237
Ақтөбеде үйі суға кеткен 66 тұрғынға жер телімі берілді
Ақтөбеде үйі суға кеткен 66 тұрғынға жер телімі берілді
Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 81 үй қирап қалды. Құлаған 66 үйдің иесіне жер телімі беріліп, құрылыс материалдарына 1 миллион теңгеден аударылды.
Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде 81 үй қираған. Үйі құлаған 5 адам бүгін «Нұр-Ақтөбе» ықшам ауданынан пәтер алды. Тағы 8 адам уақытша баспаналы болды. Ал 66 адам қала іргесіндегі Қурайлы, Сазды, Өрлеу, Қызылжар ауылдарынан жер алып, үй салуға арналған 1 миллион теңгенің сертифиткатына ие болды. «Кездескен кезде барлығының мәселесін заңға сәйкес шешеміз деп айтқан болатынбыз. Жер кепті, ауа райы өзгерді. Уәдені іске асыратын кез келді. Арнайы комиссия алғашқы қорытынды жасады. Нәтижесінде 200-ге жуық отбасының үйін жөндеуге, жиһаздарын алуға 22 миллион теңге ақша бөлінді. Ендігі кезек - жер беру. Қурайлы ауылынан 44 отбасыға жер берілді. Осы жерге жарық, жылу, су, газ, жолды мемлекет есебінен алып келеміз. Көмектесу үшін әрқайсысына 1 миллион теңгеден бөлінеді. Оған құрылыс материалдары алынады.
Бәріміз қазақпыз. Қазақ ақша болса, той жасағысы келеді. Сіздерге керегі үй. Сондықтан құрылыс компаниялары материалды әкеліп береді. Үйді өздеріңіз саласыздар. Егер мүмкіндігіңіз келмесе, үй салу, құрылыс жүргізуге көмектеседі», - деді Бердібек Сапарбаев. Қалалық әкімдік таңдаған төрт ауылда жарық, су, газ бар. Мектебі мен балабашасы жұмыс істеп тұр. «Махамбет ауылындағы үйіміз қирап қалды. Сол күні мектепке бармай, пәтер жалдап кеттік. Әлі күнге дейін 40 мың теңгеге дейін пәтер жалдап жүрміз. Отбасымызда 7 адам бар. Жалғызбасты анамын. Екі ағам, анам бар, үш баламмен бір жерде тұрамыз. Жер берді. Енді үй саламыз», - деді Джулетта Жұмашқалиева. Айта кетейік, құрылысқа берілген 1 миллион теңгенің 800 мың теңгесіне құрылыс материалы алынады. Ал 200 мың теңгесі құрылысшы қызметіне жұмсалады. Құжаттарды қалалық әкімдік ақысыз рәсімдеп береді.