Жаңа Зеландия 16 жасқа толмаған жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шектеуді жоспарлап отыр

/
Жаңа Зеландия 16 жасқа толмаған жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шектеуді жоспарлап отыр

Жаңа Зеландия үкіметі 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектейтін заң жобасын парламентке ұсынды. Құжат технологиялық компанияларға қолданушылардың жасын тексеру міндетін жүктейді, деп хабарлайды turkystan.kz rnz.co.nz-ға сілтеме жасап.

Заң жобасы Instagram, TikTok, Snapchat, YouTube, X және Facebook секілді тәуекелі жоғары платформаларды қамтиды. Олар қолданушының аккаунттағы деректерін, цифрлық жеке куәлігін немесе бет-әлпетіне қарап жасын анықтайтын технологияларды қолдана алады. Талаптарды орындамаған компанияларға әлемдік табысының 10 пайызына дейін айыппұл салу көзделген. Қатаң шара ретінде платформаның ел аумағындағы жұмысын шектеу де қарастырылған.

Ал WhatsApp пен Discord сияқты мессенджерлерге, Roblox тәрізді онлайн ойындарға және ChatGPT пен Gemini секілді жұмыс пен білім алуға арналған жасанды интеллект сервистеріне шектеу қойылмайды. Дегенмен әлеуметтік қарым-қатынасқа құрылған ЖИ-серіктер заң аясында бақылауға алынуы мүмкін.

Жаңа ереженің орындалуын Ішкі істер департаменті құрамында құрылатын онлайн қауіпсіздік жөніндегі реттеуші орган қадағалайды. Балаларға, олардың ата-аналарына немесе қамқоршыларына ешқандай жаза қолданылмайды. Барлық жауапкершілік әлеуметтік желі иелеріне жүктелмек.

Білім министрі Эрика Стэнфордтың айтуынша, бастама балаларды кибербуллингтен, қудалаудан, зиянды контенттен, жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған материалдардан және қолданушыны желіге тәуелді ететін тетіктерден қорғауға бағытталған.

Алайда заң жобасының қабылданатыны әзірге белгісіз. ACT және New Zealand First партиялары бастаманы қолдамайтынын мәлімдеді. Премьер-министр Кристофер Лаксон құжаттың парламенттегі алғашқы оқылымы қазіргі шақырылым аяқталғанға дейін өтпеуі мүмкін екенін мойындады. Сондықтан мәселе елдегі алдағы сайлаудан кейін қайта қаралуы ықтимал. RNZ мәліметі, Reuters.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары