Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты бір коллекторлық агенттікке (ЖШС) қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша 2 істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарызды өндіріп алу кезінде азаматшаның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне «К» ЖШС-нің іс-әрекетіне жүгінуі талқылауға себеп болды. Тексеру барысында ЖШС-нің қызметкерлері коллекторлық агенттікке тіркелмеген абоненттік нөмірлерден WhatsApp мессенджері арқылы арыз берушімен және үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасағаны анықталды.
«Коллекторлық қызмет туралы» Заңы коллекторлық агенттіктің борышкермен, оның өкілімен және үшінші тұлғамен өзара іс-қимылының нақты тәсілдерін көздейді.
ЖШС-нің кінәсі хаттамалармен, тараптардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.
ЖШС-нің өкілі кінәсін мойындап, өкініп, айыппұл сомасын азайтуды сұрады.
Кінәні мойындауды, өкінуді, бұрын жасалған құқық бұзушылықтардың жоқтығын ескере отырып, сот айыппұл мөлшерін 30%-ға азайтты.
Бірінші іс бойынша ЖШС-ке 605 мың, ал екінші іс бойынша 302 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.