Жандос Ақтаев: Тазалықты сақтау – туған жерге құрмет пен азаматтық мәдениеттің белгісі

/
Жандос Ақтаев: Тазалықты сақтау – туған жерге құрмет пен азаматтық мәдениеттің белгісі

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Арменияда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілгенін және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткеніне тоқталған болатын. Осы орайда Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы  Жандос Ақтаев қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың өзара сабақтастығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жандос Ақтаевтың пайымынша, мұндай мәдениетті орнықтыру қоғам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігіне негізделуге тиіс.  «Заң мен тәртіп» ортақ ережелерді сақтауға және азаматтардың құқықтарын құрметтеуге негіз болса, «Таза Қазақстан» осы құндылықтарды күнделікті іспен көрсетуге мүмкіндік береді.

«Заң мен тәртіп» пен «Таза Қазақстан» – құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын өзара сабақтас бағыттар. Бірі ортақ ережелерді сақтауға және азаматтардың құқықтарын құрметтеуге негіз болса, екіншісі осы құндылықтарды күнделікті іспен көрсетуге мүмкіндік береді.

Біздің мақсатымыз – заңды жазадан қорыққандықтан ғана сақтайтын емес, оның мәнін түсініп, өз құқықтары мен міндеттеріне саналы қарайтын қоғам қалыптастыру. Бұл мәдениет халықтың барлық қабатын қамтуы тиіс. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, оны заңды жолмен қорғауды, өзгенің құқығын құрметтеуді және ортақ ережелерді сақтауды үйренуі қажет», – деді Жандос Ақтаев.

Сондай-ақ, маман құқықтық мәдениет мемлекеттік институттардың қызметіне де тікелей қатысты екенін атап өтті. Азаматтар заң талаптарын орындаумен қатар, мемлекеттік органдардан заңдылықты, ашықтықты және сапалы жұмысты талап ете алуы керек. Оның пікірінше, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілік осыдан басталады.

Табиғатты қорғау мен қоғамдық тәртіпті сақтау да – ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бұл үшін құқықтық білімді арттырып, отбасында және білім беру ұйымдарында жеке үлгі көрсету, азаматтық бастамаларды қолдау маңызды.

«Қоғамдық тәртіпті тек айыппұлмен қамтамасыз ету мүмкін емес. Тұрақты нәтиже әр азаматтың ішкі жауапкершілігі қалыптасқанда ғана болады. Сондықтан тазалықты уақытша науқан емес, күнделікті өмір салтына айналдыруымыз қажет», – деді ол.

Жандос Ақтаев әр адам өз әрекетінің қоғамға әсерін түсінуі керек екенін жеткізді. Қоғамдық орынды ластау немесе ортақ мүлікті бүлдіру жеке адамның мәселесімен шектелмейді, ол басқа азаматтардың құқықтары мен өмір сапасына әсер етеді. Сондықтан тазалықты сақтау туған жерге құрмет пен азаматтық мәдениеттің белгісі болуға тиіс.

«Бұл ретте мемлекет те өз міндетін сапалы атқаруға тиіс: тазалыққа қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, заң талаптарының баршаға бірдей орындалуын қамтамасыз етуі керек. Азаматтар өз құқықтарын біліп, заң бұзушылықтарға бейжай қарамай, мемлекеттік органдардың жұмысына заңды жолмен талап қоя алуы маңызды», – деді қор төрағасы.

Оның пікірінше, құқықтық мәдениетті отбасынан бастап қалыптастырып, білім беру жүйесінде нығайту және қоғамдық бастамалар арқылы күнделікті тәжірибеге айналдыру қажет. Сонда азаматтар тәртіпті бақылаудан қорыққандықтан емес, оның қоғам игілігі үшін қажет екенін түсінгендіктен сақтайды.

«Заң мен тәртіп» ортақ ережелерді белгілесе, азаматтық сана олардың күнделікті өмірде орындалуын қамтамасыз етеді. Ал «Таза Қазақстан» осы жауапкершілікті нақты іспен көрсетуге мүмкіндік береді. Заңды құрметтейтін, өз құқығын қорғайтын және ортақ іске жауапкершілікпен қарайтын қоғам – тұрақты дамудың негізі», – деп түйіндеді Жандос Ақтаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары