29 тамызда Шахтерлер күніне орай ұйымдастырылған концерттен кейін Димаш Құдайберген Қарағандыдағы Qarmet компаниясының Костенко атындағы шахтасына барды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесі 700 метр тереңдікке түсіп, кеншілердің еңбек жағдайымен танысты. Оған сондай-ақ шахтаның жұмысы, заманауи қауіпсіздік жүйелері және жер астындағы адамдардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін жабдықтар көрсетілді.
Кәсіпорынға барғаннан кейін Димаш Құдайберген Instagram желісінде кеншілермен кездесуі туралы жазба жариялап, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бұл мамандық иелеріне деген құрметім зор. Сіздердің еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық! Шахтерлер күні құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға қауіпсіз ауысым тілеймін! Рақмет, Qarmet!» – деп жазды өнер иесі.
