eGOV атынан жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі шықты – Прокуратура

/
eGOV атынан жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі шықты – Прокуратура

Бас прокуратура азаматтарды алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертеді. Бұл ретте,қаскөйлер өздерін «eGov» қызметкерлері ретінде таныстырады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Интернет-алаяқтықтың саны төмендегеніне қарамастан (14,8%, 17,2 мыңнан 14,6мыңға дейін), қылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануды жалғастыруда.

Тек соңғы бір айдың ішінде елімізде алаяқтардың өздерін «eGov» қызметкерлері ретінде таныстырған 30 жуық дерегі тіркелді.

Әдетте алаяқтар азаматтарға олардың атынан ЭЦҚ рәсімделгені немесе өзге де әрекеттер жасалғаны туралы жалған ақпарат береді.

Одан кейін әңгімеге олардың сыбайластары қосылып, заңсыз несие рәсімдеудің алдын алу сылтауымен жәбірленушілерді өздері көрсеткен шоттарға ақша аударуға көндіреді.

Осындай жағдайлардың бірінде Тараз қаласының тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін «eGov» қызметкері ретінде таныстырып, оның атына ЭЦҚ шығарылғанын хабарлаған.

Кейін WhatsApp арқылы онымен басқа адамдар байланысып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін айтқан. Алаяқтардың арбауына түскен әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады.

Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейді.

Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталары мен ЭЦҚ деректерін бермеңіз, сондай-ақ белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз.

Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, тиісті мемлекеттік органға немесе банкке ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары