Пәкістан астанасы Исламабадтағы ірі мемлекеттік ауруханалардың бірінде өрт шығып, кемінде 14 нәресте қаза тапты. Қайғылы оқиға 26 тамыз күні таңертең болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт Пәкістан медициналық ғылымдар институтының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің үшінші қабатында тұтанған.
Алдын ала болжам бойынша, таңғы сағат 06:45 шамасында гинекология бөліміндегі нәрестелер палатасында кондиционер компрессоры жарылып, соның салдарынан өрт шығуы мүмкін.
Оқиға орнына құтқарушылар, полиция және басқа да жедел қызмет мамандары келген. Исламабадтың бас комиссары Сохаил Ашрафтың айтуынша, өрт ауыздықталып, кемінде бір нәрестені аман алып қалу мүмкін болған.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф қаза тапқан сәбилердің отбасыларына көңіл айтып, оқиғаның себептерін шұғыл әрі жан-жақты тергеуді тапсырды.
"Мұндай жағдайда балалардан айырылу – орны толмас қаза", – делінген премьер-министр кеңсесінің мәлімдемесінде.
Полиция дерегінше, өрт салдарынан қаза тапқан нәрестелердің денелері қатты күйген. Осыған байланысты олардың жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіледі.
Сараптама аяқталғаннан кейін ғана сәбилердің денелері туыстарына беріледі. Бұған дейін ата-аналар балалардың денесін тезірек алуды талап еткен.
Пәкістанда ірі ғимараттардағы өрт оқиғалары ара-тұра тіркеліп тұрады. Мұндай жағдайларға өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы мен тиісті бақылаудың әлсіздігі себептердің бірі ретінде аталады.