Шахматшылар Абу-Дабидегі фестивальде күміс пен қола жүлде жеңіп алды

/
Шахматшылар Абу-Дабидегі фестивальде күміс пен қола жүлде жеңіп алды
Қазақстан шахмат федерациясы

Қазақстандық шахматшылар БАӘ-де өткен 32-ші Abu Dhabi International Chess Festival халықаралық шахмат фестивалінде екі медаль жеңіп алды. Ашық блиц-турнирде гроссмейстер Эдгар Мамедов күміс жүлдегер атанса, гроссмейстер Алдияр Ансат қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

16 жастағы Эдгар Мамедов мүмкін 11 ұпайдың 9,5-ін жинап, екінші орынды иеленді.

18 жастағы Алдияр Ансат 9 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Блиц-турнирдің жеңімпазы 10 ұпай жинаған халықаралық мастер Александр Усов болды.

Қазақстандықтар фестивальдің басты турнирі – Masters-те де сәтті өнер көрсетті. Оған 22 елден 109 спортшы қатысты, оның ішінде 17 гроссмейстер (GM), 32 халықаралық мастер (IM) және 5 әйелдер гроссмейстері (WGM) болды. Қазақстан өкілдерінің ішіндегі ең жақсы нәтижені халықаралық мастер Даниял Сапенов көрсетіп, алтыншы орынды алды.

Тоғыз тур қорытындысы бойынша 17 жастағы Даниял Сапенов 6,5 ұпай жинады – бұл екіншіден бесінші орынға дейінгі шахматшылармен бірдей. Қорытынды орындар қосымша көрсеткіштер бойынша бөлінді. Masters турнирінің жеңімпазы 7 ұпаймен Өзбекстан өкілі Жахонгир Вахидов атанды. Екінші орынды Даниил Дубов, үшінші орынды Александр Рахманов иеленді.

Ондыққа қазақстандық гроссмейстер Эдгар Мамедов та енді. Ол 6 ұпай жинап, 10-орынды алды. Алдияр Ансат та осындай ұпаймен турнирді 14-орында аяқтады.

32nd Abu Dhabi International Chess Festival БАӘ астанасы Абу-Дабиде 15–24 тамыз аралығында өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар