Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков Премьер-министр Олжас Бектеновке тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеуге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазір жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, республиканың тұрғын үй қоры 61 367 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды, оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда болса, 3 347-нің тозығы жеткен (барлығы 4 384 көпқабатты тұрғын үй).
Бұл – шамамен 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апаттық жағдайда немесе әбден ескірген дегенді білдіреді.
Кейінгі 3 жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде (2023-2029 ж.ж.) өңірлерде 352 апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынды.
Бұл көрсеткіш жалпы республика тұрғын үй қорының тек 0,3 пайызын ғана қамтып отыр.
Мәселен, 2025 жылы апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында, мәслихаттар мен әкімдіктердің аталған тұрғын үйлерді реновациялаудың өңірлік бағдарламаларын қабылдау жөніндегі құзыреттері заңнамалық тұрғыдан күшейтілді», – деді Әмірбек Оспанбеков.
Оның айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасында реновациялау механизмін күшейтіп, 30 мыңға жуық меншік иесін апатты және тозығы жеткен үйлерден қауіпсіз баспанаға көшіру көзделген.Сонымен қатар, уәкілетті орган ұсынған ақпаратқа жүргізілген талдау көрсеткендей, реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшіліктер бар екені анықталды. Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз.
«Атап айтқанда, 2026 - 2029 жылдарға арналған реновация жоспарлары бойынша, мысалы:
- Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйлердің ішінде тек 3 үйдің меншік иелерін жаңа тұрғын үйге көшіру жоспарлануда, бұл қауіпсіз тұрғын үйге деген қажеттіліктің 1% ғана құрайды.
- Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жоспарлары бойынша осындай тұрғын үйлер тек 2 - 19 % дейін ғана жаңартылады.
Басқа өңірлердегі көрсеткіш – 20-75%. Осылайша көп өңір бойынша жағдай сын көтермейді.
Тек үш өңірдің әкімдіктері – Астана қаласы, Жамбыл, Павлодар облыстары 2029 жылға қарай осы мәселені шешуге дайын. Оны жергілікті бюджет қаражатынан және жеке инвесторларды тарту арқылы қамтамасыз етілуі күтілуде.
Осыған байланысты, 2029 жылға қарай әкімдіктер апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл қоныс аударуға жататын меншік иелерінің жалпы санының 42% құрайды (барлығы - 26 972 меншік иесі). Алайда, 15 653 меншік иелері апатты және тозығы жеткен үйлерде қалып кету қаупі бар», – деді депутат.
Әмірбек Оспанбеков апатты және тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын қауіпсіз баспанаға көшіру үшін бірыңғай жол картасын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ ол реновация жобаларының орындалуын бақылайтын арнайы комиссия құрып, бағдарламаның тиімділігін әкімдердің жұмысын бағалау көрсеткіштеріне енгізу қажет екенін айтты
«Тәжірибе көрсеткендей, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен баспаналарда өрт қаупі өте жоғары. Мұндай нысандардағы тілсіз жау жиі қайғылы жағдайларға, адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретіні анық.
Бұған мейлінше жол бермеу керек! Құрметті, Олжас Абайұлы «Әділет» партиясының бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Үкіметке келесі мәселелерді шешуді ұсынамыз:
1. Республика бойынша реновациялау жобаларының тиімді орындалуын бақылау мақсатында Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары және өңірлер әкімдерінің тікелей қатысуымен арнайы Комиссия құруды қарастыру.
2. Үкімет нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, республиканың барлық өңірлері бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің әрбір меншік иесін көшіру бойынша Бірыңғай жол картасын құру мәселесін шешу.
3. Реновациялау бағдарламаларының тиімділігін бағалау көрсеткішін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс сапасын бағалау рейтингіне енгізу», – деді ол.