Қазақстандық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

/
Қазақстандық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
uww.org

Қазақстандық еркін күрес шебері Бекасыл Асамбек (61 кг) жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында америкалық Аарон Джеймс Сейделюге 0:7 есебімен есе жіберіп, күміс медаль иеленді​​​​​​​, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бекасыл жарысты өте сенімді бастады. Ол қытайлық Анчао Луды, украиналық Артем Теснохузды және ресейлік Зелимхан Чаниевті бірдей 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

Жартылай финалда қазақстандық балуан жапониялық Ицуки Йонаширомен белдесіп, 3:1 есебімен басым түсті. Алайда финалда америкалық қарсыласына жол беріп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Сондай-ақ бүгін 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының өкілі Ұлдана Тілеухан қола медаль жеңіп алды. Ол үшінші орын үшін белдесуде украиналық Александра Рыбакты 4:2 есебімен жеңді.

Бұған дейін Қазақстан қоржынына Братиславадағы жарыстың алғашқы алтын медалін 67 келіге дейінгі салмақта грек-рим күресінің өкілі Қызыбек Қалмағамбетов салған еді.

Словакия астанасы Братиславада өтіп жатқан әлем біріншілігіне 700-ге жуық жас спортшы қатысып жатыр. Олар грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 медальді сарапқа салуда.

Қазақстан атынан жарысқа 30 спортшы қатысуда. Оның 20-сы – ерлер, 10-ы – қыздар.

Турнир 23 тамызда аяқталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары