2026 жылғы 14 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты А.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қылмыстық тергеу органы А.-ны қызмет бабын пайдалана отырып жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар, атап айтқанда, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу және ірі мөлшерде алаяқтық жасау бойынша айыптаған.
А. автодилерлік ұйымның сату бөлімінің менеджері болып жұмыс істеп, жалған құжаттар ресімдеу арқылы жалпы құны 53,1 млн теңге болатын 8 "JAC J7" автокөлігін заңсыз шығарып, сатып жіберген. Сатып алушылардан түскен ақшалай қаражатты кәсіпорын кассасына кіріске алмаған.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы қаңтарда А. Б.-ға аталған маркадағы үш автокөлікті төмендетілген бағамен сатып алуды ұсынған. Алайда ол міндеттемелерін орындауды алдын ала көздемей, сатып алушыдан 16,5 млн теңге алғанымен, автокөліктерді бермей, ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған.
Жалпы келтірілген залал 69,6 млн теңгені құрады.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сотталушының өз айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен расталды.
Сот автокөліктер сотталушыға сеніп тапсырылмағандықтан, бірінші эпизодты сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алудан (189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) алаяқтыққа (190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы) қайта саралады. Сотталушы автокөліктерді материалдық жауапкершілікке қабылдамаған, олардың сақталуына жауапты болмаған және сатып алушыларға оларды өз бетінше сату мен беру өкілеттігіне ие болмаған.
Жаза тағайындау кезінде сот оның жасаған ісіне өкінуін, кәмелетке толмаған баласының болуын және бұрын сотталмағанын ескерді. Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша сот А.-ны 6 жылға бас бостандығынан айыруға және коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 8 жыл мерзімге айыруға үкім етті.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.