"Жылап, әнге қосылды": Астанада такси жолаушысының эмоцияға толы видеосы тарады

/
"Жылап, әнге қосылды": Астанада такси жолаушысының эмоцияға толы видеосы тарады
видеодан скриншот

Астанада таксиге мінген жолаушының Нұржан Керменбаевтың әніне ерекше эмоциямен қосылып айтқан видеосы әлеуметтік желіде кең тарады. Бейнежазба 300 мыңға жуық қаралым жинаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengri Life жазуынша, оқиға кезінде жолаушы жүргізушіден Нұржан Керменбаевтың "Жаным, арманым" әнін қосуды сұраған. Кейін музыканың дауысын қаттырақ шығаруды өтініп, әннің қайырмасына қосылып шырқаған.

Бір сәтте жолаушы эмоцияға беріліп, жылап жіберген. Кейін ол межелі жеріне жетпей жатып көліктен түсіп қалған.

Видео желіге тарағаннан кейін қолданушылар түрлі пікір қалдырды. Бірі жолаушының әрекетіне әзілмен қараса, енді бірі оның эмоционалдық жағдайына алаңдаушылық білдірген. Кейбір желі қолданушылары видео алдын ала ұйымдастырылған болуы мүмкін деген болжам да айтқан.

Жүргізуші не деді?

Видеодағы такси жүргізушісі Оразбектің айтуынша, артқы орындықта отырған адам оның танысы болған. Ол такси жүргізушісінен өзін үйіне жеткізіп салуды сұраған.

"Артқы орындықта танысым отырған еді. Ол үйіне апарып тастауды өтінді. Сапар кезінде осы жағдай болды. Қызын сағынып, оны есіне алып, жылап жіберген сияқты", – деді Оразбек.

Жүргізушінің сөзінше, ол такси саласында сегіз жылдан астам уақыт жұмыс істейді.

Таксиде камера не үшін орнатылған?

Оразбек көлік ішіндегі бейнетіркегішті ең алдымен қауіпсіздік үшін қолданатынын айтты.

Оның сөзінше, бұрын Атырауда камерасыз жұмыс істеген кезде мас немесе дөрекі жолаушылармен жиі жағымсыз жағдай болған.

"Ең алдымен, бұл өз қауіпсіздігім үшін керек. Жолаушылар бейнетіркегішті көргенде, көп жағдайда өздерін әлдеқайда мәдениетті ұстайтынын байқадым. Бұрын Атырауда камерасыз жұмыс істегенімде, әдепсіз мінез көрсететін мас жолаушылар жиі кездесетін. Қазір мұндай жағдайлар азайды", – деді ол.

Такси жүргізушісі жұмыс барысында басқа да қиындықтар кездесетінін айтты. Кейбір клиенттер көлік шақыру нүктесін шлагбаумның ар жағына белгілеп қояды, жолақысын төлемеуге тырысады немесе жүргізушіге дөрекілік танытады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар