Шымкенттік "Ордабасы" футбол клубы Қазақстан кубогінің жартылай финалында өскемендік "Алтай" командасын жеңіп, турнирдің финалына жолдама алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарымта кездесу Өскемендегі "Восток" стадионында өтіп, қонақтардың 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
"Ордабасы" сапынан норвегиялық шабуылшы Бьорн Йонсен 11-минутта есеп ашты. Ал 28-минутта қазақстандық шабуылшы Жасұлан Әмір шымкенттік команданың екінші голын соқты.
Алаң иелері бір голмен жауап қайтара алды. "Алтай" сапындағы македониялық вингер Дарко Додев мергендігімен көзге түсті.
Осылайша, "Ордабасы" жартылай финалда "Алтайды" екінші рет жеңді. Командалар арасындағы алғашқы кездесуде шымкенттіктер өз алаңында 3:1 есебімен басым түскен еді.
Екі матчтың қорытындысы бойынша "Ордабасы" 5:2 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан кубогінің финалына шықты.
Енді шымкенттік клуб шешуші кездесуде "Жеңіс" пен "Қайсар" арасындағы жартылай финалдық жұптың жеңімпазымен кездеседі.