Алматыда Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне арналған жарыс өтті

/
Алматыда Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне арналған жарыс өтті
Алматы әкімдігі

9 қыркүйек күні Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне арналған жоғары деңгейдегі спорттық жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараның салтанатты ашылуына Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Мерей Абзалбеков қатысып, жарысты ресми түрде ашты. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық зияткерлік спортымыз – тоғызқұмалақты өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Жарысқа 200-ге жуық спортшы қатысып, рапид түрінен 5 тур бойынша өзара бақ сынады. Турнир қорытындысында жүлделі орындарға ие болған спортшылар Алматы қаласы Спорт басқармасының қолдауымен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті Болат Оспанов тоғызқұмалақ спортын дамытуға, жас спортшыларды тәрбиелеуге және ұлттық ойынды кеңінен насихаттауға үлес қосып жүрген Алматы қаласының тоғызқұмалақ жаттықтырушыларына алғыс хаттар табыстады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық зияткерлік спорт түрі тоғызқұмалақты кеңінен дәріптеу, балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ санасына сіңіру және тоғызқұмалақ спортының бұқаралық дамуына қолдау көрсету.

Алматы қаласының Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ астанасы ретіндегі мәртебесіне сай, ұлттық зияткерлік спортымызды дамыту, бұқараландыру және халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары