Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Әсем қоңыр» концерті өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кеш ұлы күйшінің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, ұлттық күй өнерінің көркемдік ерекшеліктерін жаңа буын тыңдарманға таныстыруға арналды.

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбілғазы Ахмадиев, PhD докторы, күйші-зерттеуші Айтолқын Тоқтаған, Дина Нұрпейісованың ұрпағы, күйші Мұқағали Рысқалиев, республикалық байқаулардың лауреаттары Айшолпан Қасымова мен Бекнұр Әбдіжәли өнер көрсетті. Сондай-ақ кешке белгілі күйшілер Еділ Басығара, Қайрат Айтбаев, Бауыржан Мұхаметбай, Валерия Бөлекбай, Нұрғиса Мязов, Қадірәлі Бүркіт, Ардақ Елеусіз, Аяулым Асқарбаева, Тоғжан Үмбет, Дана Дидар, Ақан Думан, Тұрар Әліпбаев, Адинай Бағаева сынды өнерпаздар қатысты.
Бағдарламада Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр», «Жігер», «Жеңіс», «8 март», «Он алтыншы жыл», «Бұлбұл», «Қара қасқа ат», «Шынар», «Байжұма» және «Науысқы» күйлері орындалды.

Сонымен қатар Дәулеткерейдің «Көркем ханым», Құрманғазының «Адай» және «Қайран шешем» күйлері де көрерменге Дина нұсқасында ұсынылды. Құрманғазының «Төремұрат», «Байжұма», Қазанғаптың «Серпер Ақжелең», Сейтектің «Бес қыз», «Шәрипа Ақжелең» күйлері де орындалды. Өнер сүйер қауымға Тәттімбет пен Байжігіттің күй мұрасы таныстырылып, сыбызғы үнімен ұлттық аспаптық өнердің өрісі кеңейе түсті.
Айта кетейік, «Әсем қоңыр» – ұлттық күйшілік дәстүрдің сабақтастығын көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлаған кеш болды.