Теміржол – экономика дамуының негізгі күретамырының бірі, спорт – салауатты ұрпақ қалыптастырудың негізі, ал білім – ел болашағына салынған инвестиция. Дәл осы бағыттар «Әділет» партиясының Ақмола, Түркістан және Жетісу облысындағы еңбек ұжымдарымен өткен жиындардың негізгі тақырыбына айналды. Кездесулер барысында Президент Жолдауында айқындалған басымдықтарды өңірлерде нақты жүзеге асыру жолдары талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көкшетауда өткен кездесуде көлік саласына баса назар аударды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің еңбек ұжымымен өткен кездесуде халықаралық көлік дәліздерін дамыту, транзиттік тасымал көлемін арттыру және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.
Қазақстанның географиялық орналасуы халықаралық логистика саласында елге айтарлықтай артықшылық береді. Алайда бұл әлеуетті экономикалық нәтижеге айналдыру үшін заманауи көлік бағыттарын дамыту, инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз ету және жаңа логистикалық мүмкіндіктерді қалыптастыру қажет.
«Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов өңір үшін теміржол желісін дамытумен қатар, онымен сабақтас автокөлікжолдары инфрақұрылымын жетілдірудің де маңызы зор екенін атап өтті.
«Қазақстан халықаралық тасымалдарды ұйымдастырудың негізгі орталықтарының біріне айналу үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Біздің өңір үшін Көкшетау – Петропавл автожолын кеңейту жобасының маңызы ерекше. Оның жүзеге асырылуы өңірдің дамуына тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына және жүк тасымалы көлемінің артуына ықпал етеді», – деді Берген Беспалинов.
Теміржол саласының қызметкерлері үшін басты міндет – көлік жүйесінің үздіксіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Бөлімшенің сигнал беру, орталықтандыру, бұғаттау, байланыс және электрмен жабдықтау бөлімінің басшысы Бауыржан Сұлтанов инфрақұрылымның сенімді жұмыс істеуін ұжымның негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты.
«Теміржол – мемлекет экономикасының күретамыры. Ақмола магистральдық желі бөлімшесі маңызды көлік торабында орналасқан. Сондықтан өзімізге жүктелген жауапкершілікті терең сезінеміз», – деп ол.
Көлік магистральдарынан спорттық жетістіктерге дейін. Түркістан облысында Олимпиадалық резервті даярлау орталығында Президент Жолдауын талқылау бойынша жиын өтті. Кездесу барысында қазақстандық спортшылардың болашақ жеңістерінің негізі саналатын кәсіби даярлық, заманауи жаттығу жағдайлары, материалдық-техникалық базаны нығайту және жас таланттарды дер кезінде қолдау мәселелері сөз болды.

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева спортты дамыту тек медальдар мен рекордтарға қол жеткізу ғана емес, сонымен қатар ұлт денсаулығына үлес қосу, жастарды тәрбиелеу және адами капиталды нығайту екенін атап өтті. Өз кезегінде орталық қызметкерлері жаттығу процесін жетілдіру және спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді.
Ел болашағын айқындайтын тағы бір маңызды сала – білім беру. Жетісу облысында Кербұлақ ауданының Сарыбұлақ орта мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесу өтті. Кездесу барысында білім беру сапасы, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды.
«Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Гүлжан Каманбаева Мемлекет басшысыныңЖолдауында көзделген әлеуметтік-экономикалық бастамаларға тоқталды. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков бүгінде мектеп тек білім берумен шектелмей, балаларды жылдам өзгеріп жатқан әлем жағдайында өмір сүруге бейімдеуі қажет екенін атап өтті.
«Оқушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың сыни ойлау қабілетін, цифрлық сауаттылығын дамыту, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру және қоғамдағы өзгерістерге бейімдеу маңызды. Білім беру саласындағы әрбір бастама – ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция», – деп ол.

Президент Жолдауын еңбек ұжымдары арасында тікелей талқылау мемлекеттік күн тәртібін кәсіпорындар, мекемелер мен тұтас салалардың нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының бастамаларын түсіндіріп қана қоймай, оларды жүзеге асыруға атсалысатын азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдауға да жол ашады.
«Әділет» партиясы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әлеуетін күнделікті қалыптастырып жүрген еңбек адамдарына Жолдау басымдықтарын талқылау мақсатында өңірлердегі кездесулерін жалғастырады.