«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы бірқатар мәселеге қатысты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның сөзінше, Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрағаларының өкілеттігі мен жауапкершілігі арасындағы сәйкессіздік, төраға ауысқан кездегі бюрократиялық қиындықтар, тұрғындар туралы ақпаратқа қолжетімділіктің шектелуі және үйлерді күрделі жөндеуді қаржыландыру мәселелері өзекті болып отыр.
«Жаз мезгілінде бүкіл ел бойынша «Біздің қала» жобасы аясында «Әділет» партиясының мүшелері МИБ, ПИК (Пәтер иелерінің кооперативі) төрағаларымен және көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен жұмыс жүргізді.
Ондаған кездесу өткізіліп, оның қорытындысы Астана қаласында өткен тұрғын үй қорын басқару мәселелеріне арналған республикалық форумда талқыланды. Іс жүзінде осы салада жұмыс істеп жүрген мыңнан астам маман мен сарапшы саланың ең өзекті бағыттарын талқылады. Біз екі жүзге жуық ұсыныс пен аманатты жинақтап, жүйеледік. Тұрғындардан ұсыныстар әлі де түсіп жатыр.
Көтерілген мәселелердің бір бөлігі заңнамалық шешімді қажет етеді және фракция бұл бағыттағы жұмысты бастап кетті. Алайда проблемалардың едәуір бөлігі заңдарға емес, әкімшілендіру сапасы мен заңға тәуелді нормативтік реттеуге байланысты.
Біріншіден. Төраға үйдің күтімі, өрт қауіпсіздігі және инженерлік жүйелердің жұмысына жауап береді. Алайда көптеген шешім меншік иелерінің дауыс беруіне және тұрғындардың өз әрекетіне байланысты.
Соған қарамастан, бақылаушы органдардың талап-арыздары көбіне төрағаға қойылады.
Тексеру парақтары, регламенттер мен әкімшілік рәсімдер үйді басқару органдарының нақты өкілеттіктеріне әрдайым сәйкес келе бермейді.
Екіншіден. МИБ төрағасы қайта сайланғаннан кейін мемлекеттік, банктік және өзге де жүйелердегі деректерді өзгерту кезінде қиындықтар туындайды. Жаңа төраға іс жүзінде бұрынғы басшының әрекетіне тәуелді болуы мүмкін.
Құжаттарын уақытылы тапсырған, бірақ тіркеуден бас тартылған ПИК-тарды қайта тіркеу мәселесі де өзекті болып отыр.
Үшіншіден. Үйді басқару органдарының тұрғындар туралы ақпаратқа қол жеткізу мәселесі шешімін таппай отыр. Тіпті апатты жағдайлардың өзінде пәтер иесін табу қиынға соғады, берешекті өндіріп алу мәселесін айтпағанда.
Партиямыздың бағдарламасында үйді басқарудың бірыңғай цифрлық ортасын, оның ішінде меншік иелерінің электрондық тізілімін және электрондық дауыс берудің қолайлы тетігін құру міндеті көзделген. Біз бұл мәселені ерекше бақылауда ұстаймыз.
Төртіншіден. Банктер шот ашу және жүргізу, уәкілетті тұлғаларды ауыстыру, сондай-ақ МИБ төрағаларының өкілеттіктерін растау кезінде әлі де әртүрлі рәсімдер қолданып, әртүрлі құжаттар топтамасын талап етеді.
Бесіншіден. Қасбеттерді, шатырларды, лифтілер мен инженерлік жүйелерді жөндеу, яғни үйге күрделі жөндеу жүргізу айтарлықтай қаражатты қажет етеді. Бұл ретте ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімді тетіктері жекелеген өңірлерде ғана жұмыс істейді.
Сонымен қатар жөндеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау және апаттардың алдын алу үшін қажет тұрғын үй қорының техникалық жағдайы туралы жүйелі ақпарат жоқ.
Алтыншыдан. Тұрғын үй қатынастары бөлімдеріндегі қызметкерлердің штат саны әлі де олардың нақты жұмыс жүктемесіне сәйкес келмейді.
Сонымен бірге тұрғын үй қорын басқару мәселелерінің ауқымы әлдеқашан жеке қызмет құру қажеттігін көрсетіп отыр.
Жетіншіден. Пайдалану талаптары заманауи тұрғын үй кешендерінің мәселелерін әрдайым ескере бермейді.
Бұл, мысалы, жеке қазандықтарға, күрделі инженерлік жүйелерге, контейнерлік алаңдарға және басқа да ортақ инфрақұрылымға қатысты», – деді Е. Смышляева.
Екатерина Смышляева көппәтерлі тұрғын үйлердегі коммерциялық нысандарға қойылатын талаптарды күшейтіп, МИБ төрағасы ауысқан кездегі рәсімдерді автоматтандыруды және тұрғын үй қорын басқарудың бірыңғай цифрлық сервисін іске қосуды ұсынды. Депутат бұл ұсыныстарды тұрғын үй қорын басқару саласындағы жүйелі мәселелерді шешу үшін Үкіметке жолдады.
«Тұрғын үйлердің ішіндегі коммерциялық нысандар да жеке мәселе болып отыр. Әсіресе бірінші қабаттарда орналасқан дәмхана мен мейрамханалар тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Олар шу мен жағымсыз иіс шығарып, инженерлік жүйелерге қосымша салмақ түсіреді.
Осыған байланысты Үкіметтен төмендегі ұсыныстарға қатысты ұстанымын білдіруді сұраймын:
- Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы қолданыстағы қағидалар мен әкімшілік рәсімдерге, оның ішінде тексеру парақтарына ревизия жүргізу;
- МИБ төрағасы ауысқан кезде цифрлық жүйелерге өзгерістер енгізу рәсімдерін автоматтандыру;
- 2026 жылғы 12 шілдеге дейін өтініш берген ПИК-тарды қайта тіркеу жұмыстарын аяқтау;
- Тұрғындарға тегін қолжетімді, дауыс берудің базалық модулі қамтылған үйлерді басқарудың цифрлық сервисін іске қосу;
- Қаржы реттеушісімен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің тұрғын үй шоттарымен жұмыс істеу стандартын әзірлеп, оның орындалуын қамтамасыз ету;
- Тұрғын үйлердің ішінде орналасқан коммерциялық нысандарға қойылатын техникалық, санитариялық және пайдалану талаптарын күшейту;
- Астана мен бірқатар өңірлердің тәжірибесі негізінде тұрғындарға қолайлы шарттармен тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландыратын ұйымдардың жұмысын кеңейту және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- Өңірлік әкімдіктердегі тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің штат санын ұлғайту;
- Тұрғын үй қорының техникалық аудитін жүргізуге қаражат бөлу мүмкіндігін басым тәртіппен қарастырып, оның нәтижелерін министрліктің цифрлық жүйесіне енгізу.
Өз тарапымыздан фракция жоғарыда аталған проблемалар мен мәселелерді шешу үшін қажетті заңнамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге дайын», – деді депутат.