Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын дәрігерлердің рейтингі жарияланды. Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары ұсынған деректерге сәйкес, кейбір медициналық мамандардың орташа айлық табысы 2 млн теңгеден асады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарапшылар рейтингті Ұлттық статистика бюросының қызметкерлердің негізгі кәсіптері мен лауазымдары бойынша жалақы мөлшеріне қатысты есебіне сүйене отырып жасаған.
Зерттеуге енген 180-нен астам дәрігерлік мамандықтың ішінде орташа айлық жалақысы 2 млн теңгеден асатын екі мамандық бар.
Тізімнің көшін жақ-бет хирургтері бастап тұр. Олардың орташа айлық жалақысы 2,4 млн теңгені құрайды. Екінші орында пластикалық хирургтер орналасқан. Бұл мамандардың орташа табысы айына 2,1 млн теңгеге жетеді.
Үшінші орынға цитопатологтер жайғасқан. Олардың орташа айлық жалақысы 1,3 млн теңге шамасында.
Сондай-ақ ең жоғары жалақы алатын дәрігерлердің ондығына төтенше жағдайлар мен апаттар медицинасының дәрігерлері, комбустиологтер, кардиологтер, рентгенхирургтер, кардиохирургтер және ангиохирургтер енген. Бұл мамандардың орташа айлық жалақысы 729 мыңнан 864 мың теңгеге дейін жетеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, есептеулер 2026 жылғы сәуірде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар арасында жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижелеріне негізделген.
Зерттеуге ірі кәсіпорындардың барлығы, сондай-ақ орта және шағын кәсіпорындардың бір бөлігі қатысқан. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері зерттеуге енгізілмеген.
Сарапшылар рейтингтегі орындардың бөлінуіне зерттеу әдістемесі мен іріктемеге енген кәсіпорындардың құрамы әсер ететінін атап өтті. Кәсіпорындағы қызметкерлер санына қарай зерттеуге қатысатын мамандардың үлесі де әртүрлі болады.
Осыған байланысты биылғы рейтинг өткен жылғы көрсеткіштерден айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, 2025 жылы ең жоғары орташа жалақы кардиохирургтерге тиесілі болып, 1 млн теңгені құраған. Ал жақ-бет және пластикалық хирургтер алғашқы жүздікке кірмеген. Ол кезде бұл мамандардың орташа айлық жалақысы 500 мың теңгеден аспаған.