Абай облысында абақты аумағына телефон лақтырмақ болған тұрғын ұсталды

/
Абай облысында абақты аумағына телефон лақтырмақ болған тұрғын ұсталды
polisia.kz

Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды лақтыру әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мекемеге іргелес аумақты патрульдеу барысында жедел бөлім қызметкерлері негізгі қоршау арқылы скотчпен оралған түйіншекті лақтырмақ болған Семей қаласының 42 жастағы тұрғынын ұстады. Лақтыруға ыңғайлы болу үшін түйіншекке электродтан жасалған тұтқа бекітілген.

Түйіншекті ашу барысында қызметкерлер телефон мен SIM-картаны тауып, тәркіледі. Ұсталған азаматтың айтуынша, тыйым салынған заттарды мекеме аумағына лақтырып беруді оған таныс ер адам ақшалай сыйақы үшін ұсынған.

— Жедел іс-шаралар нәтижесінде бөлім қызметкерлері мекеме аумағына тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің дер кезінде жолын кесті. Тәркіленген заттар әрі қарай тексеру жүргізу үшін жолданды. "Курьер" ретінде әрекет еткен ұсталған азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, — деді жедел бөлім бастығының орынбасары Бекзат Сайлаубеков.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары