Ұлттық музейде Ұлы Отан соғысындағы жәдігерлер қойылды

Ұлттық музейде Ұлы Отан соғысындағы жәдігерлер қойылды

Ұлттық музейде Ұлы Отан соғысындағы жәдігерлер қойылды
ашық дереккөзі
Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Жеңістің 72 жылдығына арналған әскери-тарихи минидиорама және «Ұлы Отан соғысындағы Қазақстандықтар» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Baq.kz. Музейге келушілер бүгін салтанатты түрде ашылған «Ұлы Отан соғысының ардагерлері Х.Доспанова, М.Мәметова, Т.Бигелдинов, Ә.Нұршайыховтардың туғанына 95 жыл» көрмесін де тамашалай алады. Халық назарына Ұлттық музей қорынан алынған Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы жәдігерлер, қару-жарақ, жеке заттар, хаттар, наградалар, құжаттар, фотосуреттер мен кітаптар ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеге ҚР Ұлттық музейі «Қазақстан тарихы» бөлімінің қызметкері Серік Әбдірахманов жасаған әскери-тарихи миниатюраларының диорамалары қойылды. «Ұлы жеңістің 72 жылдығына арналған көрмеге Ұлттық музей қорындағы экспонаттарды, жәдігерлерді қойып отырмыз. Оның ішінде жаңадан музей қорына түскен ардагерлердің құжаттары мен медальдары бар. Көрме екі аптаға жалғасады», - деді С.Әбдірахманов. Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Леонид Кочетов сөз сөйледі. «Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына да 72 жыл өтті. Бірақ, Ұлы Жеңісімізді ұмытпайтынымыз секілді, соғыс салған қасірет те, сол соғысқа қатысқан жауынгерлер де ешқашан ұмытылмақ емес және олардың ерлігі бүгінгі жауынгерлердің жүрегіне жігер құяры сөзсіз. Бұл күн, Жеңіс күні – алдағы талай ұрпақтың мерекесі болып қала береді. Бүгінгі музейдегі бұл шара елімізде тойланатын үлкен мерекенің бастамасы ғана», - деді Ұлттық музей директорының орынбасары Л.Кочетов. Іс-шараға Астана қаласы ардагерлер кеңесінің өкілдері, тарихшылар мен ғалымдар, музей қызметкерлері және оқушылар мен студенттер қатысты. «Ұлды әкесінен, қызды шешесінен, ініні ағадан, жарды жұбайынан айырған бұл соғыстың қасіреті тым ауыр. Ел басына күн туған сын сағаттарда азаматтарымызбен қоса қазақ қыздары да қолына қару алды. Осылай біздің қайсар қыздарымыз жақсы жар, жақсы ана ғана емес ел қорғаушы батыр бола алатынын да дәлелдеген еді. Бүгінгі көрме біз ардақ тұтатын осы батырларымыздың өмірінен хабар береді. Ол қасіретті толықтай сезіндірмесе де, бүгінгі жастардың рухын оятуға арналған игі шара болып табылады», - деді Ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Озғанбаев.