Ұлттық баспасөз тарихы музейін ашу ұсынылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес Оралда ұлттық баспасөз тарихы музейін ашып, зерттеу жұмыстарын кең көлемде жүргізу қажет. Бұл туралы «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Оның айтуынша, мұның тарихи негіздері жеткілікті. Қазақтың өз зиялылары шығарған тұңғыш жүйелі газет – «Қазақстан» 1911-1913 жылдар аралығында Орда мен Орал қаласында басылған. «Қазақстан» газетінің өз баспаханасы болған. Ол ғимарат облыс орталығында (Чапаев көшесі, 39-үй) күні бүгінге дейін сақталған. «Қазақстан» газетін шығаруға Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев сынды батысқазақстандық біртуар қайраткерлермен бірге Жетісудан Мамановтар мен Тұрысбековтер, Семей, Қарағанды өңірінің зиялылары атсалысып, қолдау көрсеткен. Оған қоса Әзербайжан еліндегі мұнай магнаты, тұтас түркі жұртының мақтанышы болған Зейнелғабиден Тағиев те қаржылай жәрдем берген. Уфада, Орынборда оқып жүрген қазақ зиялылары, жастар (ішінде Мағжан Жұмабаев та бар) «Қазақстан» газетіне мақала жазып, әдеби шығармаларын жариялаған. Екіншіден, халқымыздың тұңғыш жалпы ұлттық басылымдары қатарында аталатын «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті, бүгінгі бас басылым – «Егемен Қазақстанның» бастауында тұрған «Ұшқын» – бұлардың бәрінің де редакциясы қазіргі Қазақстан Республикасынан тыс аумақта (Орынбор, Троицк, т.б.) қалды.

Сондықтан ол жерлерде музей ашу мүмкін емес. Үшіншіден, Оралда орыстілді баспасөздің, татар тіліндегі газет-журналдардың да өзіндік тарихы бар. «Қазақстан» газетін шығаруға орыс, татар зиялыларының атсалысқаны тарихтан мәлім. Сол себепті ұлттық баспасөз тарихы музейін ашу арқылы қазақ жеріндегі ұлтаралық татулықтың, ынтымақтастықтың әріден келе жатқандығын насихаттауға болады. Оның үстіне 1911-1913, 1917 жылдары және одан беріде шыққан газеттерде ел тарихына қатысты көптеген құнды деректер сақталған. Мысалы, «Қызыл ту» газетінің 1923 жылғы 30 мамырдағы №22 санында «Аштықтың таңбасы» деген талдау мақалада Орал губерниясындағы халық саны жөнінде айтылған. 1916 жылы губернияда барлығы 696562 адам (Батыс Қазақстан облысындағы қазіргі халық саны да бұған жете қойған жоқ) тұрса, 1922 жылы содан 247306-сы ғана қалған. Соның ішінде қазақтар 335869-дан 156290-ға, казак-орыс 170128-ден 71132-ге, мұжықтар 52011-ден 19284-ке дейін кеміп кеткен. Басқа халықтар 1916 жылы 138554 адам болса, 1922 жылы оның есебі алынбаған. Мұның бәрі аштық пен соғыстың зардабы екендігі анық. Мұндай деректерді ғылыми айналымға қосу үшін арнайы орталық құрып, зерттеу қажеттігі дау туғызбаса керек. Сонда ХХ ғасырдың басынан бергі барлық газет, журналдардың электронды нұсқасын жинақтауға, араб, латын қарпімен жарық көрген басылымдарды барлық зерттеушіге түсінетіндей етіп қазіргі әліпбиге аударып, жинақ шығару, болашақта арнайы сайт жасақтауға мүмкіндік туады.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button