Солтүстік Қазақстанда жол апаты болып, үш адам қаза тапты

/
Солтүстік Қазақстанда жол апаты болып, үш адам қаза тапты
istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Кременчуг ауылының маңында үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ жүк көлігі соқтығысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

«15 қазанда таңғы сағат 8 шамасында республикалық маңызы бар “Петропавл — Көкшетау” автожолында, Кременчуг ауылының маңында үш жеңіл автокөлік пен екі “КамАЗ” жүк көлігі соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Audi жеңіл автокөлігінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан көз жұмды. Аталған көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Қалған көлік құралдарының жүргізушілері зардап шеккен жоқ.

Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау үшін бірқатар тергеу амалдары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ тұман, көктайғақ және көріну мүмкіндігі шектеулі жағдайларда жылдамдықты төмендетіп, жолда барынша мұқият болу қажеттігін ескертті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары