«Санаткер ұлт» алаңында «Таза Қазақстан» жобасының маңызы талқыланды

/
«Санаткер ұлт» алаңында «Таза Қазақстан» жобасының маңызы талқыланды
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңында қоғам қайраткерлері, зия­лы қауым өкілдері мен сала мамандары бас қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілік, ысырап­шылдықпен күрес, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиында алғаш болып сөз алған Президент кеңесшісі Бауыржан Омаровтың сөзінше, айналаны таза ұстау адамның ойы мен санасының тазалығынан басталады. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы табиғатты аялаумен бірге қоғамның жаңаруын да көздейді.

«Таза Қазақстан» акциясы 2024 жылы 8 сәуірден жүзеге асырыла бастады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстың аса маңызын ерекше атап өтті. Елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналатын болды.

Бұл тұжырымдар мемлекеттің басты құжаттарына да енгізіле бастады. Табиғатты аялау қажеттігі жаңарған Конституциямызда алғаш рет көрініс тапты. Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп нақты міндет қойылды. Демек, бұл – жалпыхалықтық іс. Бұған әр адам атсалысуға тиіс. Себебі бұл жай міндет емес, Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет».

Мәселеге әр қырынан келуге болады. Алдымен, ойға оралатыны – айналаны аялау, яғни қоршаған ортаны қорғау. Сыртқы әлемнің сұлулығын сақтау. Ауаның да ақысы, судың да сұрауы бар екенін ұмытпау. Яғни өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктің тазалығын қам­тамасыз ету. Осы тұрғыдан Президенттің: «Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру», деген сөзін әрдайым есте ұстауымыз қажет», – деді Б. Омаров.

Одан кейін сөз алған Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин экологиялық мәдениетті қалыптастыруды балабақшадан бастау қажеттігін айтты. Ол Норвегия мен Қытай тәжірибесін мысалға келтіріп, қоршаған ортаны таза ұстауда тәрбие мен заманауи технологияның маңызы зор екенін атап өтті.

«Осыдан 21 жыл бұрын техника ғылымдарының докторы атағын қорғаған кезімде Ташкенттен келген ғылыми кеңестің мүшесі Усман Ходжаев деген профессор маған: «Сіз физиканың экологиясын індете зерттеген екенсіз. Ендігі жерде көзге көрінбейтін әлемнің экологиясын зерделегеніңіз абзал», деп кеңес берді. Өзбек ғалымының сөз астарында сана тазалығы, ой мөлдірлігі жатыр. Сананы тазарту үшін жүрегіміз тыныш, таза болуы шарт. Жер бетіндегі игілік атаулының бәрі де адам қолымен жасалады. Өкініштісі, бүлдіруші де – адамзат.

Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты болып жүрген кезімде, радиоак­тивті қалдықтарға қатысты заң жобасын әзірлеу кезінде Норвегия еліне іссапармен бардық. Сонда арнайы өкілдерден қоқыс полигонына ертіп баруды өтіндік. Бізге Драммен қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонды көрсетті. Қоқыс алаңына ұқсата алмайсыз, қолқаңды қабар күлімсі иіс мүлде сезілмейді. Өйткені қоқысқа төгілген заттың 98 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Жағымсыз иіс таралмауының тағы бір себебі, мұнда тамақ қалдықтары төгілмейді. Ал біздің елорданың өзінде полигонға төгілетін қоқыстың 44 пайызы – тамақ қалдығы. Оның бәрі қоқыспен мидай араласып іріп-шіріп жатыр. Норвегтер тамақ қалдығын бөлек ыдысқа, тұрмыстық қалдықты өзге қапқа жинап, қоғамдық қоқыс жәшігіне салады.

Тағы бір мысал, Қытайдың 10 миллионнан астам тұрғыны бар Чанша деген қаласына барғанымызда да, қоқысты өңдеп, игілігіне малынып отырған халықтың тіршілігіне тәнті болдық. Мұнда арнайы зауытта күніне 10 мың тоннаға дейін қоқысты өртеп, энергия көзін айырады екен.», – деді ол.

Ал Құрылтай депутаты Серік Егізбаев «Таза Қазақстан» бастамасы әр азаматтың ішкі мәдениеті мен туған жеріне деген жауапкершілігін айқындайтын жалпыұлттық идеология екенін айтты. Сонай-ақ қоршаған ортаны көркейту үшін әр адам өзгерісті өзінен бастап, қоғамда табиғатты ластауға төзбеушілік көзқарас орнығуы қажет.

«Сана тазалығы әр үйдің босағасынан, отбасы жылуынан бастау алуға тиіс. Ұрпақтың бойына «Адал азамат» деген биік ұғымды сіңіре алсақ қана қоршаған ортаға шын жанашыр, жауапты қоғам қалыптастырамыз. Бүгінде экологиялық мәдениет пен тазалық түсінігі мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары мәртебеге ие болды. Ата заңымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттігіміздің негізгі қағидаты болып шегеленді.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясын жаңа деңгейге шығарып, «Ұлттық тазалық стандартын» әзірлеуді тапсырды. Бұл – жай ғана техникалық құжат емес, азаматтардың мінез-құлқын, адамгершілік нормасын, елге деген құрметін айқындайтын құндылық. Туған жерін ластайтындарға, табиғатқа қиянат жасайтындарға қоғамда «нөлдік төзбеушілік» атмосферасын қалыптастыруымыз керек.

Ата-бабамыз: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!» деп бекер айтпаған. Президентіміз бастап берген жалпыұлттық идеология әрбір үйдің, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуға тиіс. Санамызды тазартып, ниетімізді түзеп, білек сыбана еңбек етсек, еліміз­дің қаласы да, даласы да көркейе түседі», – деді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары