АҚШ жағалауында балықшылар салмағы 572 келі болатын алып атлантикалық көк марлин ұстады. Балықты судан шығару үшін шамамен үш сағат қажет болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Associated Press жазуынша, чартерлік кеменің капитаны Дэймон Сакко мен оның клиенті Уолтер Чепмен бастапқыда ірі балықты акула деп ойлаған. Алайда ол су бетіне көтерілген кезде ұзын әрі сүйір тұмсығына қарап, марлин екенін аңғарған.
Ұсталған балықтың ұзындығы 3,3 метрден асқан. Капитан алып марлиннің су бетіне шыққан сәтін «жарқыраған ғарыш кемесіне» ұқсатқан.
Балықты қайыққа тарту кезінде марлин сүйір тұмсығымен кеменің корпусын бірнеше жерден тесіп кеткен. Балықшылар оны әзілдеп «шайқастың ізі» деп атаған.
Алып марлиннің салмағы әлемдік рекорд көрсеткішінен небәрі 64,4 келіге аз болған. Мамандар АҚШ жағалауындағы салқын суда мұндай көлемдегі марлиннің кездесуін сирек құбылыс деп бағалады.
Кейін балықтың еті 12 адамға бөлініп берілген. Ал басы оның жасын анықтау үшін зертханаға жіберілді. Алдын ала болжам бойынша, марлин шамамен 25-30 жыл өмір сүрген болуы мүмкін.