321
Елбасының ұстазы 100 жасқа толды
Елбасының ұстазы 100 жасқа толды
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұлы Отан соғысының ардагері, Елбасының ұстазы, ардақты ақсақал Сейітхан Исаевты 100 жасқа толуымен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты.
Облыс әкімі А. Баталов ақсақалға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау хатын оқып, табыстады. Президенттің хатында: «Құрметті Сейітхан аға! 100 жасаған торқалы тойыңыз құтты болсын! Бір ғасыр өмір сүру екінің біріне бұйыра бермейтін биік шың. Соның басына шығу жолында Сіздің ғұмырыңыз түрлі қиындықтар мен қуаныштарға толы болды. Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғадыңыз. Ондаған жылдар бойы мектепте ұстаз болып, еңбек етіп, мыңдаған шәкірттердің жүрегіне білім нәрін құйдыңыз. Солардың қатарында өзімнің де болғанымды әрдайым ризашылықпен еске алып, айтып жүремін. Ең бастысы, Сіз ел тәуелсіздігінің куәсі болып, абыз ақсақалымыздың бірі ретінде Отанымыздың көркейіп, нығаюына өз үлесіңізді қостыңыз. Ауырмай аман-есен болып, бұдан былай да өмірдің қуанышы мен қызығына бөлене беріңіз», - делінген.
Мұнан соң облыс басшысы ақсақалға сый-құрмет көрсетіп, иығына ақ шапан жапты. Сейітхан Ахметұлы өз кезегінде Мемлекет басшысының салиқалы саясатымен аға ұрпаққа көрсетіліп отырған сый-құрмет пен қамқорлық үшін ризашылығын білдірді. Осындай қолдау шараларының арқасында ардагерлер еңсесін тік ұстап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп келеді. «Мен әрқашан еліміздің, оның ішінде облысымыздың даму бағытын бағамдап отырамын. Атқарылып жатқан игі істерге әрқашан тілекшімін. Алдағы уақытта да елімізге тыныштық, өсу мен өркендеу тілеймін», - деді абыз ақсақал.