Абай облысында 130 млн теңге салықтан жалтарған кәсіпкердің үкімі қайта қаралды

/
Абай облысында 130 млн теңге салықтан жалтарған кәсіпкердің үкімі қайта қаралды
istockphoto.com

Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде заңсыз қызметпен айналысқан кәсіпкер Б-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Анықталғандай, 2022 жылы ол тауардың шығу тегіне қатысты жалған бухгалтерлік құжаттар мен шынайы емес мәліметтерді пайдаланып, Қазақстанда өндірілген өнімнің шығу тегі туралы сертификаттарды рәсімдеген және кейіннен өнімді Қытайға экспорттаған.

Ел аумағынан 13 мың тоннадан астам күнбағыс тұқымы экспортталған. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне 130 млн теңгеден астам салық түспей, ұлттық тасымалдаушыға 136 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілген.

Бірінші сатыдағы сот кәсіпкерді салық төлеуден жалтару және алдау арқылы мүліктік залал келтіру фактілері бойынша кінәлі деп таныған. Алайда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру айыбы бойынша ақтаған.

Сот үкімінің ақтау бөлігімен келіспеген прокуратура облыстық сотқа апелляциялық өтінішхат енгізді.

Апелляциялық сатыда прокурор қылмыстық жолмен алынған қаражаттың кейіннен банктік операциялар арқылы қаржы айналымына енгізілгенін дәлелдеді.

Апелляциялық сот прокуратураның уәждерімен келісіп, үкімнің ақтау бөлігін жойды және кәсіпкер Б.-ны қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактісі бойынша да кінәлі деп таныды.

Осылайша, кәсіпкер 3 жылға бас бостандығынан айырылып, тиісті жазасын өтеуге жіберілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары