19 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде үсік жүріп, жел күшейеді. Сондай-ақ түнде және таңертең тұман түсіп, кей аймақтарда өрт қаупі сақталады. Осыған байланысты «Қазгидромет» бірнеше өңірде дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамынша, елдің солтүстігінде, батысында және солтүстік-батысында жаңбыр жауады. Ал Қазақстанның қалған аумағында антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
«Республика бойынша жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі», – делінген синоптиктердің хабарламасында.
Бірнеше өңірде үсік жүреді
Жетісу облысында түнде ауа температурасы -2…-7 градусқа дейін төмендейді. Түркістан облысының солтүстігінде, Жамбыл облысының шығысында, Алматы облысының солтүстігі мен батысында 1–3 градус үсік күтіледі.
Ал Қызылорда облысының солтүстігінде топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Желдің екпіні секундына 28 метрге жетеді
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында күндіз желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Петропавлда да желдің жылдамдығы осындай деңгейге жетуі ықтимал.
Көкшетауда жел екпіні секундына 23 метрге, Қостанайда 15–20 метрге дейін барады.
Павлодар, Жамбыл және Түркістан облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Маңғыстау облысында секундына 15–18 метр, ал Қарағанды облысында 15 метрге дейін жел соғады.
Бірқатар қалада тұман түседі
Түнде және таңертең Астана, Қарағанды, Семей және Өскемен қалаларында тұман күтіледі.
Сонымен қатар Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының, Абай мен Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында тұман түседі. Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында да осындай метеорологиялық құбылыс болжанып отыр.
Бірнеше өңірде өрт қаупі сақталады
Қызылорда облысының басым бөлігінде төтенше өрт қаупі жарияланған. Мұндай қауіп Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының, Ұлытау мен Жетісу облыстарының кей аудандарында да сақталады. Сондай-ақ Атырау, Жезқазған және Қызылорда қалаларында төтенше өрт қаупі болжанған.
Бұдан бөлек, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында жоғары өрт қаупі бар.