Бексұлтан Нұржеке-ұлы: Ұлттық код – біздің тегіміз, тарихымыз

Бексұлтан Нұржеке-ұлы: Ұлттық код – біздің тегіміз, тарихымыз

Бексұлтан Нұржеке-ұлы:  Ұлттық код –  біздің тегіміз,  тарихымыз
ашық дереккөзі
Таяуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Газетіміздің өткен санында (№17, 27.04.2017) көпшілік құлағына жетпеген, эфирден көрсетілмеген мәселелерді жазушылар Дулат Исабеков пен Смағұл Елубаев айтып берген еді. Енді әңгіменің қорытындысы ретінде Бексұлтан Нұржеке-ұлынан көпшілік назарына ұсынылмаған өткір пікірлерді сұрадық. Белгілі жазушы әңгімені өзі бастады. – Мәселе Президенттің алдына барып, сөз сөйлегенде емес. Бар мәселе Президенттің не айтқанында және неге айтқанында. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұрын айтылмаған мәселелерді қозғады. Елбасы бұны неге ерте айтпаған? Қазір неге айтып отыр деген ой туады. Мұның жауабын әңгіменің ішінде өзі айтып қалды. «Біз жан-жағымыздағы көршілермен, ағайындармен тату тұруды ойластырып,  осы күнге дейін үндемей келдік. Біреуге өз тәртібіңді сырттан сіңіруге тырыспау керек. Әр мемлекет өз дәстүрімен жүруі керек», – деді. Осы күнге дейін жинақталған мәселелер бар, соны өз жағдайымызға қарап шешуіміз керек. Оның үстіне халқымыздың пісіп-жетіліп, мәдениетінің өсуі керек болды. Тәуелсіздіктің дәмін түсініп, мәнін ұғуы керек еді. Соның бәрін таразыға сала отырып, осы уақытты дұрыс көрген екен. Шын мәнінде, өткен тарихыңды білмей, бүгін мен ертеңіңді салыстырмай, білімсіз жүре беру – ақырын-ақырын сөнумен тең. Онда тәуелсіздік тұйықтала түседі деген сөз. Оның тұйықталмауы үшін не істеу керек? Оқу керек. Нені оқу керек? Бірінші мәселе, 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы. Кейінірек тарихқа көңіл бөліп, қайдан шыққанымызды, түбіміздің кім екенін анықтауымыз керек деді кезінде Елбасы. Өкінішке қарай, тарихшылар әлі анықтаған жоқ. Оған таласып, тырмысып, атсалысып жатқан тарихшыны көрмедім. Қайта ақын-жазушылар атсалысып келеді. Бір ғана жазушыны айтайын. Әнес Сарайдың «Ноғайлы» деген кітабы шықты. Бір институт зерттеп біте алмайтын нәрселерді айтты. Ноғайлы дегеннің кім екенін анықтап берді. «Көнеліктер» деген кітабында Адам ата мен Хауа анадан бастап, тегімізді түгендеп берді. Бұл ойдан алынған нәрсе емес. «Көк түрік» кітабында Көк түріктің қайдан шыққанын, мемлекеттің қалай ыдырағанын, қалай пайда болғанын тізеді. Әнес жақында маған телефон шалып: «Әй, шалдың баласы, Үндістанда 260 миллион түріктің барын анықтадым», – деді. Бұл бір державаның халқы. Түрік – әлемдегі ең көп халықтың бірі болған. Үнді, Мысыр, Еуропа, Түркия, Америка, Жапония, Қытайға барып, сіңіп кетті. Олар кіммен кетті? Дешті Қыпшақтың даласындағылар қайда? Атилла, мәмлүктер, Шыңғысхан, Алтын ордамен бірге кетті. Олар қайтып келген жоқ, сол халықтардың ішіне сіңіп кетті. Болгария деген мемлекеттің арғы тегі – түрік, тілі – славян, Хунгарияның да жағдайы солай. Ұзақ уақыт ағайын араласып тұрмаса, бөлек болып кетеді. Міне, осының бәрін ойлап, мақалада ұлттық бірегейлік мәселесін қойып отыр. Шын мәнінде, бірегейлік, бірлік сақталмаса, бір халықтан бірнеше халық тарап кете беретінін тарихтан білеміз. Бір кездегі Дешті Қыпшақта өмір сүрген өзбек, түркімен, қазақ, қырғыз болып, бөлініп отырған жоқпыз ба? XIV ғасырда арабтың ибн Баттута деген саяхатшысы Қырым мен Еділ бойын аралаған, Өзбек ханның ордасында болыпты. Өзбек хан – Әз Жәнібектің әкесі. Сонда түріктерді аралап көріп: «Әйел баласын дәл осылай сыйлауды басқа еш жерден көрген емеспін», – дейді. Бізді феодал, әйелдерді қорлаған, теңдік бермеген надан халыққа теңемеп пе еді? 600 жыл бұрын қандай ғажап сыйластық болған. Ендеше неге біздің мәдениетімізді жоққа шығарып отыр. Өйткені бізді түсінбеген. Әрбір ұлттың өз болмысы болады, сол ұлтқа өз болмысымен қарау керек. Жақында бір саясаткер Түркиядағы референдумды еуростандартқа сай келмейді деді. Түркияның өз стандарты бар емес пе? Өзінің ата-бабасынан келе жатқан дәстүрді қайтеді? Қазір салт-сана, әдет-ғұрыппен санаспайтын күш пайда болды. Осының бәрін көріп-біліп отырғаннан кейін бұл мәселелерді айтпаса болмайды. Елбасы басқаға емес, өзімізге ұқсайық деді. Үлкен-кіші де осыны ұғынып, осы идеологиямен өмір сүруі тиіс. Біздің идеологиямыз – салт-дәстүр, салт-сана.  Өз қанымызды, тегімізді сақтауымыз керек. Ұлттық код – біздің тегіміз, дәстүріміз, әдебіміз, ғұрпымыз, тарихымыз. Текті ұрпақ болғанбыз, қайтадан текті болуымыз керек. Тексіздер бізді көкпар қылып, ары-бері тартқылады, содан құтылуымыз керек. Елбасы мақаласында жершілдік деген мәселені айтып қалады. Ашық айтылмағанымен бізді рушылдық та жеп жатыр. Елбасының алдында мен осыны айттым. Ру деген мәселені аузыма алғаным жоқ, бірақ «қазақ деген бірегей, біртұтас халық» дегенді айттым. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабын айттым. Біз алты арыс қазақ Арыстан тараған еншілес үш ұрпақпыз. Бұрын бізді Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп үшке бөлетін. Ақарыс – ұлы жүз, Жанарыс – орта жүз, Бекарыс – кіші жүз. Осындағы «жүз» сөзі сан мағынада емес, «йазы, йозы» – ауыл, аймақ деген мағынада қолданылады. Сонда үлкен баланың ауылы, ортаншы баланың ауылы және кіші баланың ауылы дегенді білдіреді. Арыстың үш баласы бір мемлекет құрып отырмыз. Жер бетінде бізден басқа бір атадан тараған мемлекет жоқ. Ал Арыс біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда шетелге, яғни Грекияға келгенін Геродот жазып қалдырды. Тіпті Грекияға алғаш келген скиф – Анахарсис емес, Токсарид екенін де анық жазады. Қазыбек бек айтқан шежіреде Арыс бабамыздың шын аты Анарыс, шешесі шетелдік деп жазады. Ол шетелге білім алуға кеткенде, туысқаны Тоқсарымен бірге кеткен деген дерек бар. Сонда грек оқымыстылары Токсарид десе, біздің ата-шежіре Тоқсары дейді. Мұны тарихтың ұлы атасы Геродот айтып отыр. Біз өсек-аяңға сүйенеміз бе, әлде шежіре мен Геродотқа сенеміз бе? Міне, осыны қозғауымыз керек. Руға бөліну – білместік, біз бір атаның ұрпағымыз. Бұл біздің ұлттық кодымызда салынған. Тауасарұлының атасы Матайдың жазып кеткен шежіресінде бар. Нағыз шежіре осы. Өйткені мұны Левшин мен Крафт та растап, Қадыр Қалшадан тарайды деп жазады. Рашид-ад-Диннің ХІІІ ғасырдың аяғындағы «Жамих-ат-тауарих» түсініктемесінде де Қадыр Қалша туралы айтылады. Ол Арыстың арғы бабасы. – Кездесуде көкейде жүрген үш мәселе туралы айттыңыз. Соның бірі туған жер деп едіңіз. Туған жер туралы пікіріңізді білсек. – «Туған жерге туың тік». Қазір пісіп тұрған мәселелер көп. Соларды практикалық жағынан шешіп алу керек. Мысалы, айналамызда Қытай, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Ресей жатыр. Осылардың ортасында отырғанда біз қандай саясат ұстануымыз керек? Ол күш көрсету емес, ымыраға келу, келісім, достық пен бірлік саясаты. Осыдан басқаның қажеті жоқ. Мысалы, Ливия, Ирак, Сирияны қараңыз. Ливия көп рудан тұрады, бұл елді зерттеушілер бұлардан тұтас мемлекет шықпайды деп шешкен. Ал бұрынғы президенті Каддафи «көп руды біріктіріп, жұмақ орнатамын» деген екен. Айтқанын түгел орындады, мемлекет қылды. Әрбір жаңа туған балаға 35 мың доллар жазып отырған. Біз жете алмаған коммунизмді жартылай жасаған. Бірақ «мен айттым болды» деген шығыстық ескі әдіспен жасады. Мықты мемлекеттер демократияны пайдаланып, күл-паршасын шығарды. Енді бұрынғы күніне зар боп қалды. Өйткені олардың басшысы саясаткер бола алмады. Олар долларға қарсы шықты, әділ баға – алтынға қайта көшкісі келді. Айтқанының жаны бар, бірақ... Оның зымыраны, қаруы жоқ, оқу-білімі, саясаты да жоқ. Сондықтан білім керек, шетелдің озық кітабын оқу керек. Шетелдің балаға не үйретіп отырғанын түсініп, әлем қайда кетіп бара жатқанын ұғыну керек. Міне, бүкіл мақсат осы. Бұл мәселе бүгін басталып, ертең біте қоятын нәрсе емес. Бұл – болашаққа бағдар. Адам баласының табиғаты қызық. Әкеден бала, баладан немере, шөбере, шөпшек, шөбелек, немене, туажат тарайды. Атадан бастап бір шаңырақтан көбейіп барады, көбейген сайын атадан алыстап барады. Тек қай шаңырақтан шыққанын ұмытпауы керек. Ал енді қазақ халқының «туған жерге туың тік дегені» тура қазақ халқының «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» дегені. Осының негізі қайда жатыр? Неге қазақ туған жерін жақсы көреді? Президент мұны да қозғады. Қазақтың ең жанды, қасиетті жері – туған жері. Президенттің алдында осыны айттым. Әйгілі партизан, халық қаһарманы Қасым Қайсенов Сәбит Мұқановтың жүз жылдығына арнайы пойызбен кетіп бара жатқанда: «Біздің жаста әке-шешеңді сағынады екенсің. Жер бетінде әке-шешең тұрмақ, олардың көзін көрген адам да қалмады. Сонда да ауылға барып, туған жер өскен жерімді көріп, мауқымды басам», – деп еді. Туған жерден артық не бар? Туған жерді құрметтеу де өз әке-шешеңді құрметтеумен бірдей, тіпті одан да артық. Соған қандай қызмет жасап жатырмыз? Мысалы, Орбұлақ – бір Жаркенттің мақтанышы емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы. 50 мың қол жауды 600-700 әскермен тоқтату дүниежүзінде болған емес. Спартандықтардың ерлігі туралы аңыз айтылады, бірақ нақты уақыты мен орны жоқ. Ал бізде екі шақырымдық ордың ізі қалып отыр. 370 жылдан астам уақыт өтсе де, орны әлі сақталған. Демек, ол терең ор болған. Осыны өзіңіз қол қойып, 1993 жылы 350 жылдығын тойладық дедім. Содан бері жыл сайын тозып барады. Орбұлаққа келушілер үстінен көлікпен өтеді, мал да, адам да үстінде жүр. 1975 жылы алғаш көргенімде жарқырап ашық жататын. Орбұлақтың аты шыққалы бері көрушілер көбейген. Жыл сайын облыс әкімдерін шақырып, есебін тыңдайсыздар. Сол кезде сол өңірде туып-өскен ақын-жазушыларды қоса шақырса, әкімге «Тарихи тәу етіп баратын жерді қалай сақтап жатырсыңдар?» деп сұрақ қояр едім. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы басталғанда Президент тарихи жерлерге жергілікті әкімдер жауап береді деп кесіп айтқан. Қазір бір-ақ нәрсе керек. «1643 жылы Орбұлақ шайқасы болған. Бұл мемлекет қорғауында» деген бір ауыз сөзі бар тақтайша қойса жеткілікті. Жәңгір ханның бейітін де айттым. Осы маңайда Үйгентастың белінде салқам Жәңгір жерленген. Қазыбек бек Тауасарұлы «1652 жылы қалмақтармен соғыс болып, қол жинап, Қарасай батыр аттанған» дейді. Сонда қалмақтың қоңтайшысы Батордың қолын шауып, ол өлер алдында кегімді алыңдар депті. Содан келесі жолы соғыста ханның тұқымы Ғалдама Жәңгір ханды жекпе-жекке шақырады. Сөйтіп Жәңгірді сол жерде сайып түсіреді. Бірақ қалмақтар жеңіледі, Жәңгірді сол белге жерлейді. Ханға лайық жерленгенін өзім көрдім, жан-жағына батырлары қойылған. Бұл кәдімгі Бесшатыр жерлеуіне ұқсас, ежелгі ханды қою салтымен жерленген. «Бұл өзі дәлелденген бе?» – деп сұрады Президент менен. «Иә, дәлелденген. Өз көзіммен барып көрдім», – дедім. Былтыр Текеліден Жаркентке қарай электр желісін тартып, трактормен бейіттің бір жағын жапырып кетіпті. Ұлттық кодтан айырылған адамдар көп. Жаркент пен Көкталдың ортасында Түрген тоғай жатыр, жолдың екі бетіндегі қорған әлі бар. Осында қалың қалмақты қуып, Райымбек бастаған батырлар Қорғас асырып жіберген. Сонда  шығыс жағында қалмақтар, батыс бетінде қазақтар тұрады деп келісім жасалған. XVIII ғасырдың екінші жартысында қалмақтарға қарсы ұлт-азаттық көтерілісте Райымбек, Аралбай, Сатай, Бөлек батырлар соғысып, Ақтабан шұбырындыда тартып алынған жерлерді қайтарып алған деген тарих шықпай ма? Осыдан әңгіме Шыңғыс ханға ауысып кетті. Оның туып-өскен жері Жаркент пен Кербұлақ ауданының жайлауындағы жер-су аттары әлі солай аталады. Оны да айттым. Кітапта Шыңғыс хан Жұбырда өскен, Жұбырда тұрған деп бұрмаланып келген жер атының шын мәнінде Шұбар екенін Тілеуберді Әбенайұлы қытайша түпнұсқадан оқып, дәлелдеді. Ол мына Кербұлақ ауданының жайлауында Шұбар деген жер. Бәрін айтып болған соң Президент: «Бұл өзі қай Шұбар», – деп сұрады. Мәселен, ежелгі Үйсін мемлекетінің астанасы Шығу қаласы қазіргі Есік қаласының батысындағы Рахат ауылының желкесіндегі тепсеңде жатқанын айтуындай-ақ айтып келем. Оның сонда жатқанын Қазыбек бек Тауасарұлы жазып кеткен. Кезінде Алтын адамды тапқан Бекмұханбет Нұрмұханбетов те растап көрсеткен. Бірақ біздің тарихшылар мойындамайтын. 2008 жылы Ресей мен Қазақстан ғалымдары «Атлас Турана в старинных картах» деген атлас жасады. Сонда Шығу қаласының орны дәл осы арада екенін үш картада көрсетеді. Міне, осындай дәлелді ескертулердің өзі тарихшылар тарапынан қасақана қолдау таппай келеді. Президенттің мына мақаласынан кейін қозғау бола ма, болмай ма, оны өмір көрсетеді. Орыстар оны жергілікті халықтан сұрап, жазып алды ғой. Тіпті бұл карталарды Шоқанның өзіне көрсетпеген. – Бексұлтан аға, латынға көшуде жаңа емле жасауды ұсынған едіңіз. Осыны тарқатып беріңізші, қазіргі емле дұрыс болмағаны ма? –  Келесі мәселе – латынға көшу. Жұрттың күдігі көп. Менің күдігім біреу-ақ, ол – ғалымдар. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Сол күннің ертеңінде-ақ өз емлемізді кіргізу керек еді. 1957 және 1983 жылы қабылданған орыс емлесімен өмір сүріп келеміз. Онда «Орыс тілінен енген термин сөздер орыс орфографиясы негізінде өзгертілмей жазылады» делінген. «Кровать» деп жазамыз, қазақ бойбермей «кереует» дейді. Осыны ұмытпаған ғалымдарға күдігім бар. Екінші пунктінде: «Араб, парсы тілінен енген сөздер өзгертіліп, қазақ тілінің заңына бағынып жазылуы керек» дейді. Сонда араб пен парсы – шет тілі болып, орыс тілі шет тілі болмағаны ма? Біздің тіл – агглютинативті тіл. Ол жалғамалы тіл. Жұрнақ сөзді өзгертеді, жалғау сөзбен сөзді біріктіреді. Түбір жуан дауыста тұрса, жұрнақ та жуан жалғанады. Бұның бәрі үндестік заңына бағынады. «Қой», «қойшы», «қойшыға», «қойшының» бәрі жуан дауысты буынға жалғанып тұр. Мысалы, «ти» деп жазып, «тый» деп оқы дейміз. Тиянақ сөзінде «я» – «и» мен «а»- ның орнында. Осыны тарқатсақ, екі «и» қатар келіп тұр. Ондай болмайды, дұрысы – «ты-йа-нақ». «Ми», «милы» деген сөз бар. М-дан кейін «и» жазып, «мый» деп оқы дейміз. «Ми» нотасын да «ми» деп жазамыз. Неге бірдей жазылған сөзді екі түрлі оқуымыз керек? Әуелі емле жасап алып, латынға аудару керек. Сонда қай әріпті қалдырып, қайсысын қосып алатынымыз анықталады. Осы тақырыпта жеті-сегіз мақала жаздым, бір ғалым үн қоспады. Осының бәрі мақалада жақсы айтылды. Тарихшылар, тіл ғалымдары, экономистер «мынау жақсы болдыдан» ары аспады, «қолдаймыз» деп шулап жүр. Ау, олар халыққа тарқатып, түсіндіруі керек. Осының бәрін шеше білгенде мықты, біртұтас мемлекет болу көзделген. Жан-жағы шашылып, біріне-бірі үйлеспей жатса не болады? Айналып келгенде бәрі бір-бірімен байланысты. Мәселе, экономикалық жағынан ғана даму емес, қазір тұрақтылық, тыныштық бар, әлемде абыройымыз бар. Енді не керек? Осы тыныш заманда осыларды жүзеге асыру керек. Мемлекетті саяси, білім, сана жағынан нығайту керек. Сана өспейінше, жинаған байлықтың күл-паршасы шығады. Оған Сирия, Ливия мен Ирак дәлел. – Дін мәселесі де қозғалды ғой. Бірақ Дулат ағаның пікірін ғана көре алдық. – Діни алақұлалық жайында Дулат айтты. Дәстүрлі дініміз бар. Шын дін ілім-ғылыммен байланысты. Біздің дінде білу, білгеніңді үйрету парыз. Қазақтарда қыз қуу деген ұлттық ойын бар. Біреулер бұл дұрыс емес, некелі адамдар ғана сүйісуі керек дейді. Көрдіңіз бе? Жастарды қалай алдайды. Ежелгі дәстүрімізде бетінен сүйіп амандасады. Оған діннің қатысы жоқ. Бұл ұлттық дәстүр. Ұлттық дәстүрді жоятын дін – агрессор. 1949 жылы бүкілхалықтық декларация қабылданған. Сонда «Кез келген жалпыхалықтық заң ұлттық заңның алдында төмен тұрады» деп айтылды. Халықтық дәстүрдің негізгі қасиеті – үлкенді сыйлау. Дәстүрдің өзі әлемдік мәдениетпен ұштасып, бір-бірін жоққа шығармауы тиіс. Дін білім алма демейді, үйрет, бауырмал бол дейді. Сыртқы  демократия деп сылтауратқан күштер елдерді араздастырып, үстінен пайда табуды көздейді. Қару сатады, бағындырады, әскерін жібереді. Бәлен заманнан бері әлем бас иген Бағдатқа не болды? Мың бір түндей ғажап әңгімені дүниеге әкелген Бағдаттың күл-паршасы шықты. Оған кім кінәлі? Абайдың көпшілікте ақыл жоқ дегені бар. Көпшілікке ақылды көсем береді. Көсемді тыңдамаса не болады? Демократияның ең осал жері осы. Біз сияқты аз халықтарға бір-біріңді тыңдама деген зәлімдік негіз береді. Бір шындықты он шындыққа бөліп алады. Ең демократияшыл мемлекет АҚШ Трампты сайлады. Трамп «миграцияны тоқтатамын, Америка америкалықтар үшін» деді. Трамп өз халқының қамын ойлады, оны бәрі кінәлайды. Бірақ осы былықтың бәрін Америка жасағаны рас. Тып-тыныш жатқан елдерді бүлдірген Америка. – Әңгіме қалай аяқталды? Осы әңгімеден Елбасы қорытынды жасаған шығар... – Ағасы інісін қонаққа шақырғандай әңгімелестік. Президент «еркін әңгіме болса деп едім, болды» деді. Бір сөзді бөлген жоқ. Екі жарым сағаттай  отырдық. Екі жарым сағаттың ішінде бүкіл мемлекеттің мәселесін ол кісі де шеше алмайды, біз де шеше алмаймыз. Бірақ ойымыздағы мәселені емін-еркін айттық. Адаммен сөйлесудің, тыңдай білудің үлгісін көрсетті. – Әңгімеңізге рахмет!  

Әңгімелескен Ақниет ОСПАНБАЙ