Қызылордада сотталған 37 адам мектептегі оқуын жалғастыратын болды

/
Қызылордада сотталған 37 адам мектептегі оқуын жалғастыратын болды
polisia.kz

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың арасында кезінде мектепті аяқтай алмай, орта білім ала алмағандар бар. Енді олар үшін білімін жалғастыруға мүмкіндік туды, деп хабарлайды turkystan.kz.

1 қыркүйек – Білім күні Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 және №60 мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 37 азамат кешкі мектептің оқушысы атанып, алғаш рет партаға отырды. Енді олар мектеп бағдарламасы бойынша білім алып, орта білім туралы аттестат алуға мүмкіндік алады.

Кешкі мектепке қабылданған азаматтардың жасы 20 мен 40 жас аралығында. Олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – аяқталмай қалған білімін жалғастырып, аттестат алу.

Солардың бірі мектепте небәрі 8 сыныпты тәмамдаған. Қазір ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан азамат жазасының екі жылын өтеген. Бостандыққа шыққанға дейінгі уақытын тиімді пайдаланып, орта білім туралы аттестат алуды мақсат етіп отыр.

- Мектепті толық аяқтай алмадым. Өмірімдегі қателіктерімнің салдарынан қазір жазамды өтеп жатырмын. Енді уақытымды бос өткізбей, білім алғым келеді. Бостандыққа шыққанда қолымда аттестат болғанын қалаймын. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік, – дейді ол.

Ол үшін мектепке қайта оралу – жай ғана білім алу емес, болашағын өзгертуге жасалған маңызды қадам. №37 мекемесінің тәрбие бөлімінің бастығы Бауыржан Сәметовтің айтуынша, сотталғандардың білім алуына ерекше мән беріліп отыр.

- Мекемеде жалпы орта білімі жоқ, отыз жасқа толмаған сотталғандардың жалпы орта білім алуы міндетті түрде ұйымдастырылады. Ал отыз жастан асқан сотталғандар мен мүгедектігі бар азаматтар жалпы орта білімді өз қалауы бойынша алады. Біздің мақсатымыз – олардың білім алуына жағдай жасап, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету, – дейді Бауыржан Сәметов.

Бүгін партаға отырған 37 азамат үшін бұл күн – жаңа бастаманың белгісі. Бір кездері аяқталмай қалған білім жолы қайта жалғасып, олардың алдында жаңа мүмкіндік ашылды. Өткенді өзгерту мүмкін емес. Бірақ білім алып, болашақты өзгерту – әр адамның өз қолында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары