«Таза Қазақстан»: Астанадағы Есіл жағалауында профилактикалық рейд жүргізілді

/
«Таза Қазақстан»: Астанадағы Есіл жағалауында профилактикалық рейд жүргізілді
Астана әкімдігі

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Сарыарқа ауданындағы Есіл өзенінің жағалауында тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында профилактикалық рейд өткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, қала тұрғындарына қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін және қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қараудың маңызын түсіндіру.

Есіл жағалауы – елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Мұнда қала тұрғындары отбасымен серуендеп, спортпен шұғылданып, бос уақыттарын өткізеді. Сондықтан тазалық пен тәртіпті сақтау келушілердің жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Рейд барысында полиция және әкімдік қызметкерлері азаматтарға түсіндіру жүргізді. Тұрғындарға қоқысты белгіленбеген орындарға тастауға, қалалық мүлікке зиян келтіруге және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмейтіні түсіндірілді.

Жасөспірімдерге қатысты профилактикалық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінді. Полиция қызметкерлері оларға қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелері қарапайым әрі түсінікті тілде жазылған ақпараттық парақшалар таратты.

«Тазалық пен тәртіпті сақтау – мемлекеттік органдар мен тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Біз профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткіземіз, өйткені құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартумен қатар, қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Түсіндіру жұмысы арқылы тұрғындарға тәртіп сақтаудың, өзгелерді құрметтеудің және өз ауданының жағдайына жауапкершілікпен қараудың маңызын жеткізуге тырысамыз. Тұрғындарды абаттандыру ережелерін сақтауға, аулаларда, саябақтар мен көшелерде тазалықты сақтауға шақырамыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана ауданымызды баршаға жайлы, қауіпсіз әрі абаттандырылған ортаға айналдыра аламыз», – деді Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратының баспасөз хатшысы Балмира Исманкулова.

Әкімдік аппаратының мәліметінше, жыл басынан бері аудан аумағында абаттандыру ережелерінің бұзылуына қатысты 3,8 мыңға жуық факті анықталған. Олардың қатарында қоғамдық орындарды ластау, қоқыстарды рұқсат етілмеген орындарға тастау, қалалық инфрақұрылым элементтерін бүлдіру және басқа да заң бұзушылықтар бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық жұмысты балалар мен жасөспірімдер арасында жүргізудің маңызы зор. Себебі қоршаған орта мен қоғамдық кеңістіктерге жауапкершілікпен қарау мәдениеті бала кезден қалыптасады. Қоқысты жәшікке тастау, қалалық мүлікке ұқыпты қарау және тәртіп сақтау күнделікті өмірдегі қалыпты әдетке айналуы тиіс.

Мұндай іс-шараларды өткізу жаз мезгілінде ерекше өзекті. Өйткені бұл кезеңде жағалауға келушілер саны артады. Сарыарқа ауданындағы рейдтер мен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жалғаса береді.

«Таза Қазақстан» акциясы аумақтарды тазалаумен ғана шектелмейді. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың өздері тұратын әрі демалатын орындардың тазалығына деген жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар