Оралда 11 жастағы Нұрәмір Сапарбековтің өліміне қатысты ұзаққа созылған сот процесі ақтау үкімімен аяқталды. Бала 2022 жылғы 27 шілдеде спорт алаңында футбол қақпасы үстіне құлап, мерт болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спорт алаңы «Орал» спорт клубының балансында болған. Қайғылы оқиғадан кейін клуб директорының орынбасары жұмыстан босатылды. Тергеу барысында спорт мекемесінің бірнеше қызметкері әр кезеңде жауапкершілікке тартылған.
Іс бойынша соңғы сотталушы «Орал» спорт клубының спорт алаңдарына жауапты болған Бауыржан Алтаяқов болды. 25 тамызда өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы оған төрт жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Алтаяқовтың өзі кінәсін мойындамады. Соңғы сөзінде ол баланың қазасына байланысты өкініш білдіргенімен, болған жағдайға өзін жауапты деп санамайтынын айтты.
«Баланың қайтыс болғанын түсіну өте ауыр. Мен өзіме тағылған қылмысты жасаған жоқпын. Оқиғаның болғанын жоққа шығармаймын, алайда менің әрекетім немесе әрекетсіздігім қайғылы жағдайға себеп болды деген пікірмен үзілді-кесілді келіспеймін. Жобалық-сметалық құжаттама жобаға сәйкес келмеген, бұл өте маңызды. Қақпа 2011 жылы пайдалануға берілген. Нысан құрылысы басталған сәттен-ақ заң бұзушылық болған. Менің кінәм неде? Қақпаны мен жасаған жоқпын және орнатқан да жоқпын. Соттан дәлелдерге сүйенуді сұраймын. Менің әрекеттерімде қылмыс құрамы жоқ деп есептеймін. Әділ шешім шығарып, мені ақтауды сұраймын. Соттың әділдігіне сенемін», – деді ол.
1 қыркүйекте Орал қалалық соты шешімін жариялады. Судья Абадан Мамыров Бауыржан Алтаяқовты кінәсіз деп танып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтады.
«Сот Бауыржан Алтаяқовты кінәсіз деп танып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтау туралы үкім шығарды», – деп мәлімдеді судья.
Сонымен қатар сот Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне, прокуратурасына және әкімдігіне қатысты жеке қаулылар шығарды. Судья сотқа дейінгі тергеу барысында бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгенін атап өтті. Оның ішінде тергеу мерзімдерінің формалды себептермен бірнеше рет тоқтатылғаны айтылды.
«Сот талқылауы барысында сотқа дейінгі тергеу органдары тарапынан заңның елеулі бұзушылықтарына жол берілген. Тергеушілер сотқа дейінгі тергеу мерзімдерін формалды себептермен жүйелі түрде үзген. Мысалы, сараптамалар тағайындалғанын айтып, алайда оларды іс жүзінде сараптамаға жібермеген. Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне барлық спорт алаңдарының қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізу үшін ұсыныс енгізілді. Ал БҚО прокуроры мен БҚО полиция департаментінің бастығына тергеу барысында анықталған заң бұзушылықтарға байланысты тиісті шаралар қабылдау туралы қаулы шығарылды», – деді Абадан Мамыров.
Қаза тапқан баланың әкесі сот шешімімен келіспейтінін айтып, оны апелляциялық инстанцияда шағымданатынын мәлімдеді.