандай мақсатта жұмсалады деген сұрақтың қойылуы заңды. Расында, отандастарымыз кепілмен, кепілсіз алған қарызын қайда жұмсайды? Жан бағу үшін қарыз алып отыр ма, әлде қосымша керек-жарағына жеткізе алмай отыр ма? Оның да жауабы табылды. Бір өкініштісі, зерттеулер нәтижесі бойынша алынған қарыздың 85 пайызы мақсатсыз жұмсалады. Міне, осылай. Яғни, қымбат көлік, той-думан мен өлім-жітім, қымбат тондарға жұмсалады. Бір қызығы, бұл ысырапшылдықты шетелдіктер де білетін сияқты. Үш жыл бұрын әйгілі украиндық «Орел и Решка» бағдарламасы Алматыны түсіруге келді. Сонда танымал қонақүйдің ең жайлы бөлмесіне орналасқан жүргізуші «Қазақтар сән-салтанатты ұнатады» дейді. Бұдан кейін қаланы аралап, Алматы көшелеріндегі қымбат көліктерді көрсетіп: «Бір қызығы, бұл қаланың тұрғындары басында үйі жоқ, пәтерді жалдап тұрса да, несиеге қымбат көлік мінгенді ұнатады» деген-ді. Сонымен қатар, тұрмыстық техникаға несие көп алынатын көрінеді. Мәселен, былтырдың өзінде қазақстандықтар 3 триллион теңгеге тұрмыстық техника алған. Ал бүгінде 1 миллион 200 мың адам несиесін қайтара алмай жүрген көрінеді. Олардың банктерге берешегі 1 триллион теңгеден асып жығылған. Қарыз алмаған қазақстандыққа таң қалатын заман туған. Сәл ертеректе америкалық азаматтардың қай-қайсысының да несиесі бар екен деп таң қалушы едік. Расында, еркін қоғамда өмір сүретін америкалықтар мүмкіндігі бола тұра, несиемен бөліп төлеуді жөн санайды. Себебі америкалық банктер жергілікті халық үшін тиімді талаптар қарастырған. Осылайша ай сайын ептеп қана төлеп отыру америкалықтардың қалтасына ауырлық түсірмейді. Сондықтан екінің бірі үйді ипотекаға алады, көлікті несиеге алады. Соңғы жылдары америкалықтардың көптеп несие алуына көлік пен баланың білім алуы түрткі болған. Жалпы, АҚШ-тағы несие берудің жүйесі мүлде басқа. Айталық, тұрғын үй алу үшін несие алсаңыз, сол үйдің өзі сізге кепіл бола алады. Ал елімізде кепілге басқа үйді қою талап етіледі. Биыл қаңтар-наурыз аралығында екінші деңгейлі банктердің ипотекалық қарызы 15 миллиард теңгеге ұлғайып, 998 миллиард теңгеге жетті. Наурыз айының соңындағы ипотекалық несие көлемі 127 миллиард теңгеге артса, соның ішінде 56 миллиард теңгелік өсім «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкіне тиесілі. Осы орайда банктен ипотекаға үй алған борышкерді сөзге тарттық. Әлия апайдың мамандығы мұғалім, бюджеттік қызметкер ретінде бағдарлама арқылы баспаналы болып отыр. «Он жыл кезекте тұрдық, күйеуім де мұғалім. Мұғалімнің жалақысы көп емес. Әйтеуір кезекке ілініп, жолымыз болды. Үйдің ақшасын «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі арқылы төлейміз. Жиырма екі жыл бойы айына 47 мың теңгеден төленуі тиіс. Былай айтқанда, көп емес. Бірақ төлеген кезде, қиналып қаламыз. Несие рәсімдеген кезде ортақ табысымыз жетпей, төлем қабілетін дәлелдеу үшін біраз әуре болдық. Ақыры кепіл болатын адам (гарант) қойып, қосымша несие алып, шоттағы қаражатты көбейттік. Сөйтіп осы үйді алдық», – деді. Қай банкте де несие рәсімдеу оңай, ал өтеу жағы қиындау. Мысалы, әлеуметтанушылар халқымыздың қаражатты есепсіз жұмсайтынын ылғи айтады. Олардың айтуынша, қолда бар қаражатты үнемдеу үшін, мақсатсыз шығынға ұрынбай, қор жинау үшін шығының мен табысыңды алдын ала есептеп алу керек. Керең десеңіз, жазып отыруға болады. Сонда ғана несиені ертерек жабуды, артық ақша жинауды үйренеді. Өкінішке қарай, халқымызға тән ысырапшылдық қаражатты мақсатсыз жұмсауға ғана тәрбиелейді. Жуырда Facebook қолданушыларының бірі мынадай сауал тастады. «Өмір бойы зауытта жұмыс істеген менің әке-шешем орташа америкалықтың ата-анасы секілді жылына бір рет шетелде неге демала алмайды?». Осыған шетелде білім алып жатқан журналист қыз мынадай жауап жазады. «Негізі, біздің әке-шешелеріміз бен ата-енелеріміз қыста сойған соғымының жартысын бізге беріп жіберіп, жартысын соғым басына таратып, қалғанын құда-жекжат, туған-туысқа «ауыз тигізуге» салып жіберуін, немересінің қолына көрсетіп бір ұстатып, балаларының қолына көрсетпей бір ұстатып, ақшаларын тықпыштауын қойғанда, туған күн сайын карточкаларға ақша аударып, қолдарында 1-2 мың теңге артылып қалса телефондарға сала салуын, ауылдағы туғандар алыстан кісі келсе бір малын капут қылып, қайтарда жаз бойы жапқан банкалары мен қалта-қалта құрт-ірімшігін базарға апарып сатудың орнына келген кісіге ұстатып жіберуін тоқтатқанда, олар да Канар, Гавай аралдарында демалып жүрер еді. Америкалық жанұялардың тамақ ішіп болған соң әркім (анасы, әкесі, баласы, келіні) өз дебит-кредит карточкасымен төлеп жататындарын, туған күнге қымбат ресторанға шақырып алып, қонақтардың өздері төлейтіндерін, қалыңдық пен күйеу жігіттің бір счетті теңдей бөліп төлеп жатқандарын көрген соң, «16-ға толған балаларына «Өз күндеріңді көріңдер, енді мен өзім үшін өмір сүрем» деуі керек пе?» деп жазады. Осы бір ойдың астарында шындық бар. Қаражатты ұқыптап жұмсау, сірә, қазақ халқына жат нәрсе сияқты. Одан да қажет болғанда қарыз алу, қарыз бере салу оңай. Баяғыда ақшалай қарыз алу аз болған, қазіргі кездегі тауарлық несие сияқты, мал-мүлікпен саудаласып, сонымен есептескен. Қазақтың қарыз алуы туралы Торғай облысының әскери губернаторы Лев Баллюзек өз жазбаларында жазып қалдырған. 1865 жылы қызметіне кіріскен әскери губернатор жергілікті би, сұлтан, ақсақал, болыстар мен басқармаларға қазақ халқының заңдары мен құқықтық жүйесін жазып әкелуге бұйрық береді. Көп ұзамай жазылған дүниелер бойынша жинақ шығарады. Оның мақсаты, жергілікті халықты басқару үшін олардың құқықтық жүйесі мен әдет-ғұрыптарына сүйену болатын. Осы Баллюзек жасаған жинақта сауда мен айырбас көзі – мал деп көрсетілген. Демек, қарыз алу да, беру де малмен есептелген. Қыздың қалыңмалы да малмен өтелетін. Жалпы, қарызға мал берілетін болған. Осында қазақтың қарызды өтеу ғұрпына қатысты мысалдар келтіреді. Егер қарыз алып, оны қайтара алмаса, оның қарызын туыстары қайтаратын болған. Егер олардың шамасы келмесе, бүкіл ауыл болып өтеуі тиіс. Бұдан шығатын қорытынды, бағзыда да қарыз беріліп, тіпті өлім алдында да қарызды өтеу парыз болған. Бұл туралы 1911 жылы әскери офицер Александр Мякутин «Юридический быт киргизов» жинағында жазады. Малмен есеп айырысудан басқа шәй, қант, бидай, ақшамен сауда жасалған. Қазақтар қандай малды қарызға алса, дәл сол жастағы малды қайтарған. Ал қарыз беру ауызша рәсімделіп, ант су ішумен бекітілген. Үстеме ақысы ретінде қой мен сиыр, қозылы саулық, бұзаулы сиыр болып қайтарылған. Қазақтарда қарыз алу мен беру кейінірек шариғат бойынша жүргізілген. Шариғатта қарыз – біреуге үстемесіз, қайтарымымен берілетін материалды көмек. Шариғат бойынша, ол рұқсат етілген игі іс. Мұсылмандардың бір-бірінен қарыз сұрауына болады. Бірақ қарыз беруші қарыз алушының ол ақшаны теріс істерге (құмар ойындары, ішімдік және т.б.) жұмсайтынын біле тұра, қарыз берсе – харам. Сондықтан қарызды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, жақсы істерге беру керек. Ақыл-есі кем, кәмелетке толмағандар мен балаларға қарыз беруге де, алуға да болмайды. Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Егер адамның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн. Себебі қарыз беру – сауапты іс болып саналады. Қарызыңды қайтару қиын болса, кейбір мемлекеттер халқы үшін жеңіл жолдарды қарастырған. Мысалы, Нидерландтар елінде жыл соңында барлық шығын бойынша есеп жасап, тиісті органдарға артық табысыңыздың жоқтығын дәлелдейсіз. Қарызды былай қойғанда, отбасында балабақшада, мектепте, жоғарғы оқу орнында білім алатын бала болса, ипотекалық қарыз болса тұрғылықты азаматтар табыс салығынан босатылады. Расында, адамгершілік тұрғысынан бұл әділ шешім.