10 медаль және тарихи командалық алтын: қазақстандық дзюдошылардың әлем чемпионатындағы триумфы

/
10 медаль және тарихи командалық алтын: қазақстандық дзюдошылардың әлем чемпионатындағы триумфы
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Дзюдодан Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында алғаш рет жеңіске жетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Әлем біріншілігі Эквадордың Гуаякиль қаласында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Командалық чемпиондық атақ қазақстандық дзюдошылардың жекелей жарыстардағы рекордтық көрсеткішінің жалғасы болды. Спортшыларымыз үш алтын, үш күміс және төрт қола — барлығы 10 медаль жеңіп алды. Ұлдар командалық есепте бірінші, ал қыздар екінші орынға ие болды. Фатима Супығалиева жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді.

Бұл жетістіктер Туризм және спорт министрлігінің Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» клубымен бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесі болды. Париждегі Олимпиада ойындарынан кейін Министрлік құрама командаларды даярлау тәсілдерін жаңартуға кірісті. Отандық бапкерлер Эцио Гамбаның командасын қоса алғанда, жетекші шетелдік мамандармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ал жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамаларды даярлау үдерісі бірыңғай әдістеме аясында біріктірілуде.

«Біз біртұтас даярлық жүйесін қалыптастырып жатырмыз: жасөспірімдер — жастар — ұлттық құрама — Олимпиада ойындары. Спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде дайындықты қайта бастамауы тиіс. Ол бірыңғай талаптар, ғылыми сүйемелдеу және нақты даму траекториясы қамтылған ортақ модель аясында жұмысын жалғастырады. Командалық алтын мен жекелей жарыстардағы рекордтық он медаль — жаңа жүйенің тиімді жұмыс істеп жатқанының нақты дәлелі. Ендігі міндетіміз — осы тәжірибені басқа спорт түрлеріне кезең-кезеңімен енгізу», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Бірыңғай модель жаттығу үдерісін ғылыми тұрғыдан талдауды, функционалдық диагностиканы, жүктемелерді жеке жоспарлауды, спорттық медицинаны, қалпына келтіруді және әр спортшының даму динамикасын тұрақты бақылауды қамтиды. Бұл жұмыста құрама командаларды ғылыми және талдамалық сүйемелдеумен қамтамасыз ететін Ұлттық спорт университеті маңызды рөл атқаруы тиіс.

Осындай тәсілдер жетекші отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, семсерлесу, бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне жүйелі түрде енгізілуде. Дзюдодан Қазақстан құрамасының нәтижесі спорт резерві мен ұлттық командаларды даярлаудың жаңа жүйесінің тиімділігін айқын көрсетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары