1349
Немат Келімбетовтің кітабы венгр тіліне аударылды
Немат Келімбетовтің кітабы венгр тіліне аударылды
Иштван Сечени атындағы Венгрия ұлттық кітапханасындағы Қазақстанның әдебиеті мен мәдениеті орталығында танымал қазақстандық жазушы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» туындысы әлемнің 19 тіліне аударылған, оның ішінде венгр тілі де бар. Бұл кітап Еуропадағы ең беделді әдеби сыйлықтардың бірі - Франц Кафка жүлдесін жеңіп алған. Шығарма «Үміт үзгім келмейді» повесть-монологынан және қазақтардың арғы батыр бабалары - сақтар, ғұндар және ежелгі түркілердің образы көрініс тапқан «Ұлыма хат» эссесінен құралған. Немат Келімбетовтің кітабына пікір жазған Венгрия мемлекеттік жиналыс (парламент) төрағасының орынбасары Шандор Лежак жалпыәлемдік өркениет контексінде жаңа мәдени бағыттарды сіңіріп, дамытып келе жатқан Қазақстанның мәдени мұрасын жоғары бағалайтынын мәлім етті. Ұлттық кітапхананың директоры, шығыстанушы Ласло Тюшке Қазақстанның мәдени мұраға бай екенін баса айтты. Сондай-ақ, ол Орхон-Енисейдегі жазба ескерткіштерінің түркі тайпаларының сөз өнерінің шығармашылық күшімен, ой тереңдігімен және бай мазмұнымен ерекше болуының дәлелі екенін ерекше атап өтті. Венгриядағы Қазақстан Елшісі Нұрбақ Рүстемов тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстардың арқасында Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынастардың ынтымақтастықтың стратегиялық деңгейіне жеткенін мәлімдеді. Шара соңында Дьёрдь Боронкай атындағы венгриялық гимназия оқушысы Богларка Фехер қобызбен қазақ даласының әуенін тартып берді.