Рудныйда дәрігерлер жол апатына түскен жүкті әйелді аман алып қалды

/
Рудныйда дәрігерлер жол апатына түскен жүкті әйелді аман алып қалды

Қостанай облысы Рудный қаласында жол апатынан ауыр жарақат алған 30 жастағы жүкті әйел мен оның сәбиінің өмірі сақталды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 9 қазанда болған. Жүктіліктің 38-аптасындағы әйелді күйеуімен бірге жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда көлік қағып кеткен. Ол жедел жәрдеммен Рудный қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.

Тексеру барысында әйелдің жамбас сүйектері, омыртқасының бел бөлігі, қабырғалары, бұғанасы мен жауырыны сынғаны анықталған. Сондай-ақ пневмоторакс диагнозы қойылған. Ең қауіптісі – көкбауыры зақымданып, ішкі қан кету болған.

Дәрігерлер шұғыл консилиум өткізіп, ота жасауға шешім қабылдаған. Ана мен баланы құтқаруға аурухананың оннан астам маманы қатысқан.

Әйелге кесарь тілігі жасалып, салмағы шамамен үш келі ұл бала дүниеге келген. Сәби бірден неонатологқа тапсырылып, кейін бақылау үшін Перинаталдық орталыққа жеткізілген. Ал анасының зақымданған көкбауыры алынған.

«Жүктілік кезінде жарақат алу өте қауіпті: әйел қан жоғалтудан, шоктан көз жұмуы мүмкін. Баласынан да айырылып қалуы ықтимал. Екеуін де құтқару қажет болғандықтан, барлық әрекетті қатар жүргіздік», – деді аурухана хирургі Артем Жакабаев.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Серік Кожахметовтің айтуынша, хирургтер мен гинекологтерден құралған бригада барынша жылдам әрі үйлесімді жұмыс істеген. Өйткені ішкі қан кету ана мен баланың өміріне қауіп төндірген.

Аурухананың терапиялық қызметінің басшысы Зарина Шуинова ота кезінде дәрігерлер әрбір препараттың құрсақтағы балаға әсерін ескергенін жеткізді.

«Гинекологтеріміз Зарина Баймурзина мен Аякоз Сыдыкбаева кесарь тілігін жасады. Бірақ сәби бірден жыламады. Неонатологіміз Амина Бабулова жылдам әрі кәсіби әрекет етіп, ақыры баланың алғашқы дауысы естілді. Бұл бүкіл бригадамыз үшін үлкен қуаныш болды», – деді Зарина Шуинова.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар