Индустрияландыру картасы: 700 млрд теңгеге - 100-ден астам жоба  

Индустрияландыру картасы: 700 млрд теңгеге - 100-ден астам жоба  

Индустрияландыру картасы:  700 млрд теңгеге - 100-ден астам жоба  
ашық дереккөзі
508
Биыл Индустрияландыру картасы аясында 700 млрд теңгенің 100-ден астам жобасы іске қосылады. Бұл жөнінде ҚР Үкіметіндегі баспасөз мәслихатында еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек:    «Министрлікке қарасты негізгі салаларда дамудың оң динамикасы байқалып отыр. Бұл қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары мен әлемдік нарықтағы базалық металдар бағасының тұрақтылығының арқасында мүмкін болды. Бірінші тоқсанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8, тау-кен өнеркәсібінде 5,6  пайызға артты. Бұл түсті металдар кенін өндіру көлемінің 10,8 және темір кенін өндіру көлемінің 11,4 пайызға өсуімен байланысты», – деді министр. Оның айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу саласында 6,5 пайызға тұрақты оң өсім болды. Отандық экономикадағы бұл оң үрдіс индустрияландыру саясатының арқасында қалыптасты. «Арселор Миттал Теміртауда» болат өндірісі 7, «Казхромда» ферроқорытпа 8, «Казцинкте» қорғасын өндірісі 10, алтын өндірісі 12, «Қазақмыс» корпорациясында мыс өндірісі 2, алтын өндірісі 6, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ында титан құймалары өндірісі 5  пайызға өсті. Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы бойынша шамамен 700 млрд. теңге болатын 100-ден астам жобаны іске қосу көзделіп отыр. 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның ішінде биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7,6 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылды. 415 тұрақты жұмыс орны құрылды», – деді Қасымбек.

Транзиттік тасымал артып келеді

ҚХР-Еуроодақ-ҚХР бағытында контейнерлік тасымал көлемі 1,6 есеге өсті. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы жылдың бірінші тоқсанында көлік қызметінің көлемі 3,4 пайызға, жүк айналымы 5,4 пайызға өскенін жеткізді. «Транзиттік контейнерлік тасымал бағытындағы көрсеткіштер де жақсара түсуде. Бүгінгі күні біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға күш салудамыз», – деді ол. Министрдің дерегінше, 2017 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 3 есеге артып отыр. «ҚХР-Еуроодақ-ҚХР бағытында контейнерлік тасымал көлемі 1,6 есеге өсті. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылға дейін автожол саласында 1,7 трлн теңге қаржыға ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 23 жобаны жүзеге асыруды жоспарлаудамыз», – деді Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, биыл өтпелі 7 жобаның жұмысы жалғасады. Жыл соңына дейін 602 шақырым жолдың жұмыстарын аяқтау көзделген. Бұдан бөлек республикалық бюджет қаржысы мен халықаралық қаржы институттарының займы есебінен жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырым болатын 16 жаңа жобаны бастау жоспарланған. Ал жалпы, автомобиль жолдарының құрылысы мен қайта құру жұмыстарын жүргізуге биыл 100 мың адам атсалысатын болады.

Алакөлге – жаңа жол

Іле Алатауының Тарбағатай тауымен түйісетін тұсында Жер-Ананың жанарындай төңкеріліп жатқан еліміздің мақтанышы – айдынды Алакөл бар. Емдік қасиеті медицинада дәлелденген ағынсыз су қоймасы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Кезінде тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, өзге капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ғарышкерлері бойындағы радиациядан осы Алакөлде демалу арқылы арылғандықтары мәлім. Алакөлдің шипалық қасиетін біздер енді ғана түсінгендейміз. Бағамдасақ, шипалы суымен танылған көрнекті орынға келушілердің саны да жыл санап ұлғаюда. Былтыр Алакөлде 150 мыңға жуық адам демалыпты. Алайда, жаз мезгілінде Алакөлге баратын жұртты мазалайтын бір сұрақ бар. Ол – айта, айта жауыр болған жол мәселесі. Кейбір демалушылар Алакөлге жеткенше әбден шалдығатынын айтса, енді бірі үйге құдды бір ауыр жүк көтергендей ораламыз дегенді айтады. Айтса, айтқандай-ақ, Алматы мен Алакөл арасындағы 900 шақырым жолды еңсерем дегенше тұралап қалатындар көп. Жол қаладан алыстаған сайын қиқы-жиқы. «Жол – экономиканың күрематыры» десек те, ойлы-шұңқырлы жолдарды жөндеу жұмысы кешеуілдеп тұр. Әлемнің 144 еліне жүргізілген сараптама нәтижесінде еліміздің жолдары сапасы жағынан 117 орынды иеленіпті. Мақтанатындай нәрсе емес, әрине. Әлем елдерінің тас жолдарын салыстырып, баға берген Дүниежүзілік экономикалық форумының мамандары ең сапалы жолға 7 балдық көрсеткіш берген. Нәтижесінде біздің елдегі шұрық-тесік жолдарға берген бағасы 2,7 балға әрең жеткен. Кең байтақ жеріміз бен бір-бірінен шалғайда жатқан 14 облысымыздың арасын жақындататын тақтайдай тегіс жол ғана екені сөзсіз. Әйтсе де қала, облыс, аудандардағы ішкі көшелердің жолы тұрмақ, ірі қалалардың арасын жалғайтын үлкен жолдарымызға да айтылар сын аз емес. Аталмыш ұйым өкілдері ең сапалы жол ретінде алғашқы орынды Франция еліне берсе, одан кейінгі орындарға Біріккен Араб Әмірлігі мен Сингапур елі жайғасқан көрінеді. Алматы облыстық туризм басқармасы ҚР Туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамаларын бекіту туралы №508 қаулысына сәйкес, көл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 17 іс-шара қарастырған-ды. Осыған орай 2015-2017 жылдар аралығында Ақши ауылының көл жағалауында 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Екі жыл бұрын Алакөл көлінің маңында туризмді дамыту мақсатында «Алматы-Жетіген-Достық» бағытындағы жолаушыларға арналған жаңа туристік пойыз жолға шыққан болатын. Оған Алматы облысы бюджетінен 63 млн тенге субсидия бөлінгені белгілі. Сондай-ақ, Ақши ауылының демалыс аймақтарына баратын 24 шақырым жол салу жұмыстары жүргізілді. Ал осы жылы Алакөлге жаңа жол  құрылысы басталады. «Биыл Үшарал-Достық жолының құрылысын бастаймыз. Бұл Алакөлге қарай баратын жол. Жалпы, жыл сайын 500 мың адам, оның ішінде Алматы облысының тұрғындары да Алакөлге қатынайды. Жаңа жол салып, Үшарал әуежайының жағдайын жақсарту арқылы аталған  шипажайдың туристік әлеуетін жақсарта түсе аламыз. Дәл осындай жоспар Түркістан, Бурабай, Шығыс Қазақстан облысының шипажай аймақтары бағытында да жүзеге асады», – деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Айта кетейік, Алакөл – тұзды, ағынсыз көл. Ол Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан. Көлдің оңтүстік-шығыс жағында Жоңғар қақпасы бар. Батыс жағында Көктұма ауылы қоныс тепкен. Ол қазақ-қытай шекарасынан 80 шақырым жерде жатыр. Ал шығысында  Қабанбай ауылы. Бұл ауыл дамыған туристік инфрақұрылымымен ерекше, Қабанбайдың шығысында 15 шақырым жерде Барлық-Арасан шипажайы бар. Алакөлде шипажай демалыс орындарының орналасуының  себебі – суы минералдарға бай. Оның су құрамында Менделеев кестесі элементтерінің көбі кездеседі, құрамы жағынан Қара және Өлі теңіздерге ұқсайды. Сондықтан мұнда жылдан жылға демалушылар санын арттыру  үшін ішкі туризмді дамытуды қолға алу қажет. Сонда ғана туризм экономиканың табыс әкелетін бірден-бір саласына айналады.

Бір жылда 40 мың адам 10 сотық жер алады

Соңғы кезде қоғамда мемлекеттен 10 сотық жер алу мәселесі қызу талқыға салынған еді. Тіпті, жұрт арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, 10 сотық жер алуға өтініш те қалдырды. Алайда көптеген өтініш иелері «өтінішіңіз қанаттандырылмады» деген жауап алған болатын. Бір айта кетерлігі, еліміздің шығыс, солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға тәуекел етсеңіз, дәл осы 10 сотық жерге иелік ете аласыз. «Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жекеменшік үйлер салына бастады. Біз жақында Алматы облысына бардық. Ол жақта салынатын тұрғын үйлердің 80 пайызын 10 сотық жерге салынатын жекеменшік үйлер  құрайды. Бірақ бүгінгі күні тізімде 10 сотық жер алғысы келетін адамдар өте көп. Сондықтан әкімшіліктермен 10 сотық жерді  инфрақұрылымы тартылған жағдайда ғана беру туралы келісімге келдік. Ал  инфрақұрылым тартуға  бюджеттен қаржы қарастырып, бөліп отырмыз. Әрбір  облысқа 1,5  млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Тізімде адам көп. Бірақ 10 сотық жерді жылына 40 мың ғана адам ала алады», – деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырза.  Сонымен қатар министр баспананы бастапқы жарнасыз  несиеге алу тетігі «Тұрғынүйжинақбанкінде» қарастырылмағандығын да атап өтті. «Тұрғынүйжинақбанкі» арқылы баспанаға несие алу үшін алғашқы жарна болуы қажет», – деп қадап айтты ол. Айтпақшы, Алматы облысында 140 мыңнан астам адам жер кезегінде тұрған көрінеді. Министр Жеңіс Қасымбек облыс тұрғындарына «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуын түсіндіре келе,  атқарушы билікке жер телімін таратпас бұрын инфрақұрылымын ретке келтіруді және бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды. Жалпы биыл Алматы облысында  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көлемі 12,2 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар облыс орталығында 2017 жылы оңтүстік-батыс тұрғын үй алабында 873 пәтерге арналған 9 үйді пайдалануға беру көзделген. Жоба құны – 6 107,1 млн теңге.

ЭКСПО қонақтарын жаңа әуе рейстері тасымалдамақ

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына аз ғана уақыт қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, елімізде бұрын-сонды болмаған мұндай іс-шараның абыроймен өтуіне халықтың елеңдеуі де өте орынды. Астана 10 маусымнан бастап, үш ай бойы 2 млн-ға жуық туристерді қабылдайды. Олар көрмені кемінде екі рет аралайды деп жоспарланған. Бұл еліміздің халықаралық деңгейде абыройының асқақтауына зор себеп. Көрмені өткізу Астана қаласының, сонымен бірге республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет етеді. Мұндай мамандандырылған көрмелерде әлемнің барлық мемлекеттері өздерінің ең үздік инновациялық, технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін әлем назарына ұсынады. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастыруға бет алып, жаһандық экономиканың өрлеуін де, мәдениеттің мәйегін де, өнердің гүлденуін де паш етеді. Сонымен «Болашақ энергиясы» атты тақырыпта өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің берері сөзсіз көп. ЭКСПО – республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуының қосымша стимулы.  Әлемнің әр түкпірінен келген жаңа, заманауи, инновациялық технологиялар көрмеге қойылып қана қоймай, олардың жұмыс істеу қағидалары да көрсетілмек. Соның нәтижесінде, біз басқа елдердегі озық технологиялар мен техниканың қай бағытта, қалай дамып жатқанына куә боламыз. Және көрмеге келушілер еліміздің бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен, тарихымен, өнерімен және қазақтың ерекше қасиеті – қонақжайлылығымен танысады. Әлемдік қоғамдастықтың алдында бұл көрме Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады. ЭКСПО-ға арнайы салынған қалашық пен түрлі жоба нысандары көрме аяқталғаннан кейін де, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет ететін болады. Тіпті, жоба барысында қонақ үй ретінде соғылған көпқабатты ғимараттар қала әкімдігіне өтіп, кейін тұрғын үйлердің қатарын толықтыра түседі. Жалпы, көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігі ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары болады деп болжануда. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растады. Ал әр келген турист өзімен бірге кемінде 100 доллар ала келеді десек, еліміздің бюджетіне бұл елеулі табыс. Оған қоса, ЭКСПО көрмесін Астанаға келіп тамашалаған адам, жаз айында Бурабай мен Алматыға соқпай кетуі мүмкін емес. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлер келген туристер есебінен пайда табады. Алайда мамандандырылған көрмеге келетін қонақтардың елге жайлы, ыңғайлы жетуі де маңызды. Бұл әуелі қауіпсіздік мәселесі және ұшақ санының артуы. Биыл маусым айынан бастап Польша, Венгрия, Финляндия, Қытайдың жаңа әуе тасымалдаушылары ұшу жиілігі аптасына 11 рейс болатын 4 бағыт бойынша жұмыстарын бастайды («LOT Polish Airlines»,«WizzAir», «FinnAir» и «Air China»). Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. Соның ішінде қазақстандық тасымалдаушылар 7 қалаға 12 рейс ашуды жоспарлап отыр. Олар: Сиань, Киев, Минводы, Ереван, Жуковский, Челябинск, Томск. Сонымен қатар, Стамбұл, Бейжің, Лондон, Сеул, Новосибирск, Екатеринбург, Омбы, Санкт-Петербург, Үрімші бағыттары бойынша рейс сандары көбейеді. «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының дерегі бойынша халықаралық рейстермен 310 мың шетелдік жолаушы келмекші. Халықаралық бағыттарды толық қамту үшін 755 мың жолаушы орны берілетін болады. Ұшу жиілігі аптасына 196 рейс болатын 32 халықаралық бағыт. «Биыл қанатқақты режімде Астана үшін ашық аспан тәртібін енгіздік, яғни әлемнің кез келген нүктесінен аптасына 7 рет жиілікпен әрбір әуе компаниясы Астанаға бағдарларын ұйымдастыра алады. Біз осы режімді ЭКСПО кезеңіне енгіздік. Егер де жоба сәтті болса, оны ары қарай да жалғастырмақпыз. Осы айдың ішінде төрт бағытта рейстерді ашудың нақты жоспарын белгіледік, осы орайда Варшава, Хельсинки, Будапешт қамтылмақ. Бұған қоса «Air China» алғаш рет Бейжіңнен Астанаға әуе сапарларын бастайды. Бұрындары тек «Эйр Астана» ғана ұшқан болатын», – деді Жеңіс Қасымбек. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі бағдарларға аптасына 11 рейстің жиілігі қосылады. Бұл тұрғыда әуе компаниялары әлемнің бірқатар ірі қалаларына рейстерді көбейтпек. «Жалпы, ЭКСПО кезеңінде қосымша 300 мыңнан астам шетелдік меймандарды қабылдай аламыз, осыған Қазақстан өңірлерінен 160 мың адам қосылады. Жаңа рейстердің, жаңа әуежайдың пайда болғанын ескере отырып, жолаушыларға қызмет көрсетудегі мүмкіндіктер жоғарылады», – деді министр мырза. Айта кету керек, 1 маусымда Астананың жаңа вокзалы мен әуежай терминалы да алғашқы жолаушыларды қабылдауға сақадай-сай. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек:  «Мамыр айының15-і күндері, екі нысанның да құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Он шақты күн ішінде тестілік сынақ жұмыстары жүргізіледі, вокзалда да, әуежайда да алғашқы жолаушыларды 1 маусым күні қабылдаймыз», – деді. Сонымен қатар, министр жаңа әуежайдың үлкен жолаушылар легін қабылдайтын мүмкіндігі болатынын айтты. «Биыл біз пилоттық режимде елордаға «ашық аспан» жүйесін енгіздік, яғни әлемнің кез келген жерінен аптасына жиілігі жеті рет, кез-келген әуе компаниясы Астанаға қатынай алады», – деді министр. 7 қабатты жаңа  вокзалдың жабық ғимаратына бір мезгілде 6 пойыз қатарынан кіре алады. Тәулігіне 35 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы ғимарат 26 жедел сатымен, 52 эскалатормен жабдықталған. Ал Астана әуежайы жаңа терминалының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр.  Бұл терминал пайдалануға берілгеннен кейін әуежайдың жолаушылар өткізу қабілеттілігі жылына 8,2 миллионға дейін артады немесе сағатына 2,5 мың адамды құрайтын болады. Бұл нысандар 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекке дейін созылатын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында пайдалануға берілгелі отыр.

 Кәсіпорындардың өндірістік тізбегі жасалады

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «NADLoC» жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Мәскеуде өткен өнеркәсіптік кооперацияның, субконтрактацияның және технология трансферінің Еуразиялық желісін қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру мәселелері жөніндегі жиынға қатысты. Дөңгелек үстелге ЕАЭО мүше елдер – Армения, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей Федерациясының өкілдері келді. Өнеркәсіптік кооперация мен субконтрактацияның Еуразиялық желісі шағын және орта кәсіпорындарды өндірістік тізбекке біріктіру, ЕАЭО мүше-мемлекеттердің өнеркәсіптік кәсіпорындары арасында кооперациялық байланыстар құру тетігі болып табылады.  Өнеркәсіптік кооперация мен субконтрактацияның Еуразиялық желісінің негізі ЕАЭО мүше-мемлекеттердің   өнеркәсіптік кооперациясы мен субконтрактациясы ұлттық сегменттерін құру және іске асыру. Жиынның басты мақсаты Еуразиялық желі тұжырымдамасын іске асыру бойынша Жол картасын талқылау болды. 2018 жылдың соңына дейін ЕАЭО-қа мүше елдер өздерінің ұлттық сегменттері негізінде 2019 жылдан бастап ортақ еуразиялық желіге бірігетін кооперация мен субконтрактация, сондай-ақ технология трансферінің Еуразиялық желісін қалыптастыруы қажет. «NADLoC» жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарушы директоры Дмитрий Усовтың пікірінше, кооперациялық тізілімге кіретін мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасында құрастырушы бөлшектерді жеткізуді кедергісіз жүзеге асыратын болады. «Бұл тәсіл кәсіпорындарға тапсырушы мен жеткізуші арасында еңбек және ресурстар бөлінісінің барлық түрлерін оңтайландырудың арқасында өндірістің жоғары тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін аутсорсингті білдіреді», – деп қорытындылады  өз пікірін Дмитрий Усов. Қазіргі таңда «NADLoC» АҚ Субконтрактация мен өнеркәсіптік кооперация Орталығы отандық тауар өндірушілерді индустриалдық паспорттау жұмысын бастап кетті. Бұл СӨКО үшін деректер базасы үшін қолданылатын болады. Сондай-ақ, қазір 600-ден астам кәсіпорынмен жұмысты аяқтады.    

Серіктес жаңалықтары