Бабалардың соғысу тактикасын Бауыржан Момышұлы білген бе?

Бабалардың соғысу тактикасын Бауыржан Момышұлы білген бе?

Бабалардың соғысу тактикасын Бауыржан Момышұлы білген бе?
ашық дереккөзі
1570

Ежелгі көшпелілердің, сақтардың, ғұндардың, көне түріктердің, моңғолдардың, тіпті кейінгі қазақтардың соғыс тактикасы жаһан тарихында жоғары бағаланады. Бұған көшпелі байырғы түріктердің жылқы малын ең алғаш ауыздықтап, ауыздық, жүген, ертоқым, үзеңгі, шалбар, садақ тәрізді дүниелерді ойлап тауып, әскери техниканың деңгейін жоғары көтергендігі әсер етпей қоймаса керек. Өз заманындағы ең озық әскери техниканы пайдаланумен қатар, ажалдан қаймықпайтын рух-жігер де бабаларымыздың асығын алшысынан түсірді. Оған дәлел ретінде дүниені дүр сілкіндірген сақ, сармат, ғұн, көк түрік, моңғол, осман империяларын ауыз толтырып айтуға болады. Бауыржан Момышұлының қазақ салт-дәстүрінен өте терең білімі болғанын келіні Зейнеп Ахметованың естеліктері арқылы білеміз. Ол кісінің даңқты бабаларының тарихынан да жақсы хабардар екені соғыстағы әскери тактикаларынан жақсы аңғарылады.

Б.з.д. IIIV-II ғғ. Тұран-Иран деген қос мәдениеттің қақтығысын, осынау екі алып империяның теке-тіресін көреміз. Тұрандықтарды гректер сақтар дейді. Геродот жазбаларында сақтардың соғысқа өте епті, көшіп-қонған көшпелі салт тұтынатындығын, жылқыға мініп, қымыз ішетіндігін баса айтады. Ал сақтардың шегініп жүріп соғысу әдісін өте шебер пайдаланатындығы тарихи деректерде жиі ұшырасады. Кирдің құнын жоқтап сақ даласына келген Дарий патша көшпелілердің елесін қуалап жүріп-ақ титықтап, кейін шегінгендігі мәлім. Ойда-жоқта тұтқиылдан пайда болып, жаудың үрейін ұшырып соққы беріп, есеңгіреп тұрған сәтте ес жиғызбай қайта шегініп кететін әскери әдіс парсылардың құтын қашырады. Әбден мезі болған парсыларға сақтардың көсемі мынадай мәндегі хат жолдапты: «Егер сендер бізбен шын мәнінде соғысқыларың келсе, онда біздің ата-бабаларымыздың зиратын іздеп табыңыздар. Оларға саусақтарыңыздың ұшын тигізіп байқаңдар, сонда біз соғысар ма екенбіз, соғыспас па екенбіз, көзбен көресіңдер. Киелі зираттарға нұқсан келсе, біздің бәріміздің қалайша бірігіп, қалай шабуылға шығатындығымызға куә болар едіңдер» (Геродот. «Мельпомена». Страна скифов. «Кочевники». – Алматы, 2003. – 92 с.). Өздері жақсы білетін кең далада жау әскерін қасақана сүрлеу-соқпаққа бағыттап, жүйрік аттардың арқасында емін-еркін адастырып кету, алдын ала құрылған тұзаққа түсіру жайттары жиі кездеседі. Рим папасының тапсырмасымен Күйік ханның қаған сайлауы салтанатына қатысқан Плано Карпини мынандай дерек қалдырған: «Ойламаған жерден қарсыластары өктем болып шықса, олар жедел жалтарады, тіпті, бір немесе екі күншілік жерге шегініп кетеді. Оған да болмаса сол өлкенің тағы бір аймағына басып кіреді де, қалағанынша талайды. Бұл айласы да, олар он, тіпті жиырма күншілік жерге шегініп алады да, қатерсіз өңірде қосынын тынықтырады. Сөйтіп, ол жерге жау қосындарының бытырап жетуін күтіп жатады да, орайлы сәтте тұтқиылдан тап беріп, қарсыласын құртып жібереді» (Плано Карпини. Моңғол тарихы. – Алматы. «Шапағат-Нұр», 2013, – 69 б.). Плано Карпини еуропалық жасақтарды көшпелілердің әдістерінен сақтануға алдын ала үгіт жүргізеді. Мысалы, «Татарлар өтірік шегініс жасаса, ондайда тым алысқа қумау керек. Әуелі жаудың бастырма тобының қоршауына түспейтініне көз жеткізген жөн. Өйткені бастырма топтың қоршауына түсіру татарлардың кәнігі айласы» (88-б.) дейді ол. «Татарлар қашанда жауын ортаға қарай тықсырады, сол арқылы қоршауға алады. Сондықтан ондайдан қатты сақтану керек. Өйткені татарлардың мұндай қоршауында қалған қосын оңай жойылып кетеді. Ешқашан жеңілген жауды ұзақ қууға болмайды, өйткені татарлар бастырма әдісіне өте шебер келеді. Шынтуайтында татарларды батырлықпен жеңіске жетеді дегеннен көрі, айламен жеңіске жетеді деп бағалаған дұрыс» деп П.Карпини жалған шегіну әдісі туралы қайта-қайта айтып, сақтандыруға тырысып бағады. Тұрсын Жұртбай бұл әдісті «шолақ соғыс» десе, кейбір тарихшы-жазушылар басқаша ат қойып, айдар тағуда. Енді негізгі кейіпкеріміз Бауыржан Момышұлына қайта оралайық. Ол кісінің соғыс өнерін көп жылдар бойы зерттеп жүрген Ким Серікбаев өз мақаласында «Шайқас эпизодтары Александр Бектің «Волокаламск күрежолы» («Волокаламское шоссе») мен Б. Момышұлының «Артымызда Мәскеу» («За нами Москва») жақсы сипатталған. Атаулы дереккөздердегі мағлұматтарды мұқият зерттей келе, сондай-ақ, әскери құжаттарға (балальонның жұмыс карталары мен әскери қимылдардың сызбалық жоспарлары) терең талдау жасау арқылы «Бауыржан шиыршығы» («Бауыржановская спираль». 1995 г.) атты термин енгізуіме себепкер болды. Бұл ұғымның негізі Б.Момышұлының батальоны қоршауды бұзып шығып, әскери қуаты басым күштерден шегініп отырып соғыс жүргізуімен тікелей байланысты. Батальон бас-көзсіз қашпаған, шегіне отырып ормандар мен төбелерді пайдаланып, жау колонналарына шиыршық сипатты тұтқиыл шабуылдар жасайды», – деп өте қызықты дерек келтіреді. Бауыржан Момышұлы екі жүзден астам соғысқа қатысып, бірнеше рет қоршауда қалған қолбасшы. Соның бәрінде әскери әдіс-тәсілдерді игергендігінің арқасында аз шығынмен тапсырманы артығынан орындап отырады. Профессор Ким Серікбаев Момышұлының шегініп отырып соғысу тәсілін Кеңес үкіметінде бұрын-соңды болмаған жаңалық ретінде қарастырады. Рас, Кеңес үкіметі үшін мұның жаңалық екендігіне келісеміз, бірақ оның кешегі ең соңғы хан Кенесарыға дейін сақталған, ғасырлар бойы тұтынған көшпелілердің далалық ұрыс жүргізу тактикасы екендігіне еш шүбә келтірмейміз. Бұл жерде туындайтын бір-ақ сұрақ бар. Бауыржан Момышұлы ата-бабаларымыздың ғажайып соғыс өнерін о бастан білген бе, әлде, ежелден келе жатқан тактика туралы ақпарат оның қанында жан алып, жан беріскен соғыс барысында өздігінен оянды ма екен?

Арман Әубәкір, ҚР БҒМ  Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының PhD докторанты

Серіктес жаңалықтары